«Рухани жаңғыру» жобасының «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы бойынша жұмыс тобының мүшесі, облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің бас редакторы Нұрбол Жайықбаев қоғамдық сананы жаңғыртудың 6 бағыты жайлы кеңінен түсінік беріп, бәсекеге қабілетті болу, патриоттық тәрбие жайлы ойын ортаға салды.

Бұл жиналыстың халықаралық отбасы күнімен сәйкес келуі де тегін емес. Өйткені отбасы - қоғамның негізгі ұяшығы ретінде оның дамуы мен тұрақтылығын қалыптастырушы факторы, рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы екендігі анық. Әр отбасы мемлекетті нығайтатын, дамытатын қоғам мүшелерін тәрбиелеп шығаратын ұстахана десе де болады. Ендеше, жас ұрпақтың келешекте еліміздің мықты тұтқасы болуында мектеп, ата-ана, ұстаз үшбірлігі бұл бағыттағы жұмысты бірлесіп атқаруы, оң ықпал етуі биік нәтижеге жеткізетіндігі сөзсіз.

Жиналыс барысында мектеп әкімшілігі ата-аналар қауымын мемлекеттік білім беру саясатының бағыттары, орта білім беру жүйесінің жетістіктері туралы хабардар етті.

Күн тәртібіндегі «Жыл табысы» айдарында еліміздің білім беру жүйесінің жетістіктері қатарында білім мазмұны жаңартылған бағдарламаны іске асыру барысындағы мектеп жетістіктері де орын алды. Заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, атап айтсақ, жаңартылған қазақ тілі мен әдебиеті, информатика, робототехника, шахмат кабинеттері де оқушылардың жан-жақты білім алып, дамуына қолайлы жағдай туғызуда. Оңтайлы нәтижеге қол жеткізуде жоғары білімді, бірінші санатты мамандар потенциалы жеткілікті. Бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың әр деңгейдегі интеллектуалдық, шығармашылық сайыстарда оқушылармен қатар жүлделі орындарға қол жеткізулерін атап өткен жөн. Бұл ретте шағын орталық тәрбиешісі А.Сыздықова «Республикалық мектепке дейінгі білім беру педагог-новаторы» сайысының жүлдегері, география мұғалімі О.Бовина қалалық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, С.Шанашова қалалық пән олимпиадаларында көзге түссе, 7 мұғалім «Әдістемелік-дидак-тикалық құралдар» сайысының, «Заманауи сабақ-2018» интернет-фестивалінің, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген ғылыми-практикалық конференциялардың жүлдегерлері.

Осындай өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар дайындаған дарынды балалар қатары да жыл сайын артуда. Осы орайда, Нұрым Рақым, Ажар Қайырова, Дарын Бекмұхамбет, Азат Шүленов, Аяна Тайлақова, Малика Құсайынова, Әлия Қасен, Роман Новосельцевтер білім жолында биік белестерді бағындырып жүр. Осындай бәсекеге қабілетті жасөспірімдер елдің болашағын жасамақшы.

Мектеп пен ата-ана қауым-дастығының ынтымақтастығын нығайтудың бір жолы – қамқорлық кеңес қызметін үйлестіру. Аталмыш кеңес мектеп өмірінде маңызды шешімдер қабылдауда, білім алушылар құқықтарының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда сеп болмақшы. Оқу үрдісін цифрландыру, оқу жылын ұйымдасқан түрде аяқтау сынды сұрақтар ата-аналар тарапынан қызу талқыға түсті.

Жиналыс қорытындысында мектеп басшысы белсенді ата-аналарға алғыс білдіріп, бала тәрбиесінде күш біріктіруді жүктеді.

Өз тілшіміз.

saryarka-samaly.kz