Енді бірнеше жылдан соң бұл қиындықтар артта қалады. Себебі, қаламен байланыстыратын жолда биыл жөндеу басталды. Республикалық және облыстық қазынадан бөлінген қаржыға биыл 41,6 шақырым жолдың 19 шақырымына ағымдағы жылы асфальт төселеді. Қалғаны 2019 жылы жүзеге асырылмақ. Демек, Бесқауға тұрғындары бірнеше жылдан соң талай жыл бас ауруы болған жырым жолдың жырынан құтылады.

Жалпы, Екібастұз өңірінде жол құрылысы өзге де учаскелерде жүргізілуде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Марат Закарьяновтың айтуынша, биыл кеншілер қаласы аумағында ұзындығы 46,2 шақырым жолға жөндеу жүргізіледі. Бүгінде 9515 шаршы метр аумақта автожол ағымдық жөндеуден өткен.

2018 жылға жолдардың реконструкциясына, күрделі, орташа, ағымдық жөндеуіне және тас жолдарды күтіп ұстауға 2,1 млрд. теңге бөлінген. Бесқауғадан бөлек, Басқамыс елді мекеніне апаратын жолда да құрылыс қызу. Мұнда биыл 10 шақырымдық жол орташа жөндеуден өткізіледі. Сонымен қатар қаланың кіреберісіндегі 10,5 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қала ішінде Бауыржан Момышұлы көшесінде 3,1 шақырым жол қайта қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, Солнечный кентіне қарай ГРЭС-1-ге жеткізетін жол аталмыш кәсіпорын есебінен жөнделуде.

- Қазіргі таңда аудандық маңыздағы жолдардың 85,5 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 2019 жылға ұзындығы 50,7 шақырым автомобиль жолының жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Оның 32,5 шақырымы - аудандық жолдар, қалғаны - қала ішіндегі жол. Осылайша, келер жылы нәтижені 86 пайызға жеткізу көзделіп отыр, - дейді Марат Сәлімұлы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ
Екібастұз қаласы.

saryarka-samaly.kz