Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев жергілікті кәсіпкерлермен кездесу барысында осы және өзге де ұсыныстарды ортаға салды. Оның айтуынша, кейбір облыстарда жергілікті кәсіпкерлердің жоспары мен бизнесті дамытудың облыстық жол картасындағы көрсеткіштерде сәйкессіздік бар. Сондықтан, әр өңірдегі халықтың, жергілікті нарықтың сұранысын саралай отырып, аймақтық даму картасын әзірлеу қажет.

- Біз Үкіметке арнайы скрининг жасауды ұсындық. Бұл облыстың кәсіпкерлікті дамытудағы әлеуетін, кәсіпкерлер жолында жиі кездесетін кедергілерді анықтауға мүмкіндік береді. Оның қорытындысы бойынша аймақтық даму картасы дайындалады. Сол арқылы алдағы уақытта жүзеге асатын бизнес-жобалар, оларды қаржыландыру тетіктері қарастырылады. Павлодар облысы өндірістік өңір болғанымен, мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға да жақсы жағдай жасалған. Сондықтан осы бағытта болашағы зор, ауқымды бизнес-жобалар ұсынылса, құба-құп. Біз өз кезегімізде кәсіпкердің ойы жүзеге асуы үшін жан-жақты қолдау көрсетуге әзірміз, – деді Т.Құлыбаев.

Айта кетелік, биыл құрылғанына 5 жыл болатын «Атамекен» ҰКП осы уақытқа дейін бизнесмендердің құқығын қорғап, тұрғындарға кәсіп бастауды, жүргізуді үйретуде айтарлықтай жұмыс атқарды. Мәселен, 2013-2017 жылдарда бизнесті қорғау жолында 23 мыңнан астам өтініш түсіп, олардың 40 пайызы оң шешімін тапқан. Соның нәтижесінде кәсіпкерлердің меншік құқығы 111 млрд. теңгеден астам сомада қорғалды.

«Атамекен» 22 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт пен заң жобаларына сараптама жүргізді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескерту-лері мен ұсыныстарының шамамен 73 пайызы мемлекеттік органдар тарапынан ескерілді. Мысалы, Ұлттық палатаның белсенді қатысуымен жаңа Салық кодексі әзірленді. Бұл құжатта шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимдері және қосымша құн салығының шектік мәні сақталды, әкімшіліктендіру айтарлықтай жеңілдетілді, - деді Т.Құлыбаев.

Өз кезегінде облыс әкімі Болат Бақауов аймақта атқарылып жатқан кәсіпкерлерді қолдау шараларына тоқталды.

- Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 кәсіпкерге жалпы сомасы 2,7 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл қаржылай жүктемені азайтып, өндірісті жаңғыртуға, өндірілген өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысандарына 2,1 млрд. теңгеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 1 млрд. 300 млн. теңгеге 200 несие берілді. Осы орайда «Бизнес бастау» жобасының маңызы зор екенін атап өту керек. Біздің облыста осы уақытқа дейін аталмыш жоба аясында 530 млн. теңгеге 146 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында мал шаруашылығы, металл өңдеу, жиһаз жасау және былғары бұйымдарды дамытуға бағытталған жоба көп. Мемлекет басшысының төртінші бастамасы - шағын несиелендіру де кәсіпкерліктің кең өріс алуына айтарлықтай септігін тигізді. Қосымша қаржыландыру нәтижесінде бизнес бастау үшін несие алушылар саны 230 адамнан 380 адамға дейін артады, – деді Б.Бақауов.

Ал Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Байсейітов мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жұмыстарын тілге тиек етті. Қазіргі таңда бұл бағытта жалпы сомасы 32,1 млрд. теңгені құрайтын 64 жобаның тізімі әзірленген. Ал 5,5 млрд. теңге сомасында 11 жоба бойынша шарттар жасалған.

Атқарылған жұмыстарды саралаған Тимур Құлыбаев кәсіпкерлікті ашып, дамытуға ғана емес, оның қыр-сырын мектеп оқушылары мен студенттерге үйретуге де ден қою керектігін жеткізді.

- Келесі жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектепте «Кәсіпкерлік және оның негіздері» пәні оқытыла бастайды. Студенттер де бизнес жүргізудің тетіктерін меңгереді. Егер олардың қатарында пайдалы әрі қызықты бизнес-жоспар ұсынған жастар табылса, кейін жобаларын қаржыландыруға болады, - деді Т.Құлыбаев.

Жиын барысында жергілікті кәсіп-керлер көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. «Казэнергокабель» акционерлік қоғамының басшысы Олег Крук тендер бойынша төлемақыны аудару уақытының 60 күн болуы тым ұзақ екенін алға тартты. Сондықтан оны 30 күнге дейін қысқартудың тетіктерін қарастыруды сұрады. Тағы бір топ кәсіпкер шағын және орта бизнеске берілген несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидия-лауға қаражаттың жоқтығын айтты. «Атамекен» ҰКП басқарма төраға-сының орынбасары Олжас Қаржауов бұл мәселе бизнестің дамуына айтарлықтай кедергі келтірмеуі үшін жергілікті биліктің қолдауына жүгінуге тура келетінін білдірді.

- 2018 жылы республика бойынша субсидиялауға 16,2 млрд. теңге бөлінді. Кәсіпкерлердің өтініштерін толық қанағаттандыру үшін тағы 12 млрд. теңге қажет. Біз ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тиісті өтінішті жолдадық, бірақ ол әзірше мақұлданған жоқ. Келесі айда осы мәселеге қатысты нақты шешім қабылдануы тиіс. Бұл ретте бес облыс субсидия төлеу үшін жергілікті бюджеттен 2,9 млрд. теңге қарастырғанын атап өту керек. Павлодар облысы да осындай қолдау білдірсе, жақсы болар еді, - деді Олжас Қаржауов.

Аймақ басшысы аудан-қала әкімдері мен жергілікті кәсіпкерлер палатасының өкілдері бұл бағытта тыңғылықты жұмыс жүргізіп жатқанын, арнайы топ та құрылғанын атап өтті.

Сонымен қатар, өңірлік Кәсіп-керлер палатасында мемлекеттің қолдауы арқылы ашылған жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz