Биыл жаз бойы қала тұрғындары мен қонақтары елге танымал өнер жұлдыздары-ның концертін тегін тамашалай алатын болды. Бұл дәстүрдің шымылдығын халықтың еркесі атанған «МузАрт» ансамблінің жігіттері түрді. Олар жергілікті өнерсүйер қауымның назарына өз репертуарларындағы көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерді орындады.

Ертіс жағасында ән салған үштіктің серісі Сәкен Майғазиев павлодарлықтардың өнер-ді ерекше құрметтейтінін атап өтті.

- Өз басым жуырда ғана осы қаланың тұрғындарымен жүздесіп, ән кешімді өткізген едім. Осы екі кештен байқағаным, бұл жердің кәрі-жасы бірдей өнерді айрықша бағалайды, - деді ол.

Сонымен қатар, олар 1 маусым күні Гагарин саябағында ашылған этноауылда да болды. Өнер иелеріне облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев Ертіс өңірінің мақтанышы, этнограф, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шағын мүсіні мен аймақ басшысының атынан облыстың 80 жылдығына орай шығарылған кітапты сыйлады.

Алдағы уақытта «Ertis Рromenade» сахнасында ресейлік поп-орындаушысы Сати Казанова, молдавандық әнші Дан Балан мен қазақ эстрадасының жұлдыздары Меруерт Түсіпбаева, Ринат Малцагов, Роза Мұқатаева, Қайрат Нұртас және «Жігіттер» квартеті өнер көрсетеді.

Атап өтелік, орталықтағы бұл жобалар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асуда.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz