Екі күн бойы жүргізілген тексеріс шарасы барысында істен шыққан бірқатар спорт нысаны анықталып, қайта қалпына келтіру мәселесі көтерілді.

Мәселен, Катаев көшесі, 67 мекенжайында орналасқан жасанды хоккей кортының әбден тозығы жеткен. Ашық алаңның қоршаулары құлап, пайдалануға жарамсыз жағдайда тұр. Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөліміне қарасты «Ертіс» спорт клубы директорының орынбасары Маржан Қапанованың сөзіне қарағанда, сол маңайдағы үйдің тұрғындары бұл мәселені бұған дейін де көтеріп, хоккей алаңының орнына волейбол және баскетбол ойнайтын орындар салуды ұсынған.

- Біз шағын аудан тұрғындарымен кездесіп, осы мәселені талқыладық. Олар мұнда хоккей алаңының қажеті жоқ екенін айтты. Себебі оған ешкім келмейтіндіктен, қыс бойы бос тұрады. Сондықтан бұл жерді қайта қалпына келтіріп, баскетбол, волейбол және үлкен теннис ойнауға болатын әмбебап алаң салуға болады. Бұған шамамен 17-18 миллион теңгедей қаражат керек. Сонымен қатар, Ак.Шөкин көшесі, 87 мекенжайында орналасқан стрит воркаут алаңының жанында бос орын бар. Бұл жерге де дәл сондай алаң салуға болады. Ұсыныстарымызды жақында тиісті жерге жеткізіп, қаражат бөлу мәселесін көтереміз, - дейді Маржан Қадырбайқызы.

Қалалық дене тәрбиесі және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Күмісай Асайынованың сөзінше, қазіргі уақытта мекеме балансында 178 спорттық алаң мен нысандар бар. Олардың ішінде 64 нысан қанағаттанарлық күйде. 114 спорт алаңы жөндеуді, бөлшектеуді немесе жаңа спорттық ғимараттарға ауыстыруды талап етеді.

- Тексеру шаралары барысында иесіз тұрған 94 нысан анықталды. Болашақта оларды балансқа алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді немесе бұзып, орнына жаңа алаңдар орнатуды жоспарлаймыз, - дейді ол.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz