Алдымен, шаһардың қос көшесі жаңа атауға ие болғанын айту керек. Тұрғындар Кутузов көшесіне «Тәуелсіздік» деген атауды, Ленин көшесіне «Астананы» лайық деп таныды. Алғашқы даңғыл пайда болды. Тек бұл ғана емес, сонымен қатар, қаланың қақ ортасындағы біраз көшенің атауын ауыстыру екпін алды.

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаламыз ұлттық тұрғыда жаңғыруда. Жылдар жүгін арқалаған «Тәуелсіздік» атауы азаматтардың игі тілектерімен Кутузов көшесін алмастырды. Жалпы, кеңес үкіметі кезінде елдің пікірін ешкім сұраған жоқ. Олардың алдында қандай ой, пікір, мақсат тұрғаны өздеріне ғана аян болды. Бүгінде халқымызда ерік бар. Барлық азаматтардың игі тілектері орындалып, көшелерімізді Астана, Тәуелсіздік деп атауға мүмкіндік алдық. Қос көшеге қойылған екі атаудың да еліміздің азаматтары үшін алар орны ерек. Тәуелсіздік – еліміздің ғасырлар бойы аңсаған арманы. Бүгінде Қазақстан халқының басына қонған қастерлі бақ. Халқымыздың асыл мұратын сүйіншілеген Тәуелсіздік ұғымы орталық көшенің шырайын келтіреді деп сенеміз, - дейді қалалық мәслихат депутаты Қобыланбек Кожин.

Кеңестік кезеңнен бері Кутузовтың атын арқалап келе жатқан көшенің павлодарлықтар үшін маңызы зор. Бойында Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы орталық мешіт, ҚР Мемлекеттік рәміздер алаңы, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры, этнобірлестіктер аллеясы сияқты бірқатар маңызды нысан орналасқан көше павлодарлықтарды руханиятқа да, мәдениетке де, отансүйгіштікке де баулып келеді.

Павлодар қаласы жыл сайын қанатын кеңге жайып, көркейіп келеді. Биыл облыс орталығында тың жобалар да қолға алына бастады. Қазақтың мәдениеті мен өнерін әспеттейтін, дәстүрін дәріптейтін, ұлттың құндылығын ұлықтайтын «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені ашылды. Тың бастама облыс әкімі Болат Бақауовтың тапсырмасы негізінде жүзеге асырылды. Өзіндік ерекшелігімен дараланған жоба көптің көңілінен шықты. Этноауыл байырғы қазақ елінің көрінісін көз алдыңызға әкеледі. Бес жасынан атқа шауып, садақ тартқан бағзы дәуірдегі бабаларымыздың бейбіт күндердегі ойын-сауығына куә болып, «Аударыспақ», «Теңге ілу», «Жамбы ату» мен жауынгер қазаққа аңшылық кезінде сенімді серік болған тазылардың да жарысын тамашалау сонда барған әр адамға бұйырады. Онда қазақтың төл мәдениеті мен игі дәстүрінің озық үлгісі ұйымдастырылған. Ақшаңқан киіз үй орын тепкен аумақтан айрықша әсер аласың. Қаланың шырайын кіргізген кешен күн сайын жұмыс істейді. Мұнда әртүрлі мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар өтеді. Ұмыт бола бастаған ұлттық мейрамдар да осы орында сән-салтанатымен ұлықталуда. Мәселен, «Сабантой» мейрамын павлодарлықтар қайта жаңғыртты. Оған сай әдет-ғұрыптар орындалып, қонақтарға қымыз үлестірілді.

- «Этноауыл» - рухани жаңғырудың бір тармағы. Бұл жоба - өңір басшылығының ұлттық құндылықтарға деген көзқарасының жарқын көрінісі. Жобаның мақсаты - өткенді қайта жаңғырта отыра, бүгінге қажеттілік ретінде қалыптастыру. Ұлттық өнер, салт-дәстүр арқылы ұлтжандылықты дамыту. Ал халқымыздың рухын өсіріп, ұмытқанымызды еске түсіріп, ұрпақтарымызға жеткізу үшін мұндай жобаның маңызы зор болмақ. Жалпы, «Этноауыл» - көшпелілер өркениетінде қазақ халқының мәдени, тарихи, фольклорлық, этнографиялық және философиялық үлесі бар екенін танытатын жоба. Оны бәріміз қолдауымыз қажет, - дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Нұғыман.

Шынында да, түтіні түзу ұшқан, қаймағы бұзылмаған берекелі, бейбіт елде ғана осындай ғажап кешен бой көтерсе керек. Жалпы, тарихта бір ұлттың бір ұлтқа қысым көрсетіп, қудалаған, тіпті тарих сахнасынан ығыстырып тастауға тырысып, теперіш көрсеткен оқиғалары көптеп кездеседі. Тағдырдың айдауымен туған жерінен қуылған қаншама ұлт пен ұлыс өкілі қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Өсті, өркендеді, тамыр жайды. Этноауыл сол берекесі мен ынтымағы жарасқан елдің символы іспеттес.

Облыс орталығындағы тағы бір елді елең еткізген жоба «Ертіс Promenade» деп аталды. Алғашқы күннен-ақ көп көңілінен шыққан жоба айрықша өтіп келеді. Жобаны ұйымдастыру үшін Павлодар қаласының төменгі жағажайында жаңа сахна бой көтеріп, лэд-экран орнатылды. Ол жерде концерттер, фестивальдер, көрмелер ұйымдастырылуда. Тек еліміздің ғана емес, шет мемлекеттерден әртістер өнер көрсетуде. Құлақтан кіріп бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би аталмыш бастаманың сәнін келтіруде.

Аз ғана уақыттың ішінде қаланы көркейту жұмыстары да кеңінен қолға алынды. Айрықша сұлулығымен көз тартатын әсем ғимараттар мен салтанатты сарайлардың, көпқабатты тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік кешендердің көптеп салына бастағанына куә боласыз. Ертіс жағасын бойлап, ерекше әсер аласыз. Саябақтардан сая табасыз. Айта кетелік, биыл Павлодар қаласында мәдени және орталық саябақ күрделі жөндеуден өтуде. Бұл орталық бүгінде балаларға ғана емес, үлкендер үшін де таптырмас орталыққа айналмақ. Жасыл желек жамылған орынға ат басын бұратындар көп.

Ертіс жағасына еркін көсіліп қоныстанған қаланың бүгінгі бет-бұрысы осындай. Жалпы, Павлодар қаласы дамудың даңғыл жолына түсті. Қала қазақыланып келеді. Бұл - бір ғана қазақтың емес, күллі Алаш жұртының арманы. Ендеше қуаныш ұзағынан болсын дейміз!

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz