Қайткен күнде де соғыс әрекеттері әлі де болса жалғасып жатты. Баянауланы жау қолынан азат етуде Абылай хан, Бөгенбай, Олжабай, Жасыбай, Малайсары батырлардың қосқан үлесі ерекше. Абылайдың бағы жанып, өзінің төре атағын қайтаруына себепкер болған қалмақтың Шарыш батырымен жекпе-жегі еді. Кәрітауға (Ерейментауға) келіп қалған қалмақпен Орта жүз қолы Өлеңті өзені мен Кәрітау аралығындағы жалпақ аңғарда шайқасады.  Шайқас алдында ежелгі көшпелілер дәстүрі бойынша екі жақтың азулы батырлары жекпе-жекке шыққан. Қалмақ жақтан шыққан Қалдан-Серен туысы (бір деректерде баласы) Шарыш (Сәру) батыр бірнеше қазақ батырларын өлтіріп, мысын басып елеңдеп тұрады. Сол уақытта топ арасынан Сабалақ шығып, қалмақ батырымен айқасуға әскер қолбасшысы Бөгенбайдан рұқсат алады. Атасының рухын көмекке шақырып «Абылайлап», Шарышқа қарсы ұмтылған Сабалақ ақыры қас жауының басын алады. Жекпе-жекті жалғастырған шайқаста рухы түскен қалмақты қазақ әскері ойсырата жеңеді. Осы оқиғадан кейін Әбілмансұрдың шын шығу тегі анықталып, Әбілмәмбет хан оны өзінің қасына сұлтан етіп қосып алады, ал халық «Абылайлап» ұрандаған Әбілмансұрға Абылай деген ат қояды. Осы шайқаста қайсарлығымен көзге түскен жас Сабалақ (Әбілмансұр, Абылай) бір жылдан кейін, 1734 жылы Сабындыкөл жағасында үш жүздің игі жақсылары қатысқан үлкен жиында Орта жүздің ханы етіп сайланған еді:

«Баянаула, Сабындыкөл басында,
Үш жүзге шықты Абылай хан сайланып.
Мың бір жүз қырық алтыншы
жылында еді,
Үш жүздің басын қосқан жиын еді».

Осы жоңғарлармен болған соғыстарда ерекше көзге түскен Айдабол руынан Олжабай батыр еді.

Қазақ арасында Олжабай батырдың есімі Баянаула тауларының маңында болған атақты «Қалмаққырған» шайқасымен байланыстырылады. Қалмақтар осы Баянаула өңірі үшін күресте әсіресе күшті қарсылық көрсеткен болатын. Кезінде қазақты ығыстырып, Сарыарқаны жүз жыл  шамасындай мекен еткен қалмақтар үшін бұл өлке қолдан қимас жер еді. Тіпті қазақтар арасында қалмақтардың осы Баянаула-Қазылық жерлерін айтып жылап-жоқтаған зары сақталып қалған:

«Үш атамыз өткен тay,
Үш мың қара біткен тay.
Баян бір аула Қазылық,
Жолың жатыр қазылып...
Қайран да, қайран, қайран тay,
Маған пайдаң тиген тay.
Әкем күйеу болған тay,
Енем келін болған тay.
Ақ бүркеншек салынып,
Ana берен киген тay.
Кетейін деген ойым жоқ,
Айналасы толған жау».

Сонымен қатар, Баянаула қазақтарының арасында «Алтын бесік» жайлы тарихи аңыз кеңінен тараған. Аңыз бойынша алғашында асығыс қашқан қалмақ билеушісі алтын қазынасын Баянауланың Сарыадыр деген жерінде тыққан екен:

«Мойылды ағып жатқан бұлақ бар ма,
Қазақтар, сендер мұны көрдіңдер ме?
Басында Сарыадырдың орнатылған,
Төрт кез тac, белгі қылған әлі тұр да.
Жылапты сонда Ежен жасын төгіп,
Тізесін қолмен басып, белін бүгіп.
Бөлеген жеті атадан алтын бесік,
Кетіп ек қысылғаннан сонда көміп», - деген мәлімет келтіреді Жамалидин Әлқожаұлы өзінің қолжазбасында, яғни, қалмақтар Баянаулаға шабуылдағанда «Алтын бесікті» қайтару мақсаты да көзделген сыңайлы.

Осы себептерден Баянаула тауларында бекінген жоңғарларды талқандау қазақ әскері үшін оңайға түскен жоқ. Баянауланы азат етуге Олжабай батырдың жиені Жасыбай батыр бастаған қол аттанады. Жасыбай жасағы Ақкелін, Көкдомбақ тауларындағы қалмақтың он мың қолдық негізгі күші саналатын әскерін күйрете жеңеді. Қалмақтарды өкшелей қуған Жасыбай жау тосқауылдарын бұзып-жарып, Шойындыкөл тұсындағы асудан асады. Тауға шығып, жан-жағында жау көрінбеген соң, бір тынығып алмақ болады. Сол кезде бір тастың тасасында бұғып жатқан қалмақтың Құба мергені көздеп тұрып садағын тартады. Аңғал батыр құлап түсіп, басын қайта көтереді де, жасағына өсиет айтады: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, басыма Малайсары белгі орнатсын, артымда қалған жетімдерге қарт Бөгенбай көз салсын...». Қайғылы хабарды естіген Бөгенбай, Олжабай, Малайсары батырлар Жасыбайдың қаза тапқан жеріне келеді. Жасыбай оққа ұшқан асу сол оқиғадан кейін «Жасыбай асуы» деп аталыпты. Жасыбайды жерлеп, қабірінің басына үш түп жас қайың еккен екен. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде Жасыбай көлі аталсын деп ұйғарады. Жасыбай кегін қуған Олжабай батыр Серектасқа бекінген жау қолын қырады. Бұл жер кейіннен «Қалмаққырған» аталып кеткен екен. Сөйтіп халқымыздың қайсар батыры Жасыбай небары топ бұзар жиырма бес жасында, елінің азаттығы жолында қаза болған.

Жасыбай батырдың кегін алған «Қалмаққырған» шайқасы 1740-1741 жылдарда болған оқиға деп шамалау керек. 1739-1741 жылдардағы соғыстарды сипаттай отыра қазақ-жоңғар қарым-қатынастарына арнайы еңбек жазған тарихшы В.Моисеев «Однако попытки джунгарского командования нанести удар с юга потерпели неудачу... Еще раньше казахские дружины разгромили улус ойратского главнокомандующего Септена. Особенно отличился в этой войне батыр Олжабай, которого народ в своих преданиях и исторических песнях называет победителем Галдан-Цэрена», - деп жазады. Осы шайқастан кейін қалмақтардың беті қайтып, Сарыарқаны өздеріне қаратудан бір жола үміт үзеді: «Біздің қазақ бұл Сарыарқаға келіп, ие болғаны Абылай хан заманынан аз-ақ ілгері. Бұл қазақ иесіз жатқан жерге текке келіп, ие болған жоқ. «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен», жаннан кешіп, кеше Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек замандарында қалмақпен жаудай алысып, жаттай соғысып, шыбын жанын шүберекке түйіп, не маңғаз сарбаздары жау жолында оққа ұшып, өлгені өліп, қалғаны қалып, сөйтіп алған жері еді. Баянаула тауында «Жасыбай асуы» - сол Жасыбай, қазақтың батыры, қалмақпен атысып, оққа ұшып, сол жерге қойғаннан «Жасыбай» атанған. Қызылтаудың бауырында «Қалмаққырған» деген жер - қалмақтың қазақтан ақырғы қырылған қырылысы. Жасыбай оққа ұшқан жолы ер Олжабай бас болып аттанып, қалмақты сол жерде қойдай қамап, иіріп қойып қырып, сонан «Қалмаққырған» атанған. Сонан соң қайтып қалмақ бұл Арқаны көре алған жоқ», - деп жазады Мәшһүр Жүсіп бабамыз. Баянауланы азат еткен қайсар батыр - Олжабай осы жерде біржола орнығып, Жасыбай көлінің маңында қыстауы болған. Мәшһүр Жүсіп «Жасыбай өлді де, Олжабай қалды. Жасыбай асуының аузына Жалаңтөс деген баласын қыстатып, Олжабайдың өзі «Ізбөшке» (избушка) деген асудың аузына қарсы қыстап еді. Дүние деген, шіркін, көшпелі екен: қазақтың тұлпар мініп, ту ұстаған, кейінгі үрім-бұтағына олжа салған батыры ең ақырында мұжықтың поселкісінің аты болды», - деген мәлімет келтіреді. Шежіреші атайтын Олжабай қыстауы қазіргі таңда Жасыбайдағы «Аққайың» демалыс орны тұрған жерде орналасқан екен.

Осылайша батыр бабаларымыз атамекені үшін жандарын беріп, кең-байтақ қазақ даласын жау қолынан сақтап қалды.

Дана би – Шоң Едігеұлы

Баянаула өңірінің келесі тарихи кезеңі Ресей патша үкіметінің отарлық саясатының қысымына ұшыраған қазақ халқының азаттық іс-әрекеттерімен ерекшеленеді.

ХІХ ғасырдың 20 жылдарының бас кезінде Ресей империясы қазақ халқын толық бодандықтың жағдайына түсіру мақсатында отарлау саясатының әдістерін жетілдіре түседі. Қазақ даласында өзінің билігін орнықтыру және күшейтуді көздей отырып, қазақ хандығының саяси басқару жүйесінде әкімшілік-территориялық реформалар жүргізе бастайды. Осындай реформалардың бастамасы 1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы Жарғы» болды. 1824 жылы патша өкіметі Орта жүз жерінде сыртқы округтерді ашуға кіріседі.

Алғашқы Қарқаралы округі 1824 жыл-дың 8 сәуірінде ашылды. Оған аға сұлтан болып Бөкей немересі Тұрсын сайланды. Жаңа құрылған округке кірген болыстар құрамында 20 мыңдай шаңырақ болды. Округті ашу барысында Батыс-Сібір генерал-губернаторлығының басшылары Баянауыл жерін соның ішінде Төртұлы одағын Қарқаралы округінің құрамына қоспақшы болады. Бірақ белді би Шоң Едігеұлы басқарған жергілікті ру басшылары оған қарсы болады. Төртұлы одағы негізінен Орманшы, Қаржас, Жанболды, Құлболды руларынан тұрды. Шоң мен Шорман шығысында Ертіс, батысында Ереймен, Аюлынияз таулары, солтүстігінде Ақкөл-Жайылма, оңтүстігінде Қызылтау-Желтау аралығын жайлаған рулардың басын Төртұлы одағына қосқан. Олар Сібір басшыларынан Төртұлы одағына жеке округ ашып беруді ұсынады.

Баянауыл сыртқы округінің ашылуы екі топтың - атап айтқанда Шоң би мен сұлтандар арасындағы күрес негізінде жүрді. Бұл күрес Шоң бидің төрелер билігін мойындамауынан келіп туды.

1826 жылдың 14 ақпанында Шоң би Қарқаралы округтік приказының отряд басшысы жүзбасы Карбышевқа «... для спокойствия и мира нашего народа согласен на открытие окружного дивана при горе Баян-Ауле, желаю быть подданным милостивейшего государя и обязуюсь исполнять все его законы, не нарушать их, не совершать плохих дел и даже не думать об этом», - деп Баянауыл округтік приказінің ашылуына келісетіндігі туралы қолхат береді. Бұл мәселені шешу үшін Шоң би 1826 жылы Омбы қаласына Төртұлы, Бәсентиін, Қанжығалы болыстарының өкілдерінен тұратын өз баласы Тәкей, Ботпай баласы Кейкі, Қазанғап Сатыбалдин және қанжығалы  старшыны Тұман Ақжігітов басқарған делегация жібереді.

Осы жылдың 15 ақпанында Төртұлы болысының қазақтары Карбышевқа Баянауыл округінің құрамына енуі туралы және аға сұлтандыққа Шоң Едігеұлын сайлауға келісетіндіктері туралы қолхат жазады.  Онда «... желаем быть в подданстве и под покровительством милостивейшего великого государя и управляться Баян-Аульским окружным диваном, который предполагается открыть в Баян-Ауле, и чтобы в этом диване управлял за старшего султана указанный бий Шон Едигеулы», -деп жазылған.

1826 жылы 9 наурызда Карбышев Омбы облысының бастығы полковник Броневскийге Төртұлы, Қанжығалы және Баянауыл болысы қазақтарының Баянауыл округінің ашылуына келісетіндігі туралы рапорт жазады.

Округтің ашылу мәселесі 1826 жылдан 1833 жылға дейін созылады. Осы уақыт аралығында Шоң би Ресей әкімшілігімен округті ашу мәселесі бойынша хат алысып отырады. Белгілі жазушы Қалмұқан Исабаевтың айтуынша, Шоңның Батыс Сібір генерал-губернаторына жазған 60-тан астам хаты бар, көбі Санкт-Петербург мұрағатында сақталған.

Арада жүргізілген келіссөздер нәтижесін-де тек 1833 жылдың 9 наурызында Сібір комитеті Баянауыл сыртқы округін ашу туралы қаулы қабылдайды. Сөйтіп 1833 жылдың 22 тамызында ресми түрде Баянауыл сыртқы округі ашылған болатын. Бірақ, аға сұлтандыққа ешкім тағайындалмады.

Тек екі айдан соң 1833 жылдың 1 қараша-сында Батыс Сібір генерал-губернаторы И.Вельяминовтың Омбы облысының бастығы Броневскийге Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтандығына Шоң Едігеұлын, оның орынбасарлығына Шорман Күшікұлын тағайындау туралы бұйрығы келеді. Заседатель етіп Боштай Тұрсынбаев пен Бердалы Қазанғапов сайланды. Орыстардан заседатель болып Сахновский мен Таханович, хатшы болып Слижик тағайындалды. Сөйтіп Шоң мен Шорман патша жарлығын бұздырып, аға сұлтанды «қара» қазақтан сайлатады.

Осылайша Баянауыл округі ашылған болатын.

Жалғасы бар.

Алтынбек НУХҰЛЫ, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, х.ғ.д., профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

saryarka-samaly.kz