Нарықтағы аспандап тұрған баға студенттерді сабаққа көп ден қоймай, жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Студенттердің ешқайсысы ресми түрде жұмысқа тіркелмейтіндіктен қандай да бір статистикалық мәлімет ұсыну қиын. Күндіз оқу оқитын жастардың көбі кешкілікте кафе, мейрамхана-ларда даяшы, коммерциялық орталық-тарда консультант, көшеде тұрып парақша тарататын промоутер секілді жұмыстар істейді.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Ерік Бердімұрат қосымша жұмыс істейді. Ол былай дейді:

- Мен - ауылдың баласымын. Қалада қатарластарыммен бірге пәтер жалдап тұрамын. Университеттің ақылы бөлімінде оқимын. Шыны керек, ауылдағы ата-анама ауыртпалық салғым келмейді. Жуырда қаладағы ауруханалардың біріне күзетші болып жұмысқа орналастым. Әзірге басқа амалым болмай тұр. Оқу үлгерімім жақсы. Десе де, жұмысым кейбір уақытта сабағыма кедергі келтіреді. Егер университет қабырғасынан тегін грант берілсе, жұмысымды бір күнде тастап кетер едім. Жұмыс істеп жүріп, оқуына көңіл бөле алмай жүрген замандастарым да бар - дейді ол.

Күнделікті нәпақа тауып, оқуда төбе көрсете бермейтін студенттерге оқу орындары қандай шара қолданады?

- Студент үшін бірінші орында оқуы тұруы керек. Кейбір балалар отбасындағы әлеуметтік жағдайдың төмендігіне байланысты қара жұмыс істеуге мәжбүр. Олардың көп жағдайда оқуға деген құлшынысы төмендейді. Сондықтан да оқу үлгерімі төмен студенттердің жұмыс істеуіне қарсымын. Колледждегі 1-ші, 2-ші курс студенттеріне қосымша табыс табуға рұқсат жоқ, - дейді Б.Ахметов атындағы Павлодар педагогикалық колледжінің директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлнар Махамбетова.

Расымен де, күнкөрістің қамы екен деп студенттің оқуынан алшақтауы жақсы әдет емес. Одан да өзінің болашақ мамандығына сәйкес қосымша жұмыс қарастырғаны абзал. Мәселен, ағылшын тілі мамандығында оқитын студенттер жұмыстан тыс уақытта аудармамен айналысса, болашақ бастауыш сынып мұғалімдері репититор болып қосымша табыс тапса, диплом алған сәтте студент жұмыс істеуге дайын маман болар еді.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz