Ол – өңірдегі аудандық газеттердің кенжесі. Жарық көргеніне небары 7 жыл болса да, елді мекеннің тыныс-тіршілігін түгел қамтып, жыл сайын оқырман санын арттырып келеді. Бүгінгі таңда оқырманның сұранысын қанағаттандырып, көкейтесті мәселелерді арқау ете білуімен ерекшеленетін басылымның тақырып аясы кең. Бұл да газеттің уақыт ағымынан қалыс қалмай, алдыңғы қатардан көрініп келе жатқанын дәлелдейді.

Аталмыш газеттің редакторы Ербол Қамзиннің журналистика саласына бет бұруы да қызықты жағдайда өрбіген. Алғашқы еңбек жолын Тарбағатай ауданы «Тана мырза орта мектебінде» директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінен бастайды. 11 жыл жұмыс істеген соң, 2008 жылы Павлодар облысы Качир ауданы білім беру бөлімінде әдіскер, тілдерді дамыту жөніндегі бас маман лауазымында еңбек етеді.

- Білім беру саласында қызмет етіп жүрген кезде оқу жүйесіне қатысты ойларымды қағазға түсіріп, газетке жазып жүрген едім. Бала кезімнен журналистика саласы қызықтыратын. 2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай аудандарда қазақ газеттерін шығару жөнінде шешім қабылданды. Сол жылы аудан әкімдігі мені бас редактор лауазымына шақырды. Бұл міндет мен үшін күтпеген жаңалық болды. Сол уақытта қолдау білдірген аудандық «Заря» газетінің редакторы Юрий Березневке айтар алғысым шексіз. Журналистика саласына баулып, газетпен жұмыс істеуді үйреткен ұстазым болды, - дейді редактор.

Ербол Аманғазыұлының сөзінше, «Тереңкөл тынысы» республикалық BAQ.kz сайтында 2011 жылдың қараша айында Павлодар облысы бойынша бірінші болып тіркеліп, қызықты материалдарын интернет беттеріне жария- лап келеді. Қазіргі уақытта медицина саласына арналған «Денсаулық», білім беру саласы мен ұстаздар қауымы үшін «Ұстаз. Білім. Шәкірт», жастарға арналған «Жастар.kz», жасөспірімдер мен балаларға арналған «Ботақан», әртүрлі тақырыптарды қамтитын «Пайдалы кеңес», тарихи-танымдық материалдарға арналған «Тарих. Таным», «Тағылым», ауыл шаруашылығы саласына арналған «Агробизнес» арнаулы беттері жарық көріп, оқырмандарға жол тартуда. Ауданның тыныс-тіршілігін қамтып отырған басылымда 6 адам қызмет етеді. Олардың қатарында жауапты хатшы, тілші, беттеуші, бухгалтер және жүргізуші бар.

Алғашқы жылдары газет 4 бет, 400 данамен, жыл аяғында 900 данамен шыққан. 2012 жылдан бастап 8 бетке жетіп, таралымы 1300-ге дейін артады. Ал 2014 жылдан бастап газеттің бірінші және соңғы беттері түрлі түсті болып басылуда. Бұл ретте Ербол Қамзин оқырмандар атынан қаржылық жағынан қолдап отырған аудан басшылығына алғысын білдіреді.

«Тереңкөл тынысы» әр аптаның бейсенбісінде шығады. Газет редакцияда беттеліп, Павлодар қаласындағы «Баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде басылады.

Газеттің жауапты хатшысы Гүлнәр Жаябаева бұқаралық ақпарат құралдары саласында 16 жыл еңбек етіп келеді. Табанды еңбегінің арқасында облыс, аудан әкімдерінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталған. Жас маман Арайлым Ермекова Павлодар мемлекеттік университетінде филология мамандығы бойынша білім алып, туған ауылында қызмет етуде. 2 жылдың ішінде аға-әпкелерінің ақыл-кеңесін алып, тілшілік қызметте тәжірибе жинап келеді.

«Тереңкөл тынысы» газетінің мазмұны мен безендірілуі кейбір облыстық, республикалық басылымдардан кем түспейтінін атап өткен жөн. Бұл ретте басылым бетін әрлендірумен айналысатын дизайнер Дәурен Сейсеповтің еңбегін атап өту керек.

Ауданның тыныс-тіршілігінен кеңінен сыр шертетін басылым ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!

Айдана ҚУАНЫШЕВА.

saryarka-samaly.kz