Сұлтанмахмұттанушы ғалым Арап Сләмұлы ЕСПЕНБЕТОВ:

- Сұлтанмахмұт 27-ақ жыл өмір сүрді, осынау қысқа өмірінде 140-қа жуық өлең, 2 роман, 5 поэма, көсемсөздер жазып, әр жанрда қалам тербеген. Ол - сондығымен қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған, Абайдан кейінгі биікте тұрған ақын.

Сұлтанмахмұт 1893 жылы 28 қазанда Көкшетаудағы Қызылту (қазіргі Ш.Уәлиханов) ауданында туған. Әкесі Әбубәкір (Шоқпыт) арабша хат танитын, көзі ашық адам болса керек. Ж.Аймауытов: «Сұлтанмахмұт ақынның нағашы жұрты - Қарауыл» дейді. Ол жақпен бұрыннан сүйекшатыс болған ғой. Әбубәкірдің апайы Шымпыр сол жаққа ұзатылса керек. Шоқпыт сол жаққа барып, апа-жездесінің қолында жылқы бағып жүргенде Қарауылдың Шаншары Жадай дегеннің Зүплен деген қызын алған. Шоқпыт пен Зүпленнен Сұлтанмахмұт (анасы Мақыш деп еркелеткен) пен Байқоңыр (Бәшен) туады. Аналары ерте қайтыс болып, екі бала әжесі Монтайдың қолында тәрбиеленеді. 3-4 жылдан соң, Шоқпыт анасы, балаларын алып, атақонысы Торайғырға көшіп келеді, үй салады, Бибіш деген әйелге үйленеді. Осылайша ақынның балалық, жастық шағы Торайғыр көлінің маңында өтеді. Сұлтанмахмұт әліпбиді әкесінен үйренеді, сосын ауылдағы Нұрғали, Мұқан деген молдалар баланың талабын байқап, Троицк қаласына оқуға, білімін ұштастыруға ақыл қосады. Оқу оқып, білім алу, елін өркениетке жеткізу – оның өмірлік кредосы болды. Троицкіде ол Ғабдырахман Рахманқұловтың медресесінде оқиды. Білімге талпыныс, ақындық жігер жас жігітті шығармашылық ынталы іске жетелейді. Білім ала жүріп Қазан мен Уфаддағы зиялылар баратын кештерге қатысады, өзінің өлеңдерін оқиды, Троицк қаласының маңындағы қазақ ауылдарының балаларына сабақ береді. 1913 жылы жиырмадан жаңа асқан жігітті өкпе ауруы айналдыра бастайды. Емделіп, қатарға қосылуына қазақ дәрігері Әбубәкір Алдияров көп көмек көрсеткен...

Сұлтанмахмұт «Айқап» журналында қызмет етті. Кейін күнкөрістің қамымен Тарбағатай жаққа барып, бала оқытады. Сондағы Терісайырық болысында көзі ашық, көне шежірені көп білетін Құрбан қажымен кездеседі. Қажыдан естіген аңыз-әңгімелердің негізінде «Ақ найман Ойсынбай», «Жалаңаш баба», «Ескі сөз» сынды туындыларын жазды. Бұл елде жүргенде ел ішінде дүрбелең басталып, ел Қытайға көшеді. Содан ақын бала оқытқан еңбегін де ала алмай, туған еліне оралыпты. Мұнда да дүрбелең басталған екен. Сол жылдары Сұлтанмахмұт та Алаш идеясына қосылды. Алашордашылар ұйым құрып, түрлі әрекеттер жасағанда соның басы-қасында болып, ақындығымен жалынды жырлар арнады. Семейде шығып тұрған «Сарыарқа» дейтін газеттің екі нөміріне «Әлиханның Семейге келуі» деген мақала жазды. Алмағайып заман болғанда автономия болғалы жатқан елді басқара алатын адам бар ма дегенде Әлихан Бөкейханов бастаған Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов сынды азаматтарды жырға қосады. Семейдегі «Бостандық үйінде» 1917 жылдың көктемінде Семей қазақтарының бірінші облыстық съезі өтіп, онда қазақ автономиясын құру жайлы мәселе көтеріліп, қаулы қабылданады. Мұны Шәкәрім Құдайбердіұлы қолдап сөз сөйлейді. Ақынның осы «Таныстыру» поэмасында былай деп жырлайды:

«Семейдің съезінде байқадық қой,
Екенін қарт кемеңгер әм терең ой.
Оқығандар болмаса жәй қазақтың,
Онан басқа кім шықты көрсетіп бой», - деп Алаш ақсақалы атанған Шәкәрім ақынның көшелі ақыл-ойын, абыздық бейнесін әдемі суреттейді. Негізі, қазақтың жазба поэзиясында поэманы дәл осындай сарында (Қара қазақ пен Оқыған қазақтың әңгіме, пікір алмасуы сипатында) жазу тәсілі болған емес. Жалпы, Сұлтанмахмұттың Алаш қайраткері және ақындық қасиетін біртұтас дүние деп қарастыруымыз керек. Ақын алаштығы үшін қоғамнан көп «таяқ жеді». Оның мұрасы 1993 жылға дейін толық жинақ болып басылмай келді, «байшыл», «ұлтшыл», «рушыл» деген баға берілді.

Жалпы алғанда, Сұлтанмахмұт – қысқа ғұмырында қиындыққа мойынсынбай, білім алып, халыққа қызмет етуді ғана ойлады. Мәдениеті озық елдердің жетістіктерін уағыздап, жаңалық жаршысы болды. Сол себептен «Бүгіндегі жастарға оқу міндет, бар қиындық тек қана қылым жеңбек» деп жазды. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туындылары еш уақытта халық жадынан өшпейді, жоғалмайды.

Әзірлеген – Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz