Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Павлодар облысындағы өкілдігі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына шағын несие беруді бастады. Биыл аймағымыз бойынша аталған бағдарламаның шарапатын алғашқы болып көргендердің қатарында Лебяжі ауданындағы «Жұлдыз» фермерлік шаруашылығының басшысы Қуанышбек Түсіпов бар. Біраз жыл мектепте мұғалім болып істеген ол әке жолын қуып, ауыл шаруашылығымен айналысуды жөн санайды. Қажырлы еңбегінің арқасында қорасындағы мал басын 60-тан асырған. Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмауға бекінеді. «Бастау-бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған. Тиісті құжаттар жинап, облысымыздағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тапсырыпты. Нәтижесі көп күттірген жоқ. Аталған қормен несие алу туралы келісімшартқа қол қойыпты. Бүгінде кәсіпкердің шотына несиелік қаржы аударылған.

- Екі айға жетер-жетпес уақытта қажетті қаражатқа қол жеткіздім. Несие көлемі – 4 млн. теңге. Бұл қаражатқа тағы жиырмаға жуық мал сатып алуды жоспарлап отырмын. Атап өтерлігі, несиенің жылдық үстеме пайызы - небары 6 пайыз. Мерзімі – 7 жылға дейін. Онымен қоса, алғашқы бір жыл көлемінде төлем бойынша «үзіліс» береді. Яғни, несиені екінші жылдан қайтара бастаймын. Оған дейін бұқаларды өсіріп, сатып, пайда көруге болады. Жақын болашақта тағы бір несие алып, етті бағыттағы шетелдік мал сатып алуды жоспарлаудамын, - дейді Қ.Түсіпов.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қамқорлығына ірі шаруа қожалықтары да бөленіп отыр. «Атамұра-Павлодар» ЖШС «Ырыс» мемлекеттік бағдарламасы аясында 82 млн. теңге шамасында жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Нәтижесінде, қосымша 100 бас ірі қара, қажетті ауыл шаруашылығы техникасы мен шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде мұнда симменталь тұқымдас және қазақтың ақбас сиырлары өсірілуде. Бұдан бөлек, қой, жылқы да ұстайды. Жалпы, серіктестіктің иелігінде 500 шамасында ірі қара және 120 жылқы бар.

Бұған дейін «Атамұра-Павлодар» ЖШС етті бағыттағы малдарды өсіріп келген болатын. Мемлекет қолдауының нәтижесінде тауарлы сүт фермасын да дамытып отыр. Алдағы уақытта серіктестік басшылығы сүтті қайта өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Сол арқылы дайын өнім шығаруды қолға алмақ.

- Жаңа өндіріске қажетті қара-жатты да Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы алуды жоспарлап отырмыз. Себебі мұнда несиенің талаптары өте тиімді, - дейді «Атамұра-Павлодар» ЖШС басшысы Асқар Бимағанов.

Әзірге, аталған кәсіпорынға жаңа бастамаларды жедел, табысты жүзеге асыруға кадр тапшылығы мәселесі кедергі болып отырған көрінеді.

- Кезінде үлкендер «Дұрыс білім алмасаң, ауылда мал бағып қаласың» деп қорқытатын. Сондай тәрбиенің әсері болса керек, қазір салаға қажетті мамандарды табу қиын. Бірақ заман өзгерді ғой. Бүгінде, керісінше, ауыл шаруашылығы саласының дәурені жүріп тұр. Мемлекет тарапынан көп қолдау көрсетілуде. Осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдалану қажет деп есептеймін, - дейді кәсіпкер.

Атап өтерлігі, серіктестік аумағында жұмысшыларға арнап бірнеше үй салынған. Малшы, бақташы, сауыншылардың жала-қысы қомақты. Онымен қоса, кәсіпорында сиыр сауу сияқты өзге де күнделікті жұмыстардың басым бөлігі автоматтандырылған.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Павлодар облыстық филиалының директоры Сайра Ықыласованың айтуынша, елді мекендерде кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлінуде.

- Несиелік қаржының арқасында кеше жұмыссыз жүрген немесе өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген ауыл тұрғындары жеке бизнес ашу мүмкіндігіне ие болуда. Бүгінде мал шаруашылығын дамытуға ниетті азаматтардың қатары қалың. Биыл облыс тұрғындарына 1,6 млрд. теңге көлемінде қаржы беріледі. Оның ішінде, 700 млн. теңге көлеміндегі қаражат Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы аясында үйлестірілмек, - дейді С.Ықыласова.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz