Облыс әкімі Болат Бақауов құрылыс алаңына арнайы барып, жаңа жобаның жұмыс жоспарымен танысты. «Гринланд Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Чжан Янь Цюдің айтуынша, 2018 жылға қарастырылған инвестиция көлемі – 1,5 млн. АҚШ доллары. Зауыт іске қосылған соң тәулігіне 300 тонна шикізатты өңдеп, жылына 30 тонна өсімдік майын шығаруға қауқарлы болады.

- Былтыр біздің компания зауыт салуға ыңғайлы жер қарастырып, Жетекші ауылында алғашқы қазығын қақты. Қазір мұндағы ескі ғимараттарды қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта бірі қойма, екіншісі қазандық болмақ. Күнбағысты жергілікті шаруалардан сатып алып, өңдеп, дайын өнім шығарамыз. Өсімдік майы мен жомды Қытайға экспорттаймыз. Қазірдің өзінде қытайлық тараппен уағдаластық бар, - деді компания басшысы.

Зауытта 50 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Оған қоса, «Гринланд Инвест» серіктестігі келесі жылы 12 мың шаршы метр аумаққа жыл он екі ай бойы өнім беретін жылыжай ашып, қызанақ пен қияр өсіру ісін қолға алмақ.

- Экспортқа өнім шығаруға бағытталған кәсіпорындарға қолдау көрсетуіміз қажет. Дәл қазіргі уақытта мемлекет тарапынан қандай көмек керек? – деген облыс әкімі Б.Бақауовтың сұрағына Чжан Янь Цю жарықпен қамтуда түйткілдің барын жасырмады. Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, бұл күрмеулі мәселені шешу үшін жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, электр энергиясы желілерін тарту үшін бюджеттен 150 млн. теңгеден астам қаржы қарастырылмақ. Сол арқылы жаңа кәсіпорынды ғана емес, Жетекші ауылын да жарықпен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.

Сонымен қатар, Б.Бақауов Жетекші ауылындағы «Павлодар-Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыс барысымен танысты. Кәсіпорынның атқарушы директоры Владимир Кадкадамовтың сөзінше, қазіргі таңда мұнда 205 мың құс бар. Олардан тәулігіне 185 мың, ал жылына 72 млн. жұмыртқа алынады. Келесі жылы өнімділікті екі есе арттырып, 145 млн. дана жұмыртқа алу көзделіп отыр.

- Бұл фабриканың өніміне сұраныс жоғары. Қойма бос, демек сатып алушылар жұмыртқаны бірден алады. Бірақ, кәсіпорынның бір желіде ғана жұмыс істеуі аздық етеді. Екінші желі қосылса, өнімділік артып, қосымша жұмыс орындары ашылады, - деді Б.Бақауов.

Бұл ретте компания басшылығы құс саңғырығын пайдалануға қатысты мәселенің барын бүгіп қалмады. Владимир Кадкадамовтың айтуынша, құстардан күн сайын 45-60 тонна көлемінде саңғырық жиналады. Олар бұл биологиялық қалдыққа арнайы микроэлементтерді қосып, 25 тонна тыңайтқыш алады. Жергілікті тұрғындарға тыңайтқыш тегін берілгенімен, оны пайдалануға ниет танытушылар қатары қалың болмағанға ұқсайды. Сондықтан аймақ басшысы оны кәдеге жаратудың өзге амалдарын қарастыруды тапсырды.

Ал Георгий Шпейзер басшылық ететін «KAS ZIE GEL» компания-сына өз қажеттіліктері үшін ғана емес, жергілікті нарық үшін де өнім шығару тетіктерін қарастыру керек екенін айтты. Аталмыш компания көпқабатты баспана құрылысымен айналысады. Тұрғын үйлерді тұрғызуға қажет материалдың барлығын дерлік өздері дайындайды. Атап айтқанда, компанияға қарасты өндірістік цехтарда пластикалық терезелер, бетондар, есіктер, кеспетастар және тағы басқалары шығарылады. Таяуда Павлодар қалалық саябағында басталған аквапарк құрылысында аталмыш зауыттың шынылары пайдаланылуда. Облыс әкімі Б.Бақауов кәсіпкерліктің аясын кеңейту керектігін атап өтті.

- Бүгінгі таңда құрылыс қарқынды жүруде. Сондықтан өз компанияларыңыздың шегінде шектеліп қалмай, өнімдерді нарыққа шығарудың жолдарын қарастыру қажет. Бұл қос тарапқа да тиімді болады деп ойлаймын, - деді Б.Жұмабекұлы.

Өз кезегінде Георгий Шпейзер Павлодар қаласындағы Достық шағын ауданының құрылысын қолға алуға әзір екенін танытты. Бұл мәселе бас жоспар мен тиісті сараптамалық қорытындылар дайын болған соң жан-жақты талқыланбақ. Айта кетелік, «KAS ZIE GEL» компаниясы құрылыс материалдарын дайындаумен шектелмей, таяу арада Павлодар қаласында асфальт зауытын ашпақ.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz