Қиқым – бала жастан бірге өскен құрдасым. Сол кезден-ақ ол түбі бір қамалатын адам құсап тіміскіленіп жүретін. Біздің қатардан тауық қораға түсіп, тұңғыш тергеуге алынған да Қиқым еді. Әкесі байғұс шашылып жүріп оқуға түсірген, студент кезінде деканның мәшинесін мініп кетіп, әупіріммен аман қалғаны да күні бүгінгідей көз алдымда.

Обалы не керек, Қиқымның қайын жұрты мықты жер болып кездесті. Жыл санап емес, күн санап қызмет бабында көтерілген ол жымқыруын үдетпесе, азайтқан жоқ. Талайды тақырға, кедейді шатырға отырғызып кеткенін білеміз. Ішпей-жемей «жемқор» атанып, Қиқымның кесірінен небір текті жігіт нақақтан күйді. Өзі де оңған жоқ. Кінәсіздің көз жасы жіберсін бе, күндердің күнінде жол апатына ұшырап, жамандыққа толы бас сүйегіне операция жасалды. Сол жолы ғой мылжа-мылжасы шыққан миы қайта өңдеуге келмейтін болғаннан соң, шетелден шақыртылған оташы-профессор Қиқымның басына иттің миын салып бергені.

Медицина саласындағы жаңалық болғаны өз алдына, қайын жұрттың қолдауы, жемдес достардың шылауымен Қиқым бұрынғысынан да биік мансапқа қол жеткізді. Рас, ауруханадан алғаш шыққанда бірер ай иттің қылығын жасап, шаңырағындағыларды сәл әбігерге салыпты. Балаларымен сүйекке таласқан ба, үйді айналып тал-дараққа, шарбақ-бағанға аяқ көтеріп тұра қалған ба, әйтеуір кішкене тосын мінез танытыпты да, бұрынғы алғыр қалпына қайта түсіпті.

Енді міне, бір облыстың кемпір-шалының зейнетақысы мен саяси реформаға деп бөлінген қаржысын ұшты-күйлі жоқ қылып, қамауда отырғаны мынау! «Ақшаны қайда жібердің?» деген тергеушіге «Алғанымды білем, бір жерге жасырғанымды да білем, бірақ тыққан жерімді ұмытып қалдым!» дейтін көрінеді. Ит емес пе, таңертең тыққан сүйегін кешке таппай қалатын?!

Басшылар да қызық, басына иттің миы құйылған адамды қалай жауапты қызметке қояды? Не істесем екен, барсам ба әлде бармасам ба?

Мен білсем, Қиқым қазір темір тордың арғы жағында иттей ұлып отырған шығар...

Қанат ЕСКЕНДІР.

saryarka-samaly.kz