Үкібай би жайында белгілі зерттеуші, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбек-терінде және қазақ заңының тарихы туралы зерттеулерде айтылады.

Елдің ішкі және сыртқы әлеуметтік-саяси жағдайларына белсене атсалысқан, сөзге тапқыр, от ауызды, орақ тілді шешен Үкібай би XIX ғасырдың бірінші жартысында Баянауыл сыртқы округінің негізін қалаушылардың бірі болған. Әйгілі Шоң мен Шорман билердің замандасы, олар биді қатты қадірлеген екен.

Үкібай Найзабекұлы 1794 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сабындыкөл маңында дүниеге келіп, 1859 жылы осы өңірде қайтыс болған. Болашақ би бала шағынан атасы Өтеудің әңгімелерін, ауыл ақсақалдарының ғибратты сөздерін зейін қойып тыңдап, көкейіне түйіп өскен екен. Ауыл молдасынан сауатын ашып, Құран Кәрімдегі аяттарды жақсы білген.

Қаржас пен Қанжығалы рулары арасында 1831 жылғы Ереймен қыраттары үшін үлкен дау шығып, талас кезінде жеті адам мерт болады. Әкімшілік билігіне арқа сүйеп, заң жүзінде екі тарапты бітімге келтіре алмаған орыс жағы бұл істі қазақтардың өзіне қарастыруға тапсырады. Билердің келісімі бойынша бұл даулы мәселені Үкібай шешкен екен.

Үкібай би 1833 жылы құрылған Баянауыл округінің құрамына кіретін Сатылған - Алтынторы болысының басшысы болған. 1839 жылы Батыс Сібір генерал-губернаторының жарлығы бойынша Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының Ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан болыстар ыдыратылып, басқа болыстарға таратылып берілді. Бұл іске Үкібай би араласып, Сатылған -Алтынторы болысын ыдыратпай, аман алып қалған екен.

Ел аузында Үкібай би жайлы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Бидің тапқырлығы мен сөзінің өткірлігін сипаттаған жағдайды жергiлiктi өлкетанушы Серiк Жақсыбаев былай деп жазады:

«1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай қажы салғызған мешiттiң ашылу рәсiмi болады да, оған жер-жерден игi жақсылар шақырылады. Бұл жиынға Баянауыл дуанынан Мұса Шорманов пен Үкiбай би де қатысады. Осы басқосуға жиналған жұрттың алдында мешiттiң есiгiн алдымен ашу құрметiне кiм ие болуы керек деген сұрақ туады.

Сонда Тобықты жағы: «Құнанбай әрi аға сұлтан, әрi өзi салдырған мешiтi, жол сол кiсiнiкi ғой», – дейдi. Ал Қаракесек жағы: «Ата қонысында бой көтерген Құдай үйi болғаннан кейiн, оның есiгiн алдымен ашып, жұртты намазға шақыру - Алшынбай бидiң жолы», – деседi. Осылайша екi ру адамдары таласқа түскенде, Үкiбай би топ алдына шығып: «Алланың қасиеттi үйiнiң есiгiн алғаш ашатын адамның тұла бойында ешқандай кемiстiк болмауы керек», – деп сыңар көздi Құнанбай мен шашы жоқ Алшынбайды елең қылмай, аят оқып, мешiттiң есiгiн өзi ашқан екен.

1831 жылы Қаржас пен Қанжығалы рулары арасында Ерейментау сілеміндегі қыраттар үшін болған таластан жанжал шығып, Қанжығалы руының 7 адамы қаза болады, - деп жазады Серік Жақсыбаев. Осыған байланысты мәселені қараған Омбы қаласындағы Батыс Сібір генерал-губернаторының әкімшілігі екі жақты мәмілеге келтіре алмай, бітімшілік жасауды қазақтың билеріне тапсырады. Сонда осы мәселені қарауға Қаржас жағынан Шорман мен Үкібай билер, Айдабол руынан Шоң би, Қанжығалы жағынан Абылай ханның немересі Нұрмағанбет және араағайынның міндетін атқарушы Керей руының биі Көшеннің Тұрлыбегі бастарын қосады. Алдымен сөз алған Тұрлыбек би: «Жер әуелі Құдайдікі, содан кейін пайғамбардікі, содан кейін хандыкі, содан кейін төренікі», – деп сөзінің арғы жағын жалғастыруды Нұрмағанбетке икемдей бастағанда, Үкібай би қамшымен сырмақты осып жіберіп: «Хан мен төрелер - кірме. Оларға жер қайда?! Жер әуелі Құдайдыкі, содан кейін қазақтыкі», - деп шорт кесіпті. Сонда Тұрлыбек би: «Пайғамбар ше?»- дейді. Бұл сұраққа Үкібай би: «Жаным мен иманым - пайғамбардікі. Оған сол да жетеді», – дейді. Сол мезетте Шоң би даулы мәселе жөнінде бітім айтуға сөзді Үкібай биге береді. Сонда ол: «Бұдан былай Қаржастар Өлеңті өзенінен әрі кетпесін, ал Қанжығалылар – бері өтпесін!», – деп өз үкімін айтыпты. Осы кезде Шорман би ыршып түседі де: «Үке, бұл не дегеніңіз?! Ерейменді Қанжығалыларға тегіс бере салғаныңыз. Ол жақта Қаржастардың жеті қыстау жері бар емес пе?» – дейді. Сонда Үкібай би: «Онда Қанжығалылардың жеті адамы жер астында жатыр ғой. Бір адамның құны 100 жылқы болғанда, олардың құны – 700-ақ жылқы. Ал бір айғырдың үйірінде 12-15-тен бие болса, Ерейменнің Қаржастарға тиесілі жеріне шамамен 700 үйір жылқы бағуға болатынын ескерген жөн», – деп Шорман биге тосқауыл қойыпты. Осыдан кейін Шоң би: «Үкібайдың бітімі – бітім!», – деп кеседі де: «Асылы, адам құнын малмен бағалау, әбестік. Адам деген - ардақты ат. Оған жетер құн жоқ», – деп түйін сөзін айтыпты (Бұл дерек ҚР Орталық мұрағатының 338-қорындағы 692-істің 708-бетінде жазылған).

Міне, осы секілді дау-дамайлы істерді тапқырлықпен ретін тауып, қара қылды қақ жарғандай етіп әділдік айтып, түйінін шешкен, даналық дипломатиясын жақсы білген Үкібай би өз заманында халықтың құрметіне бөленген тарихи тұлғаға айналған. Әлі күнге дейін есімі ел жадынан өшкен емес.

2015 жылы Үкібай бидің жерленген жерінде алтын күмбезді кесене соғылды.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz