ТІЛШІ: Астанадағы «Фолиант» баспасы академик Қ.И.Сәтбаев туралы ҚР қауымына жақсы мәлім деректі эссе түрінде жазылған еңбегіңіздің қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі соңғы нұсқасын бір кітап етіп жарыққа шығарды. Сіздің сол туындыңыз халқымыздың дарабоз азаматы, қысқа ғұмырында білім-танымымен дүйім жұртқа жарқын үлгі болған ұлы перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қилы да қиын өмір жолын әспеттеген ғұмырнама еңбегіңіз сонау 1980 жылдан беріде әуелі орысша, бертінде қазақша жүз мыңдаған таралыммен жарияланды. Сол еңбегіңіз, міне, үш тілде, пішін-болмысы аса қомақты бір кітап болып, оған қоса әлем халқының сексен пайызы мойынсынған ағылшын тілінде де жарияланған. Бұл әдеби қауым өмірінде бұрын-соңды болмаған игі әрі ерекше жаңалық! Осыған орай айтар және бір жайт: Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы қолданысқа шығарған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына септігін тигізер игі шара бұл! Медеу аға, қазақша және орыс тілінде бірнеше мәрте жарияланған еңбегіңізді ағылшын тіліне аудартып және үшеуін екі силикат кірпіштей бір кітап етіп жариялау – кімді болсын ерекше сүйсіндіретін таңғажайып жаңалық! Қайырлы болсын, аға! Сол еңбегіңізді біз қашан көреміз?

Медеу СӘРСЕКЕ: Міне, кітаптың сүйінші данасы. Әрі дегенде бір аптада түрлі түсті тыстықпен көркемделген, 960 бет кітаптың 2000 данасы Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына әкелінеді. Одан әрі кітапханаларға таратылады. Тапсырыстан тысқары шығарылған 500 кітапты «Фолиант» баспасы дүкендер арқылы сатады. Оған менің қатысым жоқ, келісім солай.

ТІЛШІ: Ерекше әспеттелген әдемі де мол пішінді дүние! Әрине, бағасы да тұздық болар... Кім не десе де, Қаныш ағайдың аруағы Сізге риза, халық риза. Кімді болсын қуантатын, қолына тисе – «Бисмилла!» деп қонақ бөлмесінің төрінде қадірлеп ұстайтын кітап!. Жә, осы туындыны қашан дайындадыңыз, мұны жарыққа шығарушы кімдер?

Медеу СӘРСЕКЕ: Шынтуайтын айтқанда, осы басылым - қаперімде болмаған іс. Өйткені, 1980 жылдан беріде Сәтбаев ғұмырнамасын, «Қуғындалған Сәтбаев» немесе «Через тернии, воспоминания-эссе о путях-дорогах к Сатпаеву» деген атаулармен эсселер толғап, негізгі хикаяттың орысшасын 8 мәрте (екі рет мәскеулік «Молодая гвардия» баспасының ЖЗЛ топтамасында, өзгесін Қазақстан баспаларында), ал қазақша нұсқаларын 9 мәрте шығарып, солардың жалпы таралымы 328 мың дана болған-ды. Сол кітаптар дүкен сөрелерінде сұраусыз қалған жоқ. Рас, әрбір басылымын екшеп те, толықтырып та ұсындым, соған енді сыпыра ізденіспен өткізген 14 жылды қосыңыз. Қысқасы, бәрі де - жарты ғасырға созылған ауыр еңбектің нәтижесі. Иә, айтпақшы, әл-Фараби атындағы ҚазМУ ұжымының сұрауымен «Сәтбаев ұлағаты» – «Уроки Сәтбаева» деген атаумен екі тілде бірдей үрдіс дайындалып, тұсаукесері «ЭКСПО-17» көрмесінің үлкен залында өтіп, сол кітап үшін баспа ұжымы көрме бәйгесін иеленіп, ең ғажабы, кітаптың Астанаға апарылған даналары небары екі сағатта сатылып, көңілімді ерекше сүйсіндірген еді. Сол күні мен баспа қызметкерлерімен кездесіп, дастарқан жайғызып, рақмет айтып, ақырында: «Болды, бұл тақырыпты осымен тоқтаттым» дегенмін...

ТІЛШІ: Алайда, Медеу аға, сол сөзіңіз жаңсақ болды. Бір жыл да өткен жоқ, міне, мына кітапты жарық дүниеге келтірдіңіз. Енді осы жайтқа түсінік беріңіз...

Медеу СӘРСЕКЕ: Әлбетте, дарқан өмірде себепсіз ештеңе болмайды. Дәлелге тағы бір оқыс жайтты айтайын: «Сәтбаев» ғұмырнамасының қазақша нұсқасын бұрнағы жылы Мәдениет министрлігінің қаржысымен жарық көрген 8 томдық шығармалар жинағыма енгізгенмін. Сол кітаптарға «Сәтбаев ұлағатының» бірнешеуін қосып, Алматы мен Астанадағы геолог достарыма сыйлағанмын; сенесіз бе, сол үшін таңғажайып жағдайға тап болдым. Былтырғы тамыздың орта шенінде қалта телефоныма төтенше ақпар түсті. Жерлес інім, академик-геолог Серікбек Жүсіпбекұлы Дәукеев (2009 жылы ол Қанекең туралы ғұмырнама туындымның ерекше көркемделіп шығарылған, «Феномен» атты орысша нұсқасына демеуші болған) өзім сірә да күтпеген оқыс ұсыныс жолдапты: «Медеу аға, Қанекең тақырыбына қайтадан оралып, «Феноменді» ағылшын тіліне жедеғабыл аудартыңыз. Ұлт мақтанымыз біртуар Сәтбаевтың білім-танымын, жер сырына қанық геологтық көреген қабілетін әрі қандай алапат ғалым екенін ағылшын тілінде оқитын қауым, яки шетелдіктер де білетін болсын. Соған қажет қаржыны мен табайын. Оның сомасы қомақты болса – тіпті саспаңыз, ұлы Қаныш үшін бар беделімді салып, геологтар қауымын да осы іске қосамын!..» – деген.

Қысқасы, мардамсыған тыныш қалпым, бой күйттеген тірлігім шат-шәлекей бұзылды. Осы туындымның ана тілімдегі алғашқы нұсқасын жарыққа шығара алмай, 14 жыл ұдайы бейнет тартқаным, ақырында соны орысшаға аудартып, Мәскеуден шығаруда тартқан бейнетім мен зейнетім есіме түсіп, соны енді әлем халқы әуес ағылшын тілінде жариялау қаншалықты қажет... деген ой да еркімді тежеп, тілеуқор інілеріме жә деуге дәтім жетпеді. Оған қоса техникалық, өндірістік және ғылыми терминдері мол туындыны өзге тілге аудару да оңай емес, өйткені, өзім ол тілден мақұрым жанмын... Десем де, сол қарсаңда «Семей қасіреті» жанкүйер демеушімнің «Citrus Advertising» деген фирмада ағылшын тіліне аударылып жатқан-ды. Сол ұжыммен келісімшартқа отырарда соның алғашқы тарауын екі жерде (Қарағанды мен Астанада) тексерткемін, ал олар ағылшын тіліне жүйрік, қолдарынан сол тілдегі романдар түспейтін білімпаз жастар еді (біреуі – өзімнің немерем Іңкәр), екеуі де мәтінді орысшасымен салыстыра оқып: «Аташка, алаң болмаңыз, аударма өте жақсы. Соны біз әдеби кітаптар сияқты қызыға оқыдық...» – деген-ді.

ТІЛШІ: Сонымен полигон қасіреті туралы кітабыңыздың ағылшын тіліне аудармасын алматылық фирмаға бердіңіз.

Медеу СӘРСЕКЕ: Иә. Сол жұмыс сегіз ай жүріп, тамызда сәтті аяқталып, ағылшын тіліндегі қолжазбаны 2018 жылы Лондонда әлде Алматыда шығару мәселесі туындап, ақырында сол мәселенің шешімін осы әрекетке ой салып әрі демеуші болған жерлесімнің құзырына бердім. Бұл кітап та 2000 дана, көлемі суреттерімен 478 бет болды, осы айда жарыққа шығады (Оның жай-жапсарын, демеушімнің де есімін сол кезде айтамын). Әлқисса содан тамыз айы жылнамадан көшіп, қыркүйек туды. Сол қарсаңда Серікбек Жүсіпбекұлы тағы да байланысқа шығып, банкідегі есепшотымды сұрады. Амал қанша, тілегін орындадым. Келесі күні есепшотыма бір миллион теңге түсті. Оны жолдаушы – мен мүлдем танымайтын, естуімше, мұнай мен газ іздеуші ірі маман, «Алтын Прометей» сыйлығының иесі Есқожа Базар Баташұлы.

ТІЛШІ: Сірә, Қаныш ғұламаның шәкірті, әлде сол кісінің ұлтымызға сіңірген ұланғайыр еңбегін қадір тұтатын азамат... Сонымен аударма жасатуға бел байладыңыз...

Медеу СӘРСЕКЕ: Келіспеске амалым қалмады. «Сәтбаевтың» орыс тіліндегі соңғы мәтінін «Citrus Advertising» баспасына ұсынып, шарт жасасып, аудармашы сұраған қаржының қырық пайызын жолдадым (қалған сомасын жыл аяғына таман Серікбек інім төледі). Аударма мәтіні биылғы қаңтарда қолыма тиді. Ендігі міндет – аударманың сапасын тексерту. Бірер айдан соң сол жұмыс та аяқталып, «Аударма жақсы, ғұмырнаманың ағылшын тіліндегі нұсқасы тыңғылықты және әдеби оңды-мыс, көмекшілерімнің айтуынша, жеңіл оқылады-мыс...».

Сонымен үш тілдегі «Сәтбаев», мәтіннің оқырманға мәлім атауын сақтап, қазақша нұсқасы «ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫШЫ» (кітаптағы терімі түрлі түсті суреттерімен 361 бет болды), «Феномен» аталған орысшасы (312 бет.), ал ағылшын тіліндегі аудармасын «ТHE PHENOMENON» (282 бет) дедік. Сонымен 960 бет, алты түсті бояумен көркемделген супер тыстыққа ие, таралымы 2500 дана болған туынды алтыншы айда жарыққа шықты.

ТІЛШІ: Жә, сонда нақ осынау көркемдігі тамаша, салмағы мен пішіні де едәуір, қымбат фин қағазына басылған, супер мұқабасына Қаныш Имантайұлының маңғаз келбеті бейнеленген, қалыңдығы силикат кірпіштей кітаптың қыруар шығынын көтеріп, жарық дүниеге келуіне себепкер болғандар кімдер? Шынтуайтын айтқанда, бұл да қазіргі экономикалық қыспақ жан-жақтан буған уақытта оңай дүние емес...

Медеу СӘРСЕКЕ: Серікбек Жүсіпбекұлы екеуіміз бұл жайында да өзара ақылдасып, әр түрлі жобалар ойластырып, ақырында Қанекеңнің геологиялық қабілет-дарыны мен қайраткерлік қолтаңбасы айқын білініп, экономикасын қауырт көтерген өлкелер басшыларына барып, ұсыныс жасауға тоқтадық. Сол ойымыз ақырында нәтиже берді: Павлодар облысының әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауов пен ШҚО-ның әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов осы мәселемен мен қабылдауына барғанымда бірден келісіп, біз ұсынған игі іске қуаныш білдіріп, «халыққа бұл ерекше керек басылым, өйткені Қанекеңнің өмірі мен еңбегі - тәлім-тәрбиелік мақсат үшін әрқашанда асыл үлгі» десіп, өздері басқаратын облыс кітапханалары үшін бір мың данадан кітап аламыз десе, үшінші әкім «ойланайын, біз де қалыс қалмаспыз...» деген еді, ақырында мүлдем бас тартты. Тәубе дерлік жайт: мен хат жолдаған, иә телефон шалған бірнеше азамат игі ісімізге құптау білдіріп, «Үш тілде бірдей әспеттелген Қанекең туралы кітапты оқуға, кеудемізге басып қызықтауға, бала-шағамызға үлгі етіп төрімізде құрметтеп ұстауға асықпыз!..» деген-ді өзім былтыр ат басын бұрып, қонақ болған Ұлытаудағы Сәтбаев және Жезқазған қалаларының, Қарсақпай мен Жезді кентінің байырғы тұрғындары.

ТІЛШІ: Бәрекелді, ағай! Шынында да ойыңызды шырқау биікке көтеретін игі сөздер...

Медеу СӘРСЕКЕ: Сондықтан да мен «Фолиант» баспасының қожайыны Нұрлан Исабекұлына «Үшінші мың данаға тәуекел ет!..» дедім, ал ол 500 данаға келісті.

ТІЛШІ: Әрине, өсіре түсу керек еді.

Медеу СӘРСЕКЕ: Сен бұл жерде бұрынғы кітапқұмар оқырман қазірде мүлдем азайғанын ескермей айтып отырсың. Осы күнгі жұрт кітап оқымайды, интернетті ашады, қалта телефоны деген пәлекет шықты. Көбіне күн сайын қаулаған өсек-аяңды оқуды қанағат етеді. Ең шатағы, жастарды білім бұлағына сусындатушы мұғалімдер, университеттер оқытушылары алдындағы шәкірттерінен Әуезовтің, Есенберлиннің қандай шығармасын оқыдың демейді. Нәтижесінде қазіргі қауым кітап оқуға аса құмар емес. Амал қанша, XXI ғасырда біз осындай күпірлікке тап болдық. Мысалы, біздің Семейде небары бір ғана, «Атамұра» холдингі ашқан кітап дүкені бар, Өскеменде де сондай жағдаят. Солардың сөрелерінде тізіліп тұрғандар – кілең әдеби кітаптар. Ал соларды алушылар – бірен-саран ғана...

ТІЛШІ: Жарайды, ағасы. Геологтар қауымы бастаушы болып, сіз соларды қостап, халыққа танымал еңбегіңізді үш тілде шығарып, игі іс бастаған екенсіз. Қайырлы болсын! Қаныш ағамыз – ұлтымыздың білім мен ғылым қайнары тұл бойына шектеусіз дарыған көшбасшы ғұлама перезентіміз. Сол ұлыны сіз, міне, елу жылдан астам уақыт қажымай, талмай ұлықтап келесіз. Сірә, әлі де сөйтесіз. Қаламыңыз мұқалмасын, сол үшін де Сізге қажымаған қуат пен сәтті шабыт тілеймін!..

Әңгімелескен - Ерзат ЖАНАТҰЛЫ, Семей қаласы.

saryarka-samaly.kz