Айта кетелік, өткен жылдың ақпан айында философия ғылымдарының докторы, профессор жерлесіміз Ғарифолла Есім және облыстың бір топ зиялы қауымы аталған мектепте қазақ әдебиетінің классигі, ойшыл, гуманист Шәкәрім Құдайбердіұлы-ның орталығын ашу қажеттігі туралы облыс әкімі Болат Бақауовқа өтініш білдіріп, хат жолдаған болатын.

Дес бергенде бұл өтініш аймақ басшысынан бірден қолдау тапты, қаражат бөлініп, білім ордасының бірінші қабатындағы кең әрі жарық бөлме жабдықталып, Шәкәрім атаның өмірі, шығармашылығы, ұрпақтары, шәкәрімтанушылар жайлы мәліметтер мен фотосуреттер жинақталды, ақын туған өңірдің картасы жасалды, портреті салынды.

Орталықтың ашылуына облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов, облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Сәуле Османова, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Арман Қани, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер Академиясының академигі Өсербай Шоранов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Баязитов, облыстың Құрметті азаматы Қабидолла Шәкәрімов, облыстық ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы Рәшит Бектеміров, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнуллина, Қазақстан халқы Ассамблеясы «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, Шәкәрім қажының ұрпақтары Мақсат Жаппарханов пен Құралай Уақбаева, ақын Балтабай Сыздықов, ардагер ұстаз Әстерхан Шойынбаева, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айта кетелік, Усолка шағын ауданының аумағында орналасқан №25 қазақ орта мектебінің пайдалануға берілгеніне 10 жылдың жүзі болды. Көпшіліктің қалауымен ашылған 800 орындық білім ордасында бүгінгі таңда 135 мұғалім, 1875 оқушы білім алуда. Жылдан-жылға керегесі кеңейіп келе жатқан мектептің табысы да мақтан етерліктей. Білім ордасы соңғы 5 жыл ішінде облыс көлемінде Ұлттық бір-ыңғай тестілеуден көшбастауда, сондай-ақ, жал-пы рейтинг бойынша да 5 жыл қатарынан «Үздік мектеп» атауын иеленіп келеді.

Салтанатты мектептің домбырашылар ансамблі күмбірлеген күймен ашты. Әсел Арынғазина басшылық етіп отырған мек-теп ұжымы орталықты әзірлеумен қатар,оқушыларға ақынның өмірі мен шығармашылығын да кеңінен насихаттап, үйреткен екен, салтанат барысында оқушылар, атап айтқанда - Шолпан Ахметжанова ақынның әйгілі «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әнін шырқаса, Шәкәрім атаның ұрпағы Арлан Хамит және Аида Тұрғымбаева, Жансая Қазыбекова, Айым Саримова, Данара Ғарифолла, т.б. Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. 9-сынып оқушылары Рахат Қуандық пен Дамира Түсіпбекова ақынның «Қалқаман-Мамыр» дастанынан үзінді көрсетті.

- Шәкәрім Құдайбердіұлының соңына қалдырған мұралары ұшан-теңіз. Ол –ақын, композитор, философ, қазақ халқының ірі ойшылы. Сондықтан білім ордасында осындай тарихи тұлға атындағы орталықтың ашылуы - үлкен қуаныш. Енді ғұламаның шығармашылығын жаңғыртып, мұраларын жас ұрпақтың танып-білуіне зор мүмкіндік жасалды. Осы мектепке Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру керек, - деді облыс ішкі саясат басқар-масының басшысы Ернұр Дәуенов.

Сондай-ақ салтанатта сөз сөйлеп, тілек білдірген Арман Қани, Айман Зейнуллина, т.б. мектеп ұжымын орталықтың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді, Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығына тоқталды, оның қазақ әдебиеті мен тарихына қосқан зор үлесі және ақын мұраларын насихаттау, даналығын өскелең ұрпаққа таныту мақсатында жыл сайын «Шәкәрім оқуларын» ұйымдастыру осы оқу орнынан бастау алу керектігін тілге тиек етті. Ақынның қиын тағдыры, кейін қуғынға ұшыраған ұрпақтары жайлы әңгімелеген Құралай Уақбаева Ахат Шәкәрімұлының «Қарт өлімі» атты әнін орындап берді. Суырып салма ақын, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері Қуаныш Шарманов арнау айтып, жиналғандардың ризашылығына бөленді.

Құралай Уақбаева мен Ернұр Дәуенов Шәкәрім орталығының тұсаукесер рәсімін жасады, шашу шашылды. Оқушылар ақын өмірі, шығармалары, Құнанбай әулетінің тағдыры, тарихи оқиғалар, шәкәрімтанушылардың еңбектері, т.б. таныстырды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Шәкәрім орталығы талапқа сай жабдықталып, эстетикалық талғаммен безендірілді. Бұл ретте осы шараның сәтімен іске асуына үлес қосқан Ернұр Дәуенов, ақын портретін салған Өсербай Шоранов, ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкілі және Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы, Құралай Уақбаева, кәсіпкер Асылбек Туғанбайұлы, Мақсат Жаппарханұлы, семейлік алаштанушы Тұрсын Шаңбай мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіндегі Шәкәрім ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ақмарал Смағұлованың еңбегін атап өткен жөн.

Облыс тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Сәуле Османова орталыққа қазақ және ағылшын тіліндегі интерактивті оқыту кешенін сыйлады.

- 2019 жылдан бастап іс-шаралар жоспарына «Шәкәрім оқуларын» облыстық деңгейде ұйымдастыруды енгіземіз, ақын шығармаларын насихаттауға үлес қосуды міндетімізге алып, осы мектепке Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру мәселесін де қарастыратын боламыз, - деді ол. Сондай-ақ «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова да ақ тілегін білдіріп, орталыққа сый-сыяпат жасады.

Орталықтың жетекшісі болып тағайын-далған, ғұламаның шығармашылығын жинақтауда еңбек сіңірген тәжірибелі, білікті ұстаз Жанна Дәрібаева мектепте «Шәкәрім сайтының» ашылғанын хабарлады.

Иә, тарих, философия, дінтану, психология, шығыстану, түркітану салаларындағы түрік, араб, орыс тілдеріндегі ғылыми еңбектерді ұзақ жылдар жалықпай оқып, қыруар мағлұмат жиған, энциклопедиялық білімі бар ғұлама Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ әдебиетінің екі ғасырлық жолын жалғастырушы алтын көпір, Абай ілімінің ізбасары болды. Оның мұралары өшпеуге, халық жадынан ұмытылмауы тиіс.

Мектепте ашылған «Шәкәрім орталығы» ғұламаның телегей мұрасын игеруге, өскелең ұрпаққа танытуға ұйытқы болса игі!

С.МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz