Олар 20 жыл бұрын оқыған сыныптарына кіріп, ұстаздарымен жүздесті. Бір-бірімен көрісіп, балалық шақтарын естеріне түсірді. Аға-әпкелерімізге арналған кеште оқушылар ән шырқап, би билеп, өлеңдер оқыды. «Еркеназ» би тобы «Қаражорға» биін биледі. Түлектерге арналып көптеген ойындар да ойнатылды. Аға-әпкелеріміз ұстаздарына алғыс білдірді. Солардың арасында Д.Мақажановтың алғашқы ұстазы Л.Ошимоваға арнаған тілегі ерекше болды. Түлектер мектеп ұжымына ризашылық білдірді.

Ақдана ҚАББАР, Гүлмира ҚАЖЫБАЕВА, Ақкөл орта мектебі.

 

Бұл кемшілік пе?

Міне, көктем де келді. Жасөспірімдердің арасында киім киіп ерекшелену туралы өзара бәсекелестік пайда болды. Мысалы, біздің сыныпта ерекше киінетін ұл бала бар. Таяуда ол өзіне шалбар, кеудеше тіктірді. Киімнің қатпарларына және желбірлеріне ақ түймелер тігіліп, тізесіне дейін салбырап тұратын шынжырлар қадалған. Сол киімімен мектептегі бір кешке келді. Күліп едік, «мәдениеттен жұрдайсыңдар, түк білмейсіңдер» деп кінәлады. Ерсілеу киінетін қыздар да бар. Олар бізден бөлек жүреді, өздерін бәрінен артықпыз деп санайды. Осындай «модный» киім кию - адам талғамының әсемдік туралы түсінігінің таяз екенін білдіре ме, әлде адамдар өзіне ұнаған киімді кимесе сәннен қалғаны болып санала ма? Қалай киіну керек? Егер сән қууға кейбір балалардың жағдайы жоқ болса ше?

Адай, Сәуле, 10-сынып оқушылары, Шарбақты ауданы.

Адай мен Сәуленің сауалына жоғары санатты педагог-психолог Бақыт БЕЙСЕКЕЕВА жауап береді.

-Жалпы, балалар, адамның киім киісі оның ой-талғамынан, ішкі мәдениетінен хабардар етеді. «Танитын жерде ой сыйлы, танымайтын жерде бой сыйлы», «Киіміне қарап қарсы алып, ақыл-ойына қарап шығарып сал» деген мақал-мәтел тек біздің халықта ғана емес, басқа жұрттарда да бар. Адам қай жаста болса да, бой-бітім, келбетіне лайық, сүйкімділігін көрсететін жарасымды киім кигені жөн. Ал сән қуып, қысқа көйлек-юбка киіп, аяғын жарқыратып көрсету қазақ қызына тән емес. Мен қыстың қақаған аязында капрон шұлықпен немесе шашын бұрқырата бұйралап, жалаң бас жүрген қыз балаларды жиі көремін. Бұл адамды сұлу етіп көрсетпейді, керісінше, күлкілі ғой. Аязды күнде жалаңаш жүру - өзіңді өзің ауруға итермелеу деген сөз. Ал жасөспірім қыз бала неге ерсі киінеді? Бұл - жеңілтектік, ал жеңілтектіктің ар жағында не барын өздерің де жақсы білесіңдер. Жасөспірім шақта ер бала сән қуса, сәнді киім кисе оның ерсілігі жоқ. Бастысы, көзге қораш, дараланып көрінбесе болғаны. Ал ерсі, күлкілі көрінсе онда оның талғамының қандай екендігін көрсетеді. Жалпы, біреудің киген киіміне қарау, сынау, күлу, сөз қылу дұрыс емес, балалар. Мәдениетті адам өзі байқап қалған жақсы яки ұнамсыз дүниеге деген көзқарасын байқатпау керек, осы естеріңде болсын. Киімге қайта оралар болсақ, ерте бастан сән қуу, қымбатқа ұмтылу жақсылық әкелмейді. Саналы адам сыртқы сұлулықтан гөрі, ішкі парасатқа, ақыл мен білімге мән береді. Әдеби кітап, газет-журнал оқу, ғаламтордан да қажетті дүниелерден хабардар болу, әр пәнді терең оқып, жан-жақты болуға ұмтылу, міне, қазіргі сендердің басты міндеттерің осы болу керек. Жүзуді, коньки, шаңғы тебуді үйрену, әдемі билей білу, спорттың әр түрімен айналысу, музыкалық аспапта ойнай білу, т.б. түрлі өнер-мәдениеттен хабардар болсаң, кез келген ортаның назарын аударасың әрі сүйкімді болып көрінесің. Ал сән қуып немесе қымбат киіне алмайтын балалар болса, оның несі айып?! Таза, жасыңа лайық, қарапайым киінсең, міне сонда сен мәдениетті, сымбатты болып көрінесің. Жылт еткенге қызығу, көрсеқызар болу жақсы қасиет емес. Киім, сән - бүгін бар, ертең жоқ, өзгермелі дүние. Ал оқу-білім, өнер - адамды биікке жетелейтін тамаша қасиеттер.

Ақылды болыңдар, айналайындар!

 

Спорттық шара

Біздің мектеп салауатты өмір салтын насихаттауда алда тұрған білім ордасы деп санаймыз. Өйткені бізде екі тренажер, үлкен спортзал, спорт алаңы мен футболға арналған жаңа үлгідегі алаң бар.

Апта сайын мектебімізде түрлі спорттық ойындар өтеді. Мысалы, «Кәнекей, ұлдар!», «Кәнекей, қыздар!», «Мен және менің анам», «Толағай» сияқты спорттық шаралар өтіп тұрады. Қазақша күрес, волейбол, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ және ат спортынан үйірмелер жұмыс істейді. Қазақша күрестен Данияр Амантаев ағайдың шәкірттері Ғ.Ақтай, С..Шәріпханов, Д.Шәріпхановтар облыстық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Ұлттық ойын -тоғызқұмалақтан Ә.Шарапат республикалық жарыстарға қатысады, жетекшісі - Дәулен Мақажанов. Мектепте ат спорты үйірмесі өте жақсы дамыған, оған дәлел - біздің ауылдың жігіттері облыстық көкпар сайысына қатысады. Қазіргі уақытта Оразалы ағай біздің ер балаларға ат үстінде қалай отыру керектігін үйретіп, тай жарысын да ұйымдастырып тұрады. Жыл сайын облыста өтетін шахмат жарысына И.Қабдрашит, шаңғы жарысына Ж.Мұқтаров, Ғ.Ақтай, С.Шәріпханов қатысады. Спортшы балалар -біздің ауылдың мерейі. Олардың фотосуреттері қабырғада ілінген. Біз оларды мақтан етеміз.

Дана ЖҰМАҒАЛИЕВА, Аружан ЖҮСІПБАЕВА, Ақкөл ауылы, Екібастұз қаласы.

 

Танысу хат

Сәлеметсіздер ме, Ақкөл ауылының оқушылары, жаңа достар! Мен - Академик Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Қымбат Садық боламын. Сынып жетекшім - Сәуле Зейнелғабиденқызы. Сыныбымызда 5 ұл, 5 қыз бала бар. Жалпы, мектеп оқушыларының барлығы - шетінен өнерлі жастар. Спорт сайыстарынан да биіктен көрініп жүр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсім Амантайқызының жетекшілігімен «Айналайын» қосымшасына да мақала, өзіміздің шығармашылық жұмыстарымызды жіберіп тұрамыз. Сондай- ақ, «Айналайын» қосымшасы арқылы танысу достық көпірі орнады. Ендігі мақсатымыз - әулиелі Ақкөл ауылына барып, кездесу кешін өткізу.

Газеттің 11 ақпандағы «Айналайын» қосымшасында Ақкөл орта мектебінің 9-сынып оқушысы Назерке Ешниязованың Танысу хатын оқыдым. Назерке, сәлем! Хат жазысып тұрайық, телефон алмасайық дегім келеді. Болашақта қандай мамандық иесі болуды армандайсың? Қандай кітаптар оқыдың? Мектебің, өзің және құрбыларың жайлы жаз. Хабар күтемін.

Баянауылдан көптеген ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер иелері шыққан. Солардың арасында академик Қаныш Сәтбаев есімі әлемге жақсы танымал. Міне, осындай дара да дана тұлға Теңдік ауылыңда туып-өскен.

Бүгінгі күнде мектебімізде Қаныш Сәтбаев мұражайы және кітапханада Қаныш ата туралы кітаптар да мол. Алдағы уақытта орайы келсе, Сіздермен жақын танысып, ауылымыздың тарихын жақынырақ таныстыратын боламыз. Жаңа достар, сіздермен хат-хабар алысқаныма өте қуаныштымын!

Сәлеммен, «Жас қалам» үйірмесінің мүшесі

Қымбат САДЫҚ, 10-сынып оқушысы, Қаныш Сәтбаев орта мектебі, Баянауыл ауданы.

 

Ана тілім

Ана тілін қастерл ейтін қазақпын,
Туған тілде құдірет бар ғажап-тың.
Өзге тілде таза сөйл ей білсең де,
Өз тіліңді біл е алмасаң азап-мұң.

Туған тілді білме у аса зор қайғы,
Тіл тағдырын ұмытуға болмайды.
Қастерл ей біл қасиетті тіліңді,
Безінген ел бесігінен сорлайды.

Айта айта болған жауыр мәсел е,
Мәртебесі тілсіз елдің өсе ме?
Сабылып жүр шала тілді бауырлар,
Ана тілін ұмытып, өзге тілде бөсе ме?

Ана тілім, жас ұрпағын жырлайды,
Ана тілім, әл ем сырын толғайды.
Туған тілді қастерл ей біл, ағайын,
Тілің барда кеудеңе күй орнайды.

Перизат ЖҰМАГЕЛДИНОВА, 11-сынып оқушысы Қаныш Сәтбаев орта мектебі, Баянауыл ауданы.


 

saryarka-samaly.kz