Саптағы сақшылар

Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы батальоны Пахомов көшесінің бойында орналасқан. Мұндағы тәртіп сақшыларының жұмыс күні таңғы сағат 8.00-де нұсқамалық жиналыстан басталады. Бұл уақытта түнгі ауысымдағы қызметкерлерді таңғы ауысымға шыққан полицейлер алмастырып, атқарылған жұмыстар легі баяндалады. Сонымен қатар, жұмыс кестесі мен негізгі міндеттер тізімі талқыланады. Бұдан кейін мамандар қызметтік міндеттерді бөлу үшін сапқа тұрады. Командирлерін қарсы алған соң, мемлекеттік Әнұранды шырқайды. Осыдан кейін саптық тексеру басталады. Бұл кезде командир тәртіп сақшыларының кәсіби киімдеріне мән беріп, құжаттарын тексереді. Барлығын қарап шыққан соң, сапта тұрған полицейлерге баяндама жасайды. Оған сәйкес, тәртіп сақшыларына бірқатар міндеттер жүктелді. Мәселен, түнгі уақытта «Киа рио» маркалы автокөлігі жоғалғаны, Samsung galaxy J7 маркалы ұялы телефон ұрланғаны, белгісіз қарақшылар көлік салонынан қаржы жымқырғаны туралы айтылды. Сонымен қатар, 10 маусым күні 1992 жылғы екібастұздық азамат үйден шыққан күйі оралмағаны жөнінде баяндалды. Осы оқыс жағдайлар бойынша полицейлерге белгілі деректер сөз етіліп, қызмет барысында аталмыш жағдайларға ұқсас фактілерге көңіл аудару жөнінде тапсырма берілді. Барлық мәліметтерді қағаз бетіне жазып алған тәртіп сақшылары көліктеріне мініп, белгіленген учаскелері бойынша күнделікті жұмыстарына кірісті.

Ерлан мен Нұрлан

Біз №11 және №12 учаскелік бөлімге жауапты мамандармен бірге көшені араладық.

Жол-патрульдік полиция инспекторлары лейтенант Ерлан Қожахметов пен старшина Нұрлан Ахметов жол бойы жұмыс күндері жайында әңгімеледі. Олардың бұл қызметте жүргендеріне 6-7 жылдың жүзі болған.

Нұрлан Ахметов жұмысқа орналасқан уақытта полицейдің қызметі қызықты болғанын айтады.

- Қызмет барысындағы алғашқы 1-2 жылда таңсық дүние көп болатын. Тәжірибелі мамандармен бірге көптеген оқыс жағдайлардың ортасында жүрдік. Сол уақытта жұмысқа деген жауапкершілік артып, әр ісімізге тиянақты болуды үйрендік. Жол-патрульдік полициясының қызметі ержүрек, батыл болуды қажет етеді. Себебі біз көшеде, жолда, үйде орын алған оқыс жағдайлардың ортасында жүреміз. Мәселен, жол апаты, төбелес, отбасындағы кикілжің, көшедегі бұзақылар, маскүнемдер, тағысын тағыларды қадағалаймыз. Тіпті кез келген орында күдік тудырған сөмке жатса да сол жерге алдымен полицейлер барады. Жұмыс кезінде осындай жағдайларға шақырту түскен кезде басымызды қауіпке тігіп бара жатқанымызды сеземіз. Себебі төбелес кезінде әлдебіреудің суық қару ұстап, полицейге ұмтылмайтынына ешкім кепілдік бермейді. Тұрғындардың тыныштығын күзетеміз деп отбасымызға көп уақыт бөле қоймаймыз. Десе де, осы мамандықты таңдағаныма өкінбеймін, - дейді ол.

Лейтенант Ерлан Қожахметов жақында 1 мамыр – Естай көшесінің бойында орналасқан үйді тонаған ұрыларды сол күні ізін суытпай қолға түсірген. Бейтаныс біреулер аталмыш үйдің гаражынан 2 қап электр сымын ұрлап кеткен. Осы факті жөнінде хабар келіп түскен бойда бірден іске кіріскен Ерлан Қожахметов оларды қолға түсіріп, қолды болған заттарды иесіне қайтарады.

- Жұмыс кезінде қоғамдық орындарда ішімдік ішкендерді тәртіпке шақыру, ұсақ бұзақылықтар жасаған, құжаты жоқ қаңғыбастарды қабылдау-реттеу орындарына жеткізу, атыс, суық қаруларды заңсыз тасымалдау фактілеріне тосқауыл қою, жол қозғалысын, көше қиылыстарында кептелістерді реттеу мәселелері де біздің міндетіміз. Бастысы – адамдарға кішіпейілділік танытып, олармен барынша тіл табыса білу. Қызмет кезінде көптеген оқыс оқиғалардың куәсі боламыз. Талай мәрте ұрланған көліктер мен ұялы телефондарды иелеріне қайтардық. Есірткі саудасының жолын кескен жағдайлар да көп болды, - дейді лейтенант.

Салғырттық сан соқтырады

Қайырбаев – Толстой, Астана – Кутузов көшелерінің аумағындағы тыныштыққа жауапты мамандар бірқатар оқиғалар тұрғындардың салғырттығынан орын алатынын айтты. Көлік ұрлығына көп жағдайда жүргізушілердің өздері кінәлі болады екен. Асығыс жол бойына тоқтап, дүкенге не үйге соғамын деп кілттерін көлікте қалдырады. Онымен қоса, мотоцикл және велосипедтерін қараусыз далада тастайды. Осындай немқұрайдылық тәртіп сақшыларын әбігерге салады. Сонымен қатар, мерекелік концерттерде ата-аналар балаларын жиі жоғалтатын көрінеді. Полицейлер тұрғындардан осындай мәселелерге қырағы болуды сұрайды.

Ерлан мен Нұрлан бір сағаттың ішінде өздері жауапты көшелер мен тұрғын үйдегі аулаларды түгел аралап шықты. Әсіресе, жол белгілерін шолып, бағдаршамдардың жұмыс істеп тұрғанына мән берді. Жоғарыда айтылғандай, бірнеше велосипед пен мотоцикл аулада қараусыз жатқанын көрдік. Аталмыш жағдайға куә болғаннан кейін, полицейлердің жанайқайын түсінгендей болдық.

Бір ерекшелігі, жол-патрульдік полиция қызметкерлерінің жұмысын хабарламалар мен дабыл атаулының барлығы түсетін Жедел басқару орталығы үйлестіріп отырады. Сол күні мамандарға осы мекемеден келіп түскен ақпараттар легі аз болмады. Тағы да көлік, ұялы телефон ұрлығы, адам жоғалу фактілері сынды жағдайлар баяндалды.

«Әмбебап» полицейлердің көліктері заманауи құрылғылармен жабдықталған. Рация, бейнекамера, планшет сынды құрылғылар сақшылардың жұмысын жеңілдетеді.

Ерлан мен Нұрланның қызметі кешкі сағат 17.00-де аяқталады. Сағат 16.00-де кешкі ауысым жоғарыда көрсеткендей батальонға барып, саптық тексерістен өтіп, кешкі сағат17.00-де күндізгі қызметкерлерді ауыстырады. Ал түнгі ауысым түнгі сағат 1.00-де келіп, таңғы сағат 9.00-де босайды екен.

Осы күні полицейлер «Квазар» сауда үйінің алдында жол ережесін бұзған азаматты тоқтатып, құжаттарын тексерді. Ерлан Қожахметов планшеті арқылы хаттама толтырып, көлік иесіне ескерту жасады.

Маман неге тапшы?

Мамандардың қауырт қызметін көріп, бұл саладағы кадр мәселесін сұраған едік. Жол-патрульдік полициясы батальоны командирінің орынбасары, полиция подполковнигі Әлібек Биқановтың сөзінше, қазіргі батальонда 252 қызметкер бар. Бірақ әлі де 60-тан астам маман керек. Бос орындардың санын толтыру мақсатында әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасалады. Қоғамдық көліктерде дыбыстық хабарламалар беріліп, көшелерде билбордтар орнатылады екен.

- Ішкі істер саласына жұмысқа тұрғысы келетін үміткерлерге бірқатар талаптар қойылады. Қазіргі уақытта бой ұзындығына байланысты ереже жеңілдеді. Жол-патрульдік полиция қызметіне бойы 170 см болатын жоғары және орта білімдегі заңгер мамандығын меңгерген азаматтар орналаса алады. Ал жоғары және орта білімі жоқтар сержанттардың қатарын толтырады. Батальонда техника саны жеткілікті. Қызметкерлер үшін көп қабатты тұрғын үй бой көтеруде, - дейді Әлібек Ағыбайұлы.


Иә, тәртіп сақшыларының жұмысы жеңіл емес, жауапты әрі қауіпті. Қарапайым тұрғын ретінде кейбір жайттарға құқық қорғаушыларды кінәлап жататынымыз рас. Олардың мойнындағы жүктемені ескере бермейміз. Қалалық жерде бір учаскелік инспекторға жүзден аса тұрғыннан келсе, ауылдық жерде екі-үш елді мекенге бір инспектор жауапты. Бұл қызметке тек мықтылар ғана баратынына көз жеткіздік. Тапсырма таудай, міндет – одан да көп. Ел іргесі тыныш болсын!


Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz