Халықаралық ірі жобаны Астана қаласының 20 жылдығына орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыруда. Фестиваль осы жылдың 15 маусымы мен 3 шілдесі аралығында өтеді.

- Шараның басты мақсаты - ел арасындағы жас таланттарды анықтау. Оларға қолдау көрсету. Халықаралық фестивальге қатысушы үміткерлерді таңдау мақсатында біз аймақтағы барлық аудандар мен қалаларда өнерлі жастар арасында іріктеу кезеңін өткіздік. 150-ге тарта үміткердің ішінен көзге түскен 34 жасөспірім өңір намысын қорғайтын болады, - дейді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков.

Алыс-жақын шетелдер мен еліміздің барлық облыстарынан 11-16 жас аралығындағы балғындар қатысатын фестиваль 8 номинация бойынша өткізіледі. Павлодарлық өнерпаздардың қатарында 11 жеке орындаушы және 1 би ансамблі бар. Лебяжі ауданына қарасты Қызылқоғам ауылындағы Сатыбалдин атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы Бекарыс Нұрбекұлы фестивальде «Көркемсөз оқу» номинациясы бойынша бақ сынамақ. Ол Махамбет Өтемісұлы, Мағжан Жұмабаев секілді қазақ әдебиеті классиктерінің рухты жырларын оқиды.

Жобаға қатысушылар табиғаты көркем мекенді аралап демалады, әрі өнерлерін көрсетіп, тәжірибе жинақтамақ. Қазақы дәстүр бойынша өңір намысын қорғауға жолға шыққан өрендерге үлкендер ақ батасын беріп, шығарып салды.

Алпысбай ХОНЖ

saryarka-samaly.kz