- Павлодар волейбол мектебінің өзіндік дәстүрі бар. Спортшыларымыз үнемі жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Ел чемпионаттарында үздік үштіктен төмен түспей, мықтылықтарын дәлелдеуде. Бұдан павлодарлықтардың спорттың бұл түріне деген қызығушылығы жоғары екенін аңғаруға болады. Биыл күміс иеленген клубтар алдағы маусымда жүлделерін алтынға айналдырады деген сенімдемін, - деді Болат Жұмабекұлы.

«Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының президенті Арман Есенжолов та волейболшыларға ақ тілегін жеткізді. Аймақ намысын абыроймен қорғап жүрген қыз-жігіттер жас спортшыларға үлгі-өнеге екенін айтты.

Салтанатты шарадан кейін «Ертіс-Қазхром» және «Павлодар» волейбол клубтарының капитандары облыс әкімі Б.Бақауовқа естелік медаль сыйға тартты.

Естеріңізге сала кетейік, осы маусымда павлодарлық қос клуб та өскемендік «Алтайға» есе жіберді. Маусым қорытындысы бойынша «Ертіс-Қазхром» ойыншылары Радмила Береснева, Алла Богдашкина және Кристина Карапетян, «Павлодар» волейболшылары Борис Кемпа, Дмитрий Вовненко және Роман Фартов біріншіліктің үздік спортшыларының қатарына еніп, арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

Айтпақшы, қосалқы құрам ұжымдары арасында өткен ел біріншілігінде «Ертіс-Қазхром-2» командасы да күміспен күптелді. Команда ойыншысы Вероника Вилейко чемпионаттың үздік ойыншысы атанғанын да айта кетейік.

Облыс әкімі Б.Бақауов шара барысында «Спорт шебері» нормативін орындаған Виктор Ромашов пен Дамир Әубәкіровке, Виктор Маслов пен Антон Каратаевқа арнайы куәліктерді табыс етті.

Волейболшыларымыз қоржынға түскен қос күмісті келер жылы алтынға айналдырамыз деп уәде етті.

 

Фархат ӘМІРЕНОВ

 

saryarka-samaly.kz