Мүліктік қылмыстардың ішінде пәтер ұрлығы алдыңғы қатарда тұр. Әсіресе, жаз мезгілі қарақшылар үшін қолайлы мерзім. Сондықтан аталмыш маусымда сақтық шараларын берік ұстанған жөн. Әйтпегенде, төмендегі оқиғалардың құрбаны болуыңыз мүмкін.

Жағаұстатарлық жағдай жуырда Екібастұз қаласында болды. Облыс орталығының 30 жасар тұрғыны жеке сектордағы үйді тонаған. Баспана иесі белгісіз біреулердің терезе жақтауын қысып ашып, торларды сындыру арқылы үйге түскені жөнінде ішкі істер органына хабарлайды. Іздестіру шарасына дереу кіріскен полицейлер қылмыскерді ізін суытпай құрықтады. Тергеу барысында ұрының үйге терезе арқылы кіргені белгілі болды. Ол үйден 280 мың теңге мен бағалы былғары күртешені ұрлаған. Тәртіп сақшылары әлгі азаматтың тағы бірнеше қылмысқа қатысы барын анықтады. Ол бұған дейін досымен бірлесіп, өзге бір үйді тонаған екен. Алтын әшекей бұйымдарды, бағалы құндыз тон, 100 мың теңге ақшаны жымқырған. Үй иелеріне жалпы сомасы 1 млн. 100 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Екі қылмыскер де жұмыссыз және пәтер тонау фактісі бойынша бірнеше рет сотталғаны анықталды. Бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олардың облыс аумағында басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы тексерілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұдан бөлек, Павлодар қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері облыс орталығындағы кәсіпорындардың бірінен 1 млн. теңгеге жуық қаржы мен жанармай талондарын ұрлаған 25 жастағы азаматты құрықтады. Бұл қылмыскер де аталмыш мекемеге пластикалық терезені ашу арқылы кірген. Күдікті өз кінәсін толық мойындаған. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, пәтер ұрлығы оңай ашылатын қылмыстардың қатарына жатпайды. Қылмыскерлерді ұстау үшін тәртіп сақшылары көп уақыт жоғалтады. Сондықтан мамандар жылжымайтын мүліктерді дабыл құрылғыларымен күзету қажеттігін ескертеді. Егер тонаушылар баспанаға кірген жағдайда орталықтандырылған бақылау пунктіне хабар жеткізіледі. Мұндай қауіпсіздік шарасы қылмыскерлерді дер кезінде құрықтауға жол ашады. Тәжірибе көрсеткендей, қауіпсіздік шаралары сақталатын орындарда пәтер ұрлығы кездеспейтінін тәжірибе де дәлелдеп отыр. Бұл ретте ішкі істер қызметкерлері халық арасында түсіндірме жұмыстарын жиі жүргізеді. Үйлерді коды бар құлыптар, домофондар, бейнекамералар және күзету-дабыл құралдарымен жабдықтау маңызды.

saryarka-samaly.kz