Депутаттардың мамандар тап-шылығы жөніндегі сұрағына жауап берген облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Жасқайрат Қайыров мамандар жетіспеушілігі мәселесі әлі де өткір күйінде екенін жасырмады. Кадр тапшылығы, әсіресе, Павлодар қаласында сезіліп отыр. Мұнда 98 қызметкер қажет. Екібастұз қаласы аумағында елу шақты полиция қызметкерінің орны бос. Аудандар арасында Шарбақтыға – 3, Качир ауданына 4 учаскелік полицей керек екен. Қалған аудандардың әрқайсысына бір-бірден маман баруы тиіс.

Ж.Қайыровтың пікірінше, мамандар тапшылығының орын алуына құқық қорғау қызметкерлерін тұрғын үймен қамту ісінің әлсіздігі әсер етіп отыр. Аймағымызда 130 учаскелік инспектор ауылдарға қызмет етеді. Олардың 112-сі өздерінің қарамағындағы аумақта тұрады. Солардың тек 63-інде ғана жеке баспанасы бар. Сондықтан аудан-қала әкімдерінен осы мәселені шешуге атсалысуларын сұрады.

Жалпы, атқарылған жұмыстарды баяндаған Жасқайрат Қайыров соңғы жылдары қылмыс көлемінің біршама кемігенін мәлім етті. Бүгінде қылмыстың 1,7 пайызға төмендегені тіркелген. Әрі төмендеу тұрақты болып отырғаны қуантады, дейді маман. Айтуынша, қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шаралар көшелерде орын алатын кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл, ұрлық, тонау деректерінің төмендеуіне септігін тигізген. Облыста 10 мың адамға шаққанда құқықбұзушылықтың дең-гейі 149 болып отыр, республикалық көрсеткіш - 161. Жол-көлік оқиға-ларының саны 6,8 пайызға азайып, жарақаттанғандар қатары да 8,8 пайызға сирепті. Қылмыстардың бетін ашуға, қылмыскердің ізін кесуге қолғабыс жасаған азаматтарға департамент тарапынан ынталандыру шаралары жалғасын табуда. Биыл 106 көмекшіге 2 млн. теңгеден астам сомаға сыйақы берілген.

Полиция өкілі мал ұрлығын тыюға бағытталған іс-шаралардың да нәтиже бере бастағанын айтты. Мәселен, биыл 41 қара мал ұрлау қылмысы тіркелген. Оның 19-ы қорадан қолды болыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға төмен. Осы ретте, Жасқайрат Қайыров төрт түлікті сырғалау, арнайы чиптер орнату жұмыстарының қылмыстың алдын алуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Десе де, полицейлер малдың терісінің астына орнатылатын чиптерді тексеретін сканердің жоқтығын алға тартты. Айтуынша, тасымалданатын төрт түлікті жолда тексеру мүмкіндіктері жоқ. Яғни, ол малдың ұрланған-ұрланбағанын білу үшін мұндай жабдық аса қажет. Ал департамент өз қаражатына сатып алуға заңнама рұқсат етпейді. Сондықтан облыс билігінен қолға-быс жасауды сұрады. Облысымызда мұндай құрылғы республикалық жолдардың тоғыз бағытында болуы тиіс. Себебі қазіргі таңда тасымалданып бара жатқан төрт түлікті полиция бөлімшесіне апарып, тексеруге мәжбүр. Бұл тұрғындарға да, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де қолайсыздық тудырады. Жабдықтың біреуінің құны 90 мың теңге шамасында. Облыс әкімі Болат Бақауов мәселені облыстың бас ветеринарлық дәрі-геріне бақылауға алуды тапсырды. Яғни, ветеринария басқармасы сатып алып, оны ішкі істер департа-менті балансына өткізу жолдарын қарастыруы тиіс.

Депутаттар полиция өкіліне сұрақтарын қойып, бірқатар мәселелерді назарға алуды ұсынды. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Айман Оспанова подъездерде орнатылған бейнебақылау камераларының тиімділігін сұрады. Ж.Қайыров бұл құрылғылардың көмегімен қылмыскерлерді ұстау деректері барын айтты. Ал депутат Қайрат Әбішев салынып жатқан жолдарды сақтау мақсатында ауыр жүк көліктерімен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды білгісі келді. Жергілікті полция бастығы тексерістер жиі жүргізілетінін айтты. Биыл мұндай 56 дерек көлік бақылау инспекциясына жөнелтілген.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz