Качир ауданында мал шаруашылығын дамытуға да басымдық берілген. Соған қарамастан, кейбір елді мекен-дерде талай жылдардан бері ветеринарлық пункттер жаңартылмаса, кейбір ауылдарда мұндай орындар мүлдем болмаған. Биыл бұл мақсатқа арнайы қаржы бөлініп,  аудан бойынша мал ауруларының алдын алуға мүмкіндік беретін нысандар салына бастаған. Ауданға қарасты Жаңабет ауылында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пункт құрылысы жүргізілуде. Сәуір айында басталған нысанның құрылысы бүгінде аяқталып та қалған. Негізгі жұмыстар түгелдей дерлік атқарылыпты. Оған жауапты - «Логотек KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

- Бұл ветеринарлық пунктте мал ауруының алдын алуға барлық жағдай қарастырылатын болады. Қазіргі уақытта төрт түлікке екпе салатын жер, белгі соғуға ыңғайлы арнайы қоршау салынуда. Заманауи ветеринарлық құрал-жабдықтар жеткізіледі.  Мұнда малға екпе салынып, қан алынады. Сараптамасы жасалатын болады. Малды өсіруге ынта болса болғаны, - дейді Бобровка ауылдық округі әкімі Руслан Омаров.  

Бүгінде аталмыш орталықта жұмыс істейтін мамандар жеткілікті. Нысанның  құрылысына жалпы 23 миллион теңгеден астам қаржы бөлініпті.

Мереке АМАНТАЙ
Жаңабет ауылы, Качир ауданы.

saryarka-samaly.kz