Есілбай ауылының әкімі Жасұлан Әбелдиновтің айтуынша, спорт жанашыры Қисамиден Мақауұлының жүлдесіне арналған ашық турнир осымен қатарынан үшінші жыл ұйымдастырылуда. Биылғысы Павлодар облысының 80 жылдық және Шарбақты ауданының 90 жылдық мерейтойларына арналып отыр.

- Турнирдің мақсаты ауыл жастарын спортқа баулу, көрінбей жүрген жас таланттарға үлкен додаларға баруға мүмкіндік жасау. Әсіресе, белбеу күресі мен тоғызқұмалаққа көп көңіл бөлінуде. Кәсіпкер-дің осы еңбегіне орай біздің жас спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетіп, облыс және республика көлемінде ауылымыздың атын шығаруда. Атап айтар болсақ, белбеу күресінен Шымкент қаласында өткен республикалық турнирде ауылдасымыз Темірғалы Құдайбергенов жеңімпаз атанып, күзде Қазан қаласында болатын әлем чемпионатына жолдама алды. Сонымен қатар, Алдияр Айтмұхамбет және Аружан Рахманқұлова, Диана Омарханова, Аружан Манап есімді спортшыларымыз да жүлделі орындардан көрініп жүр, - дейді Жасұлан Зейноллаұлы.

Жарысқа Лебяжі, Баянауыл, Железин, Павлодар аудандарынан және Ақсу, Павлодар қалаларының жас палуандары мен тоғызқұмалақшылары келді. Ойын нәтижесінде, тоғызқұмалақтан Ақсу қаласының командасы бірінші, Лебяжі ауданың командасы екінші және Баянауыл ауданының оқушылары үшінші орын иеленді. Белбеу күресіне қатысқандар 23-63 келі аралығында 15 салмақ дәрежесі бойынша белдесті. Нәтижесінде Шарбақты ауданы орталығынан келген спортшылар бірінші орынды жеңіп алса, Есілбай және Галкин ауылдарының командалары екінші және үшінші орындарды еншіледі. Жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар мен медальдар және ақшалай сыйлықтар берілді.

- Шарбақты ауданының Есілбай ауылында болатын турнирдің тоғызқұмалақ сайысына жылда қатысамыз. Биыл 8-14 жас аралығында 16 бала әкеліп, командамыз жеңімпаз атанды. Осы жарысқа баруы-мызға мүмкіндік берген мектеп басшы-лығына және ата-аналарға алғысымыз шексіз, - дейді Ақсу қаласы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Гүлжан Сапарова.

Қисамиден Мақауұлы спорттық жарыстарға ғана емес, Есілбай ауылын көркейту бағытындағы жұмыстарға да үнемі демеушілік жасап келеді. Мысалы, былтыр кәсіпкердің бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен «Мектепке тағзым» акциясының аясында мектептің күрес залына жаңа төсеніштер алынған. Одан бұрынғы жылдары ауыл ішіне Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған монумент, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» стелласын салуға және Жеңіс күніне арналған «Бейбітшілік» саябағын ашуға қаражат бөліпті.

Тілеуберді САХАБА
Шарбақты ауданы.

saryarka-samaly.kz