Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының балалары жазғы демалыста кәсіппен айналысып, қаражат табуды әдетке айналдырып келеді. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» деп тегін айтылмаған. Маңдай теріңді төгіп, керегіңді сатып алсаң, әрине, одан асқан қымбат зат болмас. Әрі бала шағынан еңбек еткен бала қай нәрсенің болсын қадірін біледі, ой-санасы ерте есейеді. Міне, торайғырлық топ бала осы ауылдағы бұлақ басында кәдімгідей жұмыс істеп жүргенінің куәсі болдық. Осы бұлақта орман шаруашылығында көп жылдар еңбек еткен зейнеткер Жұмагелді Дүйсекеев «Ақжан» туристік ақпараттық орталығын ашқан болатын. Өйткені бұл жердің табиғаты көркем, алыс-жақыннан туристер көп келеді. Соларға қызмет көрсетіп, қаражат табу – балалар үшін қызықты әрі пайдалы іс. Сол балалардың қатарында ағалы-қарындасты Дамир мен Даяна Уахитовтар бар. Дамир 8–сыныпқа, Даяна 4-сыныпқа көшіпті.

Дамир тауық пен қой етінен кәуап пісіріп, сатып тұр. Ал Даяна ағасының көмекшісі әрі өзі көже сатумен айналысады.

- Кәуап пісіруді әкем Берік үйретті. Бұл соншалықты қиын жұмыс емес, тек мұқият болу керек. Қой етінен пісірген кәуапты 1000 теңгеден, тауық кәуабын 800 теңгеден сатамыз. Табысымыз жаман емес, - дейді Дамир бала. – Үйде 4 баламыз, киім-кешек, оқу құралдарын алу үшін ата-анамызға көмектесеміз.

Бұл жерде ауыл балалары мініс аттарын, велосипедтерін жалға береді екен. Сондай-ақ, бұлақ басын таза ұстап, келгендерге қызмет көрсетіп, тіпті шөлмектерді жуып, су құйып та береді. Бұл еңбек үшін, әрине, ақша төленеді. Бұлақ басына, Торайғыр көлінің табиғатын тамашалауға өз елімізден де, шет елдерден де туристер көп келеді. Олар үшін қазақтың ұлттық тарихы, тағамы, ән-жыры, ойындары қызық. Міне, соларды қонақтарға көрсету, танытудың бір саласы - балалардың еншісінде.

Торайғыр ауылының тағы бір баласымен таныстық. Ералы Марат! 3-сыныпқа көшіпті. Бұл бала да ширақ екен. Ағаларының көмегімен үйіндегі мініс аттарын бұлақтан аулағырақ жерге шідерлеп қойыпты.

- Келген қонақтар, әсіресе, мен секілді балалар атқа отырғылары келеді. Оларды атпен көлді айнала қыдыртамын, - дейді ол. – Мектепте сабағым жаман емес, математика, қазақ тілі пәндерін жақсы көріп оқимын. Бірақ есейгенде қай мамандықтың иесі болатынымды білмей жүрмін, - дейді ол біздің «Өскенде кім боласың?» деген сауалымызға. Сол жағы қиындау болмаса, қазіргі табысы жаман емес көрінеді. Мысалы, ол бір күнде 4 мың теңге тауыпты. Бұл - көп ақша. Еңбектеніп тапқан қаражатын жинап, кроссовки, шалбар алмақшы. Қымбатынан, тозбайтынынан. Әйтпесе ауылда аяқ киім шақ келмейді ғой.

Ертең оқу жылы басталғанда еңбекқор сыныптастарына достары қызыға қарайтын болады.

Еңбектерің жемісті болсын, балалар!

Сая МОЛДАЙЫП, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz