Биыл құрылғанына 90 жыл болған Павлодар ауданында атқарылып жатқан игі іс аз емес. Солардың басым бөлігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асуда. Аудан басшысы Александр Бабенконың айтуынша, осы бағытта жыл басынан бері 213 шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында ғылыми-тәжірибелік конференция, жергілікті кітапханалардағы көрмелер мен бұрыштар, «Асық ату» үйірмелерінің ашылуы, «Игілік керуені» атты арнайы жоба бар. Мұндай шаралардың барлығы дерлік демеушілердің қаржысы есебінен өтеді.

- Осыдан бірнеше жыл бұрын кейбір кәсіпкер туған өлкенің дамуына бағытталған шараларға демеуші болудан тартынатын. Бірақ, уақыт өте келе олар үлес қосу – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі екенін түсіне бастады. Әкімдік өкілдері оларға қандай да бір шараны қаржыландыру немесе басқа да көмек көрсетуге қатысты өтініш жасамайды, сұрамайды. Мұның барлығы шын жүректен, адал ниеттен туындайды. Меніңше, бүгінгі күні әр адам ауыл-қаланың дамуы өзіне тікелей байланысты екенін ұғынды. Бұл ретте ауыл әкімдері, мектеп директорлары да үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Сондықтан бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында арнайы байқау жарияладық. Соған сәйкес, бірнеше күн дересінде қай қызметкердің ауласы үздік екенін анықтаймыз. Кейін мұндай байқау барлық тұрғын арасында ұйымдастырылады, - дейді А.Бабенко.

Осы орайда аудан басшысы бұрын-соңды белгісіз болып келген тарихи деректердің, орындардың анықталғанын, оларды зерттеп, зерделеуге баса көңіл бөлініп жатқанын айтты. Мәселен, мұнда 15 жасында Бұқараға жаяу кетіп, сол жақта ілім алып, кейін Маралдыда мешіт ашқан Нұрғали хазіреттің зираты бар.

- Рухани жаңғыру аясында тарихымызға терең бойлап қана қоймай, бүгінгі күннің батырларын да дәріптеуіміз керек. Сондықтан аймақтық «100 жаңа есім» жобасын қолға алдық. Оған елге еңбегі сіңген ардагерлерді, туған жердің ілгерілеуі үшін аянбай қызмет атқарып жүрген жастарды қосу жоспарда бар, - деген ойымен бөлісті.

Өткен мен бүгінді сабақтастыру туралы сөз қозғалғанда, таяуда облыс орталығында ашылған этноауылдағы Павлодар ауданының киіз үйі облыс әкімінің сынына ұшырағанын айтпасқа болмас. А.Бабенко бұл келеңсіздікті былай түсіндірді:

- Әуелде осыдан 2 жыл бұрын алған, металдан жасалған киіз үй орнатып едік. Бірақ ол қолайсыз ауа райы мен жаңбырға шыдас бере алмады. Сондықтан құны 6-8 млн. теңге болатын ағаш киіз үй сатып алып, орнаттық. Мұнда қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін дәріптейтін шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Сонымен қатар, ауданда «Рухани жаңғыру» қоры құрылды. Оған аудандық мәслихат хатшысы Бақытбек Баткеев жетекшілік етеді. Аудан әкімі Александр Бабенко өтініш жазып, өзінің бір апталық жалақысын осы қорға аударғанын айтты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz