Арманға қанат бітірген

Еліміздегі индустрияландыру саясаты аясында бой көтерген Қазақстан электролиз зауыты-ның алғашқы іргетасы қаланған сәттен бастап, әлемдік деңгейдегі алпауыт өндіріс орынына айналуы А.Ибрагимовтің жеке еңбегі екенін мойындау қажет. Бүгінде аталмыш зауыттың құрылысына қатысқан әрбір азамат осынау жобаның сәтті жүзеге асуын Алмаз Тұрдыметұлының есімімен тікелей байланыстырады. Ұжымдағылар «одан өзге басшы болса, индустриялық жобаның ел үшін маңызын жете түсініп, мақсатына жете алар ма еді?» деген күмәндарын айтады. Ол турашылдығы, еңбекқорлығымен ұштасқан кәсібилігінің арқасында зауыт металлургтері арасында үлкен құрметке ие болды.

А.Ибрагимов Павлодардағы алюминий зауытының басшысы қызметіне 1994 жылы тағайындалды. Ол кезде кеңес үкіметі тұсында дүркіреп тұрған өндіріс ошақтарының барлығы дерлік тоқырауға ұшырап, өндіріс көлемі күрт азайып, сауда нарығын жоғалтып жатқан еді. Келесі жылы кәсіпорын «Қазақстан алюминийі» АҚ болып қайта құрылды. Сол сәттен бастап отандық түсті металлургия саласының жаңа тынысы ашылды. Ал 1999 жылы кәсіпорыннан 1 миллионыншы тонна глинозем өндіріліп, шығарылды. Бұл еліміздің алюминий кластерінің қайта жанданғанының, кемел болашағының көрсеткіші еді. Ал Алмаз Тұрдыметұлы басшылық еткен алтыншы жылы зауыт ұжымы 1,5 миллионыншы тонна глинозем өндірді. Қысқа уақыттың ішінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізген А.Ибрагимовтің, зауыт металлургтерінің ерен еңбегіне, ерлігіне таңданбасқа шара жоқ.

Еліміз А.Ибрагимовтен тағы бір ерлікті күтті. Индустрияландыру тарихындағы маңызды беттердің бірі – жаңа заман талабына сай келетін электролиз зауытының құрылысы. Бұл жоба маңыздылығы, қолданылған инновациялық техно-логиялар бойынша теңдессіз болып табылады. Күн, түн демей, ауа райының қолайсыздығына қарамастан еткен еңбек, төккен тердің нәтижесінде кәсіпорын адам сенгісіз қысқа уақыттың ішінде іске қосылды.

- Маған жаңа өндіріс құрып, оны басқару туралы ұсыныс түскенде, алдымызда осыншалықты жауапты әрі қиын жұмыс тұрғанын күтпеген едім, - дейді А.Ибрагимов.

Қаншалықты қиын болса да, ол бұл мақсатты сәтімен орындады. Шебер басшылық қасиет-терінің арқасында құрылысықа жұмылдырылған жұмысшыларды, инженерлерді, жергілікті және шетелдік мердігерлерді, серіктестерін бір мақсат жолында біріктіре білді. Мыңдаған адамнан тұратын ұжым тәулік бойғы жұмысқа көшті. Солардың ішінде, зауыттың алғашқы кезегі іске қосылғанға дейінгі 27 ай бойына ең ұзақ жұмыс күні Алмаз Тұрдыметұлында болатын. Ол жұмыс алаңында талапшыл болды. Бірақ ешқашан шектен шықпайтын. Құрылыс алаңының әр бөлігіндегі жұмысты жете түсініп, барлық технологиялық үрдістерге қанық еді. Ортақ мақсат жолына жұмылдырылған әрбір құрылысшыны, маманды жеке таныды. Осының барлығы темірдей тәртіпті қалыптастырды. Әрбір кеткен кемшілік үшін қатаң талап етіп, әрбір жетістікке шын ниетпен қуанып, алғысын жеткізіп, көтермелеп отырды. Жобаны жүзеге асыруға ТМД елдерінен арнайы шақырылған алюминий өндірісінің үздік мамандарымен бірге инновациялық электролиз саласындағы технологиялық ерекшеліктерді терең меңгерді. Соның айқын дәлелі, республикалық минералды ресурстар академиясы кәсіби біліктіліктері әрі жетістіктері үшін А.Ибрагимовке Евней Бөкетов атындағы мәртебелі марапат та табыс етті.

Ол үшін жұмыс күні таң атар-атпастан басталатын еді. Алдымен, дәстүрлі түрде цехтарды аралайтын. Ал әдетте түннің бір уағында өтетін жоспарлауларда құрылыс жұмыстары барысында кеткен кемшіліктер мұқият талданатын. Алмаз Тұрдыметұлы өз қарамағындағыларды қашанда мінсіз жұмыс істеуге деген ұмтылысымен, тың идеяларымен, ауқымды бастамаларымен, батыл шешімдерімен таң қалдыратын. Ол үшін «мүмкін емес» деген түсінік жоқ. А.Ибрагимов ұжымды шын мәнінде бір отбасының адамдарындай біріктіре білді. Нәтижесінде зауыт құрылысы әрқайсысы үшін басты міндет, өмірлік ұстаным, намыстың көрсеткішіне және мақтанышқа айналды.

Еліміз бойынша жаңа ғасырдағы үздік жоба, Қазақстан электролиз зауытының құрылысы А.Ибрагимовтің енгізген заманауи менеджмент жүйесінің және өзінің шебер ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында сәтті жүзеге асты деп сеніммен айта аламыз. Оның бұл еңбегі еш кетпеді. Мемлекет экономикасына қосқан қомақты үлесі үшін зауыт президенті «Құрмет», «Отан» ордендерімен және 1-ші дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды. Бұдан бөлек «Қазақстанның құрметті металлургі» сияқты басқа да марапаттары бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оның еңбегін ерекше бағалады. Бір сөзінде Мемлекет басшысы: «Осынау маңызды, ауқымды құрылысқа барын салып, жан жүрегімен беріліп, жұмыс істегенінің арқасында Алмаз Тұрдыметұлы талай ұрпақ мақтан тұтатын алпауыт зауыт түріндегі ескерткіш тұрғызды», - деген болатын. Бұдан асқан қандай баға бар?!

А.Ибрагимовтің есімі еліміздің үздік топ-менеджерлердің бірі ретінде 2012 жылы жарық көрген Қазақстан, Ресей, Беларуссия, Украинаның «Үздік адамдары» атты халықаралық энциклопедиясына енді.

Заманауи зауыт құрылысы, қазақстандық алюминийдің алғашқы құймалары, лондондық металл бир-жасындағы табысымыз, «Еуропалық сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Үздік энергия үнемдеуші кәсіпорын», «Алтын сапа» - осының барлығы Алмаз Тұрдыметұлының еңбегі. Оның әлемдік металлургия саласындағы беделінің көрінісі.

Рухани кемелдік жолында

Қазақстан электролиз зауыты тек өндірістік көрсеткіштерімен ғана емес, қоғамдық маңызы бар жұмыстарымен де мақтана алады. А.Ибрагимов алпауыт кәсіпорынды аяққа тұрғызып қана қоймай, елінің шын жанашыры, ұлтжанды азамат екенін көрсете білді. Өндіріс ошағының жоғары әлеуметтік жауапкершілігінің арқасында зауыт қызметкерлері қызықты әрі қоғам үшін пайдалы істермен айналысу мүмкіндігіне ие. Оның жеке бастамасымен және қолдауымен электролиз зауытында «Майдан жолы» атты іздеу жасағы жұмыс істейді. Бұл жасақ жыл сайын халықаралық «Естелік вахтасы» шарасы аясында Ұлы Отан соғысында шейіт болған сарбаздарымыздың, хабар-ошарсыз кеткен батырларымыздың жерленген орындарын іздеп тауып, ескерткіш орнатып келеді. Атап айтсақ, халықаралық «Батырлар жолымен» жобасы аясында Қазақстан, Ресей, Украина елдерінің аумағында 23 ескерткіш орнатылды. «Майдан жолы» іздеу жасағы мүшелерінің бастамасымен қазақстандық батыр жерлестеріміздің есімі Ресейдің Псков облысының қалаларындағы бірқатар мектептер мен көшелерге, демалыс алаңдарына берілді.

2011 жылы Қазақстанның Бүкіләлемдік Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы аясында Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл мекенінде Алмаз Тұрдыметұлы мен Тасболат Абгужиновтің тікелей демеушілігімен философ, рухани ағартушы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұстазы Исабек ишан Хазіреттің бірегей кесенесі тұрғызылды. Құрылыс жұмыстарына Қазақстан электролиз зауытының мамандары да жұмылдырылды. Бүгінде осынау игілікті жұмысқа Ертіс-Баян өңірінің зиялылары, рухани өкілдері үлкен бағасын беруде. Әулиелі орынға зиярат етіп келген еліміздің өзге де аймақ тұрғындары алғыстарын білдіруде. Аталмыш кесене мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің киелі жерлері тізіміне қосылды.

Бұдан бөлек, А.Ибрагимов Павлодар, Екібастұз қалалары мен Баянауыл, Ақтоғай, Шарбақты аудандарында бірнеше мешіт пен шіркеудің құрылысына көмектесті. Оның қолдауының нәтижесінде бірнеше жерлесіміз қасиетті Меккеге қажылық сапарына барып қайтты. Осынау игілікті істерге Алмаз Тұрдыметұлы өз қалтасынан қаражат алып беріп отырды. Сондай-ақ, зауыт Качир ауданындағы 80 орындық балалар үйіне де үнемі қамқорлық көрсетеді.

Өз басшыларының бастамаларын зауыт қызметкерлері де ерекше ықыласпен қолдап келді. Мысалы, Павлодар қаласындағы қасиетті Михаил шіркеуінің құрылысына ұлтына, ұстаған дініне қарамастан, Қазақстан электролиз зауытының барлық жұмысшылары бір күндік жалақыларын беріп, қолдау көрсетті. Нәтижесінде 6,5 млн. теңге жиналған еді. Павлодар қаласында алғашқы ұстаз ескерткішіне де дәл осылай көмек көрсетті.

Өндіріс ошағында адами капиталға ерекше мән берілді. Қазақстан электролиз зауыты мен «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 3 мыңнан астам зейнеткеріне тұрақты түрде көмек көрсетілді. А.Ибрагимов көмек сұрап келгендердің ешқайсысына «жоқ» деп айтпайтын еді. Денсаулығына қатысты, отбасылық жеке мәселелерімен келген зауыт қызметкерлерінің барлығына қолдау көрсетті. Оның бастамасымен тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсету дәстүрі қолға алынды. Үш жыл қатарынан күз, қыс және көктемнің суық күндерінде тұрғылықты мекені жоқ 50-ден астам адамға күн сайын ыстық тамақ таратылып отырды. Оған кәсіпорынның президенті, вице-президенттері, басқарма және цех басшылары өздерінің жеке қаражаттарын жұмсады. Осы мақсатта қаланың оңтүстік бөлігінде тұрмыстың тауқыметін тартқан азаматтарға тамақ беруге арналған орындар жабдықталды.

Игілікті іске өзі ғана атсалысып қоймай, зауыт қызметкерлерін де жұмылдыра білгені - үлкен жетістік деп есептейміз. Өңіріміздегі екі бірдей жүйеқұраушы кәсіпорынға басшылық еткен 20 жыл ішінде «басқарудың Ибрагимовтік моделі» қалыптасқанын атап өткен жөн.

Бұл өндірістегі үздік техникалық прогресс пен жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің ұштасқан кезеңі еді. Бұл – А.Ибрагимовтің адамгершілік қасиеттерінің, еңбекқорлығының, ұлтжандылығының, шебер басқару-шылық қабілеттерінің нәтижесі. Оның өмір жолы бүгінде еліміздің әр өңірінде зауыт басқарып отырған жас басшыларға үлгі болары сөзсіз.

Жұмабек ҚАМЗИН, қоғам қайраткері.

saryarka-samaly.kz