Ямышев ауылында мыңнан астам үй бар. Жыл сайын елді мекенде жолдар жөнделіп, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Биыл ауылдың кіре берісіндегі негізгі көшелердің бірінде жол жөнделіп, асфальт төселіпті. Жұрттың ризашылығында шек жоқ. Тақтайдай жолмен көліктер тосылмай тік тартады.

Тұрғындардың айтуы бойынша, бұдан біраз жыл бұрын жаңбырлы күндерде көшеде жүру мүмкін емес еді. Көлік жүргізушісін былай қойғанда, жаяу жүргіншілерге де қиынға соғатын. Биыл көптен күткен армандары орындалды. Енді теп-тегіс жолмен жүреді. Ауыл халқы талап-тілектерін ескерген жандарға алғыс айтуда.

Ямышев ауылдық округі әкімінің бас маманы Диас Құрманәлиевтің мәлімдеуінше, аталмыш жолды жөндеуге жергілікті бюджеттен 16 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бас маман жол жұмыстарын атқаруға едәуір беделді әрі сенімді мердігерлер тартылғанын атап өтті. Жөндеу жұмыстары «Мираторг ПВ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тапсырылыпты.

- Жол – ауқымды әрі зор маңызға ие сала. Бүгінде Лебяжі ауданына қарасты ауылдарда көше жолдарын жөндеу қарқын алды. Көшелер кезең-кезеңімен жөнделуде. Бұл көшелерге тас жол салынып, жаңа жабын төселді, - дейді Д.Құрманәлиев.

Әкімдік өкілінің айтуынша, биыл ауданға қарасты Аққу-Қазы-Майқарағай, Аққу-Бесқарағай бағытындағы жолдарға күрделі жөндеу жүргізілмек.

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz