Талғат Манатұлы 1972 жылы Павлодар қаласында дүниеге келіп, осындағы орта мектеп пен химия-технологиялық училищені бітірді. 1990-1992 жылдары Қиыр Шығыстағы Хабаровск қаласында әскери борышын өтеді. Елге оралған соң, яғни 1993 жылы жергілікті алюминий зауытында еңбек жолын бастады. Алғашқыда тәжірибелік-металлургиялық цехта слесарь болып жұмыс істеген ол кейін химия-металлургиялық цехта технолог, гидрометаллургиялық цехта шебер болып еңбек етті. Ал осы жылдың маусым айынан бастап бұл цехта аға шебер қызметін атқаруда. Ширек ғасыр уақытын аталмыш өндіріс орнына арнаған маман бұрынғы және бүгінгі жұмысты салыстыруға келмейді дейді.

- Уақыт өткен сайын нарық талабының өзгеруі – заңдылық. Бүгінгі күні әлем бізден сапалы өнімді күтеді. Ал ол үшін өндіріс орны заманауи құрал-жабдықтармен қамтылуы тиіс. Бұл ретте «Қазақстан алюминийі» зауыты жүйелі жұмыс жүргізуде деп ауыз толтырып айтуға болады. Индустрия 4.0 аясында тың технологияларды енгізіп, олардың «тілін» меңгеруге, тиімді пайдалануға тырысып жүрміз. Бұрындары жүктелген міндеттің басым бөлігін маман өзі атқарса, қазіргі кезде дені автоматтандырылған режимде жүргізіледі. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетеді, - дейді Т.Жолдабаев.

Аға шебер Талғат Манатұлының негізгі міндеті – өндірістің қалтқысыз жүруін қадағалау. Ауысым басталып, іске кірісе сала жедел ақпараттар мен компьютер арқылы талдамаларды қарайды, кейін әр нысанға барып, ондағы құрал-жабдықтардың қызметін бақылайды. Яғни, олардың техникалық параметрлерге сәйкестігін тексеріп, қажет болса өзгертеді. Сонымен қатар, қандай да бір аппарат істен шықса, оны жөндеуге рұқсатқағаз толтырады. Ал ауысым соңында келесі ауысым қызметкерлері атқаруы тиіс міндеттерді тізбектеп береді. Қысқасы, гидрометаллургиялық цехтың күллі жұмысы оның тікелей бақылауында. Талғат Жолдабаевтың айтуынша, әр жұмысшы негізгі міндет – қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау қажет.

- Зауыт – көше, дүкен, басқа да қоғамдық орын емес. Мұнда дұрыс жасалмаған кез келген әрекет, жаңылыс басқан әр қадам адам өміріне қауіп тудыруы мүмкін. Сол себепті қауіпсіздік ережелерін жетік білуге, оларды сақтауға баса мән береміз. Тәжірибеден өтуге келген студенттердің де, кәсіпорында жұмысын жаңадан бастаған жас мамандардың да санасына осыны сіңіруге тырысамыз, - дейді тәжірибелі металлург.

Осы орайда зауыт басшылығы тарапынан жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін түрлі көмек көрсетілетінін атап өту керек. Мәселен, тегін тамақ беріледі, өндіріс орнында «Евразия» орталығы медициналық көмек көрсетеді, жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерінің демалуы, ем алуы үшін жолдамалар үлестіріледі. Жас мамандарға арнайы салынып, қолданысқа беріліп жатқан көпқабатты үйлер де бар. Талғат Манатұлы айтқандай, «адал қызмет атқарсаң, оның нәтижесі еселеп оралады».

Талғат Жолдабаевтың 25 жылдық жұмысы ескерусіз қалған жоқ. Осы уақытқа дейін түрлі мерейтойлық медальдар, зауыт басшылығының Алғыс хаты табысталды. Ал биыл кәсіби мереке қарсаңында суреті Құрмет тақтасына ілініп, «Өндіріс озаты» атағы берілді.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz