Шырша - кірпияз ағаш

Жұмат Шанин ауылы - Баянауылдың оңтүстік шығысына қарай шеткері орналасқан ауыл. Осы елді мекенде «Далба» орман бөлімшесінің орталығы орын тепкен. Бір қызығы, мұндағы орман-тоғайлардың тоқсан пайызы таласа біткен қайың мен терек ағаштарынан тұрады. Баянауыл мен Ақсан ауылдарындағы айрықша қорғалатын жердегідей емес, мұнда шырша сирек өседі. Ауыл іргесіндегі «Бекарыс» деп аталатын жерде ұлттық паркке қарайтын аумақ бар. Жері әсем төңіректе 2004 жылдан бастап жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлерінің күшімен шырша отырғызыла бастаған еді. Жалпы саны 18 гектар аумаққа егілген қылқан жапырақтылар бүгінде өсіп-өніп, биіктігі 4-5 метрге жуықтап қалған. Саялы жасыл жамылғы алыстан менмұндалап, көрген жанды сүйсінтеді.

- Шырша ағашы жас кезінде өте кірпияз. Жылына көп дегенде 40-50 сантиметрге дейін өседі. Алғашқы бес жыл ол үшін қауіп-қатер кезеңі болып есептеледі. Сәл бір нәрсе жақпаса немесе дәрумен жетіспесе, өсуін кілт тоқтатады. Негізі өнімділік көрсеткіші 50 пайыздан асса, біздің өңір үшін өте жақсы көрсеткіш. Қуанышымызға орай, біз отырғызған қылқан жапырақтылардың 90 пайызы өсіп, өніп кетті. Мұндай жағымды көрсеткіш Баянауыл аумағында тіркелмеген екен. Бұл алқапты көргенде парктің мамандары таңданыстарын жасыра алмай кетеді, - деп әңгімеледі «Далба» орман бөлімшесінің басшысы Еламан Кендіров. - Алғашқы жылы жазда талдарды ыстықта кеуіп қалудан сақтау үшін ауылдан бөшкелеп су тасып, қолмен суардық. Ала жаздай арамшөбін жұлып, топырағын қопсытып, гүл секілді аялап, баптадық. Есесіне еңбегіміз зая кетпеді. Бүгінде жасаған ісіміздің нәтижесін көрген сайын орманшы болудың аса мәртебелі мамандық екенін ұғына түсінеміз. Бұл біздің жауапкершілігімізді еселеп, орман қорғау ісіндегі шаруаларымызға бағыт нұсқайды. Әлі де шырша алқаптарын кеңейтіп, қолдан жаңадан сұрыпталған қылқан жапырақтыларды отырғызу жоспарда бар.

Қарағаш отырғызу ұмытылды

«Далбаға» бүгінде Күркелі мен Жаңатілек ауылдық округтерінің жерлері қарайды. Қорғауға алынған жалпы аумағы 26 355 гектар жердің он-он екі пайыздайы - орман жамылғылары. Мекемеде 21 орман инспекторы қызмет етеді. Көбі - ұзақ жылдар осы салада жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Мәселен, Мұрат Камалиев 1983 жылдан өсімдік қорғау саласында еңбектенуде. Айтуынша, жас шыршалардың жауы көп. Жазда тосыннан тұтанатын өртті айтпағанның өзінде, қыста қалың жауған қар оған орасан зиян әкелетін көрінеді. Қысы-жазы жасыл киімін тастамайтын шыршаны ақ ұлпа басып, бұтақтарын сындырады. Қалың қар тіпті әлсіз ағаштарды ортан белінен опырып түсіреді. Сондықтан оған қыста да аса қамқорлық қажет.

- Біздің жердің топырағы негізінен ащылауыт келеді. Кез келген ағаш өне бермейді. Кеңес өкіметінің тұсында Баянауылда аса күй талғамайтын қарағаш көп егілді. Елді мекендер маңы мен жол бойына қар тоқтату үшін отырғызылатын. Оның пайдасын әлі күнге көріп келеміз. Сондықтан шыршамен бірге қарағаш алқаптарын да көбейту керек. Жолды, жас орман алқаптарын қардан қорғау үшін қарағаштың берекесі мол, - дейді тәжірибелі орманшы.

Байырғы орманшылардың тағы бірі Құрмаш Ермекбаев «Жарылғап» теліміндегі орман алқаптарын күзетеді. Қарамағында 4 инспектор бар. 2005 жылы бұл аумақта да 10 гектар шырша отырғызылып, оның 70 пайызы өніпті. Орманшының сөзінше, жасыл алқаптарды одан әрі көбейте түсу көзделуде.

Көне техниканың кесірі көп

Бөлімше басшысы Е.Кендіров өрт - орман қорғаушылардың басты жауы дейді. Көршілес Қарағанды өңірінен қауіп көп. Кез келген өрттің жолын бөгеу үшін әркез дайын болу шарт. Алайда жалынды тез арада сөндіруге арналған техника біреу ғана. Оның өзі - тіркемелі бөшкесі бар трактор. Жалын жайпаған аумаққа трактор итіңдеп жеткенше, тілсіз жаудың ошағы бірнеше есеге көбейіп кетеді екен. Жылдам техниканың болмауынан жасыл алқаптарды қорғау ісінде тежеліс көп.

- Қазір кейбір орман шаруа-шылықтарында үстіне су бөшкесі орнатылған «Уазик» автокөліктері бар. Мұндай жылдам техникалар бізге ауадай қажет. Жалпы, біздің бөлімшедегі техникалардың барлығы тозған. Тракторды қоспағанда, 2 «Уазик» пен 1 «Нива» көлігіміз бар. Үшеуі де әбден ескірген, жиырма жылдан аса қолданыста жүр. Әр сапарға шыққан сайын қай жері істен шығар екен деп үрейленіп отырамыз. Сондықтан ұлттық парк басшылығынан біздің техникаларымызды жаңартып беруді өтінеміз. Жазда орман ішін барлап қайту үшін Қытайда шығарылған шағын мотоциклдарды алып берсе де болатын еді. Бұған қоса қолымызда ұстап жүрген байланыс рацияларын да жаңартатын уақыт жетті. Жүрдек, заманға сай техникаларды игерсек, жұмысымыз одан әрі жүйеленіп, жыртығымыз бүтінделер еді. Әйтпегенде шаруашылықта қызмет істейтін орманшылардың дені - бұрыннан еңбек етіп келе жатқан, тәжірибелі мамандар. Тек сол техниканың жеткіліксіздігі мен ескілігі қинайды. Орманшының еңбегі өте зор әрі маңызды. Олар ешқашан уақытпен санас-пай жұмыс істейді. Сол еңбегі үшін көп жалақы да алмайды. Қазір еліміз бойынша ең төмен айлық орманшылардың еншісіне тиеді, - деп мәселелерімен бөлісті бөлімше басшысы.

Орманды отау сап тыйылды

Е.Кендіровтің айтуынша, орманшылар ауылдарды көркейту, жасылдандыру бағытында да көп жұмыс жасағысы келеді. Бұған дейін инспекторлардың күшімен көпшілік жиі серуендейтін тоғайларда ағаштан жаппалар (беседка) тұрғызылып, бұлақтардың басы абаттандырылған. Осы арқылы жергілікті жұрттың табиғатқа сүйіспеншілігін, жауапкершілігін, мәдениетін арттыру көзделуде. Оның нәтижесі жаман емес. Бүгінде ауыл адамдары барған жерлерінде тазалық сақтап, заңсыз ағаш кесуден мүлдем тыйылған. Тіпті, ауыл жастары орманшылармен бірге барып тал отырғызып, оны күтіп-баптауға көңіл бөле бастаған.

- Ветеринар мамандар шырша ағашы көп жерде мал бруцеллезі аз болатынын айтып жүр. Қылқан жапырақтылардың ауаны сүзгіден жақсы өткізетінін, оның арасында серуендеу адамға кәдімгідей дауа болатынын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Сондықтан біздің жеріміздегі қолдан егілетін шырша алқаптары көбейтілсе екен деген тілегіміз бар. Бұл ұсынысымызды да ұлттық парк мекемесінің басшылығы ескереді деген сенім зор, - деп үмітті тілегін жеткізді тәжірибелі орманшы.

Бүгінде Күркелі өңірінде жоғарыда аталған орманшылардан басқа Хамит Ибраев, Олжа Закриянов, Мереке Айханов, Ерсін Бакиров, Нұрлан Шекебаев, Талғат Закриянов, Сәкен Өмірбаев және т.б. азаматтар еңбек етуде. Жас орманшылар Нұрлан мен Талғаттың ағаларының ізін жалғап, орманшылықтың қыр-сырын меңгеріп жүргендеріне де 6-7 жылдан асқан. Бүгінде екеуі де ысылып, кез келген істен жол тауып шыға білетін мамандарға айналған. Кез келген шаруада бір кісідей ұйымдаса кететін жергілікті инспекторлар туған жер төсінде әлі де талай игілікті жұмыстар атқарарына күмән жоқ.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді ұстанған «Далба» орманшылары осылайша Жұмат Шанин жерін жұмаққа айналдырмақшы. Мал бір борандық, ал өсімдік мәңгі. Мәуелі тал-терек - әр ауыл-өңірдің ажары. Сондықтан да ұлттық парктің кез келген қойнауына егілген шыршаның орны да ерекше болмақ.

Мұрат АЯҒАНОВ, Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылы.

saryarka-samaly.kz