Жергілікті «Green Time PVL» жауап-кершілігі шектеулі серіктестігі биылғы көктемнен бастап картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат пен пиязды қабықтарынан тазалап, турап, арнайы вакуумға салып, сата бастады. Компания директоры Евгений Резмирицаның айтуынша, бұл қыз-келіншектердің уақытын айтарлықтай үнемдейді әрі  отбасылық қалтаға түсер салмақты едәуір азайтады.

- Қазіргі уақытта әйел адамдар ерлермен тең жұмыс істеп, тіпті кейде үйге олардан кеш оралады. Жұмыстан келген соң үй шаруасын да дөңгелетуі керек. Әсіресе, отбасы мүшелерінің қарны аш болмауын, тоқ жүруін алдыңғы қатарға қояды. Ал көкөністерді тазалап, турап, пісіру біршама уақытты қажет етеді. Сондықтан, біз тың жобаны қолға алып отырмыз. Компаниямыздың өнімдерін сатып алу арқылы тамақтың пісуіне жұмсалатын уақыт азайып, түскі, кешкі ас тез арада дайын болады. Сонымен қатар, бұл отбасылық бюджетті үнемдейді. Айталық, дүкеннен сатып алған көкөністің тең жартысы шірік, жарамсыз болуы әбден мүмкін. Ал сол жарамсыз өнімді тұтынушы қалтасынан ақша шығарып, сатып алды. Біздің өнімнің ерекшелігі – оның пайдалануға жарамдылығын вакуум арқылы байқап, көз жеткізуге болады, -дейді Е.Резмирица.

Бүгінде аталмыш серіктестікте 2 адам жұмыс істейді. Арнайы технологиялар Беларусь пен Қытайдан сатып алынған. Өңделген өнімді салатын вакуум Ресейден жеткізіледі. Ал шикізат, яғни картоп, қырыққабат, сәбіз бен қызылша – жергілікті шаруалар еңбегінің «жемісі». Оларды сақтау үшін Черноярка ауылында сыйымдылығы 200 тонна болатын көкөніс қоймасы бар. Компания күніне 2 тонна өнімді өңдеуге қауқарлы. Бір сағатта 150-350 килограмм көкөністі турап бере алады.

- Шетелдегі кәсіпорындардың 80 пайызы осы технология бойынша жұмыс істейді. Ал біздің компания – елімізде дәл бұл бағытта жұмыс істейтін алғашқы өндіріс. Қазіргі уақытта тазартылған, туралған өнімді Павлодар қаласындағы «Лидер» сауда желісінен сатып алуға болады. Көкөністер көлемі 300 грамм –5 килограмм аралығында болатын вакуумдарға салынады. Орташа баға –200-270 теңге аралығында. Осы орайда баға шикізаттың құнына байланысты ауыспалы болатынын атап өткен жөн, - дейді компания директоры.

Сатып алушылар бастаманың құптарлық екенін айтқанымен, күмәндарын да жасырмады. Тұтынушылардың басым бөлігін толғандырған алғашқы сауал – тазаланған көкөністі қанша уақыт сақтауға болады? Павлодарлық Евгения Ефремованың айтуынша, үйде ас әзірлегенде картоп суда тұрмаса, бірер сағатта қарайып, тұтынуға жарамсыз болып қалады. Сондықтан, жарамдылық пен өңделген өнімді сақтауға қатысты мәселелер алаңдатпай қоймады. Бірақ, Евгений Резмерица уайымдауға негіз жоқ екенін алға тартты. Айтуынша, тиісті сертификаттардың бәрі бар, сапаға қатысты талаптарға сай. Жарамдылық мерзімі – 6 күн. Ал бұл алты күн өткен соң өнімді қоқысқа лақтырмай, малға беруге де болады. «Яғни, біздің өнім – қалдықсыз. Жарамдылық мерзімі бітсе де кәдеге жаратуға болады» дейді ол.

Тұтынушылар тарапынан қойылған тағы бір сауал бағаға қатысты. Айталық, дүкен-дегі қызылшаның бір келісі шамамен 250 теңге болса, компания ұсынып отырған туралған қызылшаның құны – 380 теңге, тазартылған өнім – 370 теңге. Мұндай баға кейбір сатып алушыларға тиімсіз көрінеді.

- Бағамдап қарасақ, бір келі қызылшаны 220-250 теңгеге сатып алуға болады. Оны тазалау соншалық қиын емес әрі көп уақытты қажет етпейді. Сол себепті оны таза күйінде 380 теңгеге сатып алғанда қарағанда 250 теңгеге алғаным әлдеқайда тиімді, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Сәния Омарова.

Кәсіпкердің айтуынша, таяу арада жер-гілікті өнім нарыққа шыға бастайды. Сол уақытта туралған көкөніс құны арзандайды. Оған қоса, толық қуаттылыққа шыққан соң, яғни 1000-2000 тонна өнімді сатылымға жөнелткенде баға айтарлықтай төмендейді. Қазіргі уақытта компания инвестор іздеп, келіссөздер жүргізуде.

- Тұтынушылар мен қоғамдық та-мақтану орындарынан бірқатар ұсыныс бар. Мәселен, сатып алушылар біздің өнімді тек таза, шикі, туралған күйінде емес, піскен көкөністі де сатып алуға ниет танытып отыр. Ол үшін қаржы керек. Қазіргі уақытқа дейін 4 млн. теңгеден астам жеке инвестиция салдық. Өнімділікті арттырамыз десек, серіктес іздеп, жаңа әріптестік байланыс орнатуымыз керек. Осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз, - дейді Е.Резмерица.

Әлбетте, көкөністі қандай күйде, қандай бағаға сатып алу – тұтынушының өз еркі. Десек те, жергілікті нарықта тың өңделген өнімнің пайда болуы қуантпай қоймайды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz