Облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы Ораз Мұқашевтің сөзінше, аймағымыздағы қайғылы жағдайлардың саны артып келеді. Мәселен, биыл жол-көлік оқиғасы кезінде 27 адам көз жұмған. Олардың арасында балалар да бар. Жағаұстатарлық жағдайлардың қатарында Павлодар-Астана бағытындағы тас жолда орын алған оқиға бар. Шідерті маңындағы жолда балалы отбасы мерт болған. Мұндай оқыс жағдайдың алдын алу үшін Павлодар ауданындағы Новоямышев және Чернорецк ауылдары, Успен ауданындағы тас жолдарда медициналық қызметкерлерден құралған көлік пункті құрылды. Аталмыш бөлімшедегі жедел жәрдем қызметі жол апатына ұшырағандарға шұғыл көмек көрсетеді. Бұл мамандар осы аймақта орын алған қайғылы жағдай кезінде оқиға орнына 15-20 минуттың ішінде жетеді. Ораз Мұқашевтің сөзінше, мұндай бастама жол-көлік оқиғасы кезінде адам өмірін сақтап қалуға көмегін тигізген. Жоғарыдағы сөз болған 27 адамның 15-і оқиға орнында бірден қаза болған. Сондықтан алдағы уақытта тағы да 2 көлік пунктін ашу жоспарлануда.

Жаз мезгіліндегі шомылу маусымы да дәрігерлер арасында алаңдаушылық туғызуда. Себебі ағымдағы жылы 7 бала суға кеткен. Мерт болғандардың арасында 3-4 жасар сәбимен 7- 9 жастағы балалар бар. Өкінішке қарай, қайғылы жағдайлардың барлығы ата-ананың қарауынсыз, шомылуға рұқсат етілмеген орындарда болған. Оқыс жағдайлардың алғашқысы Кенжекөл ауылдық округіне қарасты Байдала елді мекенінде тіркелген-ді. Ата-ананың қарауынсыз жүрген екі бала рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, ажал құшты. Олардың денесін жергілікті тұрғындар алып шыққан. Сонымен қатар, Баянауыл ауданының Майқайың кентінен үш шақырым қашықтықтағы Западное көлінен 11 жастағы баланың денесі табылған еді. Жағаұстатарлық жағдай Екібастұз қаласы мен Павлодар қаласында да болды.

Қайғылы оқиғалар легі мұнымен шектелмейді. Ми қайнатқан ыстықта тұрғындар терезелеріне шыбын-шіркейден қорғану үшін тор орнатады. Алайда осы тордан да балалар жазым болуы мүмкін. Алғашқы жарты жылда аймағымызда биіктіктен 5 бала құлап түскен. Олардың 4-еуі облыстық балалар ауруханасында ауыр халде жатыр. Сондай-ақ, жақында Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінде тағы бір бала тауда 3 метр биіктіктен құлап, жарақат алған. Оның өмірін сақтап қалу үшін құқық қорғау саласының қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары көп еңбектенді. Алдымен балаға Баянауыл ауданының дәрігерлері шұғыл көмек көрсетті, алайда жағдайының ауырлығына байланысты авиация арқылы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта жағдайы ауыр, жан сақтау бөлімінде жатыр. Тіпті, өңірде өрт кезінде де балалар өлімі тіркелген екен.

- Жоғарыдағы қайғылы жағдай-ларға ата-ананың салғырттығы себеп болып отыр. Жұмысбасты отбасы мүшелері балаларына аз уақыт бөледі. Жазғы демалыс кезінде балаларды көзден таса қылмау керек. Әрбір қайғылы оқиға барлық ата-анаға сабақ болуы тиіс, - деді О.Мұқашев.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

saryarka-samaly.kz