-1-

Түнеріп қара түндей Көпей сопы
Келмеді көптен бері көңіл қошы.
Көп жортқан аяғын бір шалдырад,
Дегені өткендердің сірә осы.
Әйтпесе...
Сандаған жыл сауда қылған,
Көз алдын
Тұмшалар ма ед қалың тұман?
Игілік бай, Қоңырқылжа төре,
Іргесін салмас па ед аулақ мұнан?
- Көпеке, Көпеке, - деп сандаған бай,
Есімін елге жайған патша Құдай.
Аңдамай шалыс басқан бір қадамы,
Әп-сәтте көрмеймісің қылды жұрдай.
Өз малын апарған ед Қараөткөлге,
Саудамен барған ед талай жерге.
Қызмет қып Ахмет, Жәудір саудагерге,
Шарлаумен Түркістан, Ташкент қалаларын
Тағы да талай-талай қалаларда
Атының ойқастаған ізі қалды.
Біткен мал, еткен еңбек, төккен терге,
Саудасы сәтсіз болып қайтқан-ды бұл
Базардан ел жиылған боп қара жер.
Арзанға бермей малын ерегескен,
Шықпаған еш нәтиже құр егестен.
Малын айдап ауылына қайтқан еді,
Сол жылғы тауық жұты шығар ма естен?
Жүз сиыр, төрт жүз қойдан тұяқ қалмай,
Жіберді «ә» дегенше сол жұт жалмай.
-Қайырсыз бұл дүниені қойсаңшы енді,-
Таңырқап деген екен Сопы, - Алла-ай!

-2-

Сөгіліп қар көбесі көктем жетті,
Меңдеген ауыр ойдан көкіректі.
Көпей сопы қалжырап,
Қалғып кетті.
«Ата-аталап» толассыз шыққан бір үн,
Құлағына Сопының келіп жетті.
Көзін ашса,
Жүсібі қасында тұр.
Уылжыған жүзінен шалқыған нұр.
- Құлыным, қарашағым, Жүсібім, - деп,
Талай күннен жүрген ол жаны жүдеп.
Құшағына ап, иіскеп, еркелетті,
- Тірі болсам, оқытам сен тентекті.
Байлық емес адамға, білім жолдас, -
Аузынан деген сөз шығып кетті.
Осы сөзді Ұлбала естіп қалған,
Дей алмады еріне мұның арман.
Әйел үшін еріне қарсы келу
Безуменен тең еді ұят-ардан.

 

-3-

Бірер күн барлап келмек елдің жайын,
Көпекең ерттеп мініп күрең тайын.
Баянға кете барды аттанып ол,
- Тәңірім, өзің оңғар, бере гөр жол.
Сыйынып бір Аллаға, аруаққа,
Сопының таныстары Баяндағы.
Мән-жайды білгенінше баяндады,
- Баяннан, - дейді - мешіт салынады,
Қай жерден оған орын дайындады?
Көпекең сұрап бәрін анықтады.
- Бәрекелді, екен ғой анық бәрі,
Ал енді осы араға жақын маңнан
Үй бар ма сатылатын?
Сауалына Көпейдің құлақ салған,
Біреу тұрып: - Бар,- деді, - өзі әне.
- Үйіңді көрсет, деді, - тамыр, кәне,
Сол үйдің алдындағы орнын сатып,
Көшіртті әлгі үйді ол құлатып.
Ағаштан үй салдырмақ солқылдатып,
Үлгімен көріп жүрген өзі ұнатып.

 

-4-

Бауырында Күйеушоқы паналаған,
Талайлар Сопы атап ағалаған.
Көпекең Жүсібіне қол созатын,
Былдырлап үстел жанын жағалаған.
Сабалап әкесінің бетін басып,
Таңдана бір қарайтын керіп қасын.
Баласы күннен-күнге мінез тауып,
Бұл тұста тілі шыққан сөйлейді анық.
Қызылтау биігінен көзін алмай,
Қоятын оған сұрақ қызық талай.
- Ана арқар, - деген еді ол бірде оған
Тұр неге тас басында, тұр оттамай?
- Ә, ол ма? Арқарларды күзетеді,
Ал өзі демалмайтын болар, тегі.
Ол жағын біле алмадым, менде тегі.
- Демалмайд, жайылмайды қызық екен.
Емес пе, әке, айтшы бұл ертегі?
- Кім білсін, дегеніне күліп бұның
Тәптіштеп сұрағанда арқар сырын.
Көпекең кәдімгідей абдыраған,
Жүсіпке білмеймін деп айтты шынын.
Қызылтау қиясынан қанат қаққан,
Көк әлемін қалықтап жұлдызша аққан.
Бүркіттің апаршы деп ұясына
Қиғылық сап үй-ішін таңырқатқан.
-Өскен соң аңшы ағаңмен барасың,- деп
Көпекең алдап-сулап амал тапқан.

-5-

Сопыға
Пірадарлар көп келетін,
Күн ұзақ әңгімемен өткеретін.
Солардың төңірегінде жүрген ойнап,
Қонағы әкесінің кеткеннен соң
- Әке, - деп алдына кеп жайғасатын,
Қонақтың келіп кеткен атап атын.
- Атаға, сіз Алла бір,
Пайғамбар Хақ дедіңіз ғой,
Бұл оған сіздің айтқан сөзіңіз ғой.
- Иә, дәл солай дедім, балам,
Айтайын оның мәнін енді саған.
Жеті күнде жер-көкті жаратқан,
Қараңғылық пен жарықты
Әлемге байтақ таратқан.
Бір Алла,
Ал Мұхаммед Ғ.С. елшісі,
Бір Алланың ұлы досы ол кісі.
Дүниеге келген соңғы пайғамбар,
Әлемге байтақ ислам дінін жайған бар...
Дегенде баланың жүзі жайраңдады,
Жадында пайғамбардың қалып аты.
Сол күннен танысам деп шартарапты,
Құштарлығы оянып, санасы артты.

 

-6-

Сол күні тағы Көпекең
Кеткен еді Баянға,
- Оралам деп таяуда.
Күндер өтті арада,
Әкесін күтіп далаға,
Үйден жиі шығады.
Мазасы кетіп балада,
- Әкеңнің ісі көп қалада,-
Дегені де шешесінің
Қонбай қойды санаға.
- Сондай күннің бірінде
Киімі де, түрі де
Келіспей қалған тегінде
Бір шал келіп қонжиды
Көпекеңнің төріне.
- Ата, - деді бұл сол шалға, -
Сауысқан жиі қонады,
Ұша-ұша қанаты
Талып шаршай ма
Топтасып неге ұшпайды?
Басқа құстар жылы жаққа кеткенде,
Сауысқан неге қыстайды?
Шал сонда:
- Келін, - деді,-
Тұр екен балаң болғалы.
Таңданған түрі сондағы,
Көз алдымнан кетпеді,
Қара кешке жетпеді.
Жүсіп қатты қысылды,
Қол тигізбей денесі
Күйіп-жанып ысыды.
Сол бір сәтте
Шалды есіне түсірді.
Құлағына шалынды
Ат тұяғының дүрсілі.
Есік қақты әлден соң
Көпекеңнің өзі де.
- Келдіңіз-ау кезінде,-
Дегенінде Ұлбала.
- Аман ба? - деді, - Жүсіп, аман ба?
Аптығып күйіп, пісіп:
- Көзі тиді балаңа,
Пірадардың анада
Келген саған,- деді ол.
- Мал біткенді құртқан сол,
Енді балаңа...
Қызуы артқан Жүсіптің
Белгісі бар ұшықтың
Қиналғаны байқалад,
Қысқан бойын құсықтың.
Денесінің қызуы
Бір басылып, бір артып,
Көз алды жатыр мұнартып.
- Әке, деді әлден соң,-
Келдің бе?
Менің ауырып қалғанымды
Көрдің бе?
- Әй, Ұлбала,
Сандықта шөп бар еді, қарашы,
Бері әкел, таптың ба?
- Осы шөп-ау, шамасы,-
Деп бір уыс шөпті ұсынды.
Әкел дереу қайнатып,
Киімін шешіп жайғасып,
Бір Аллаға сыйынды.
- Бер балаға шай қасық.
- Шалы құрғыр...
- Ашытпа деймін миымды.
Ішті бала.
Аздан соң
Көзі ілінді,
Шыпшыған тер білінді.
- Шалдан келді көзі оның...
Кесірі ақыр бұл соның.
- Әй, деді сонда Көпекең,-
Малыңа да ұлыңа,
Шашылған текке пұлыңа,
Көзің жетпей қаралап
Жазықсыз жанға ұрынба!
Обалы бар мұның да!
Ал көз тию - қазақтың
Көне ырым-жырымы,
Бабадан мирас бұрынғы.
Оны мен жоққа шығарман,
Жұтаған жұта малыңа,
Қаншама жұрт жұтқа шалынды.
Хадистің көзі тисе егер,
Құрбандыққа шалуды.
Байлар қолға алмас па?
Көзі жаман пірәдар
Бассыз сорлап қалмас па?-
Дегенде күліп Ұлбала:
- Жазыла ма бұл бала?-
Деп Көпеңнен сұраған.
Даусы шықты сол сәтте
Жүсіптің су сұраған.
- Екі-үш күн тамақ ішпедің,
Сүтті мына жұт қане,-
Деп Жүсіптің көңілін
Өздеріне бұрған-ды.
Күңгірт тартқан көңілдері
Бір-ақ сәтте нұрланды.
Қос мұңлықтың жүзінен
Қуаныш лебі шалқыды.
Жарқырғанын Алаштың
Көмескі тартпас алтыны.
Ол сәтте ешкім сезбеді,
Бас көтерген Жүсіпке
Қадалған еді көздері.
Жалғасы бар.

 

Сүлеймен Баязитов

 

 

Тіл - халықтың байлығы

Мен, Балғабай ТҮСІПБАЕВ деген аталарың, Баянауыл ауданында тұрамын. «Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең, Есік алды төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең», - дейді атамыз. Көп жылдардан бері оқыған, естіген ақыл-нақыл сөздерді қалың дәптерге жазып отыруды әдетке айналдырып едім.

Сөздің көркі - мақал деген,
Үлгілі сөз бола ма кез.
Оқып, біліп жазбаса,
Алтын мен жез алынбас тез,

Еңбектеніп қазбаса, - деп жырлаған екен Алма Оразбаева. Ал орыс ғалымы В.Радлов: «Қазақтар - шешендік өнердің отаны» деп баға берген. Осынау шешендік сөз өнерін жалғастырушылар жас ұрпақ оқысын, жадына тоқысын деген ниетпен жиған-тергенді, ойларымды газетке жолдадым.

1. Қазір көптеген ата-аналар балаларының ағылшын, орыс тілін меңгергенін қалайды. Бірақ өзінің ана тілін үйретуге құлқы жоқ. Өз ұлтын сыйламаған кімді ұшпаққа жеткізбек? Өзін жоғалтқан өзге болып жарытпайды.

2. Адамзат тарихында жаһандану жүріп жатыр. Сондықтан әр қазақ ата-баба тілін, дінін, ділін құрдымға кетірмей сақтап, қызмет қылу - парыз.

3. Тілі өркендемеген ел ешуақытта ел болып тұра алмайды.

4. Ең мықты заң - халықтың дәстүрлері (Конфуций).

5. Ұрпақ - қазақ халқының мол мұраты. Өмірдің мәні де, сәні де - артыңда мол ұрпақ қалдыру.

6. Атаның салт-дәстүрі - ұлттың келешегі.

7. Атаның ұлы ұлтын сақтар, шешенің қызы жұртын сақтар.

8. Ұлың жақсы болса, аспандағы жарқыраған жұлдыз болар, қызың жақсы болса, суда жүзген құндыз болар.

9. Ұлттық тәрбие алмаған ұрпақ келешекте өз ұлтына апат әкеледі (Әл-Фараби).

10. Ізеттілік, кішіпейілділік - тектілік белгісі.

11. Есті қыз етегін қымтап ұстайды.

12. Намысы жоқ қазақ өзге ұлттың қаңсығына табынады.

13. Көріп алған тексізден көрмей алған есті артық.

14. Мұсылман адамның бойдақ жүруі күнә болып табылған.

15. Өзін өзі ойлаған - надандықтың белгісі, өз халқын ойлаған - адамдықтың белгісі (Абай). Жалғасы бар.

 

Балғабай ТҮСІПБАЕВ, Баянауыл ауданы.

saryarka-samaly.kz