Ауыл тұрғындары үшін ауызсу мәселесі қашанда өзекті. Тереңкөл ауылындағы су тазарту қондырғысы бар болғанымен, әбден ескірген. Жарты ғасырдан астам уақыт ешбір тазарту, жөндеу жүргізілмегендіктен, судың да сапасы төмендеп кеткен. Мәселе енді шешімін тауып келеді.

Қазіргі уақытта аудан орта-лығындағы ауызсумен жабықтау жүйесінің құрылысы ойдағыдай жүргізілуде. Аталмыш жүйе орналасқан ғимарат та күрделі жөндеуден өткізілген. Бас мердігер - «LifeСтройИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш нысан ағымдағы жылдың қазан айында қолданысқа берілуі тиіс. Су құбырын тартуға міндетті мердігерлер жұмысты белгіленген мерзімде аяқтаймыз деп отыр.

- Жұмыстың 70 пайызы атқарылды. Арнайы су тазарту құрылғысы жеткізілді. Бір аптадан кейін монтаждау жұмысы басталады. Ендігі жерде ауыл тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болады, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Әсия Жүсіпова.

Мұндай жұмыстар Бобровка ауылдық округіне қарасты Жаңабет ауылында да қарқын алған. Мұндағы су құбыры 10 мың шаршы метрді құрайды. Бобровка ауылдық округінің әкімі Руслан Омаровтың айтуынша, атқарылып жатқан жұмыстың барлығы жіті назарда.

Мұндағы құрылыс жұмыстарына «Тим Баг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тартылыпты. Жұмыстар келер жылы толық аяқталады деп жоспарлануда. Бүгінде ауылдың біраз бөлігіне негізгі құбырлар орнатылған. Ал тұрғындар қаласа, үйіне дейінгі аумаққа өз есебінен тартып алуына болады.

Бүгінде әлеуметтік таза су мәселесі шешімін тапқан ауылдағы ағайынның қуанышында шек жоқ. Қашықтан су тасып, талай жыл табан тоздырғандар атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза. Елді мекеннің еңсесін тіктегені  тұтас елдің тұрмысы түзелгені деп білетін качирліктер келер жылы да ауыл ажарын ашатын игі жұмыстар атқарылатынына сенеді.

Мереке АМАНТАЙ
Качир ауданы.

saryarka-samaly.kz