Қазыбек бидің қазақ тарихында алатын орны мен қоғамдық қызметі жеткілікті түрде зерттелген. Ол туралы мәліметтер А.И. Левшин, Ш.Уәлиханов, Ш.Марджани, Б.Адамбаев, И.Төреқұлов және басқа да зерттеушілердің еңбектерінде айтылады. «Елім-ай» романында жазушы С.Сматаев аңызға айналған бидің жарқын бейнесін тамаша суреттеген.

Жалпы, Қазыбек бидің сөре тасын зерттеп, киелі орын туралы ғылыми айналымға ақпарат қосқан ғалым Жамбыл Артықбаев екенін айту керек.

Қазыбек би – қазақ хандығының көрнекті қайраткері, Орта жүздің төбе биі, Тәуке ханның кеңесшісі. Шамамен 1667-1764 жылдар арасында өмір сүрген. Сөзге шешен болған Қазыбек баба қазақ хандығының көрнекті қайраткерлері Төле және Әйтеке билердің қатарында болды.

Қазыбек би Орта жүздің Арғын руынан шыққан. Халық аңыздары бидің жан-жақты жақсы білімді, ақылды болғаны туралы айтады. Ол халықтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, дала заңдары мен ата-бабалар қалыптастырған ережелерді жас шағында-ақ жетік білуімен ерекшеленді. Ол 14 жасында Тәуке ханның елшілігінің құрамында жоңғарлардың тұрағына барған. Сол жолы жас бидің ерлігі мен шешендік қабілетінің арқасында қазақтар еш соғыс, қантөгіссіз ұрланған мал мен мүлікті қайтарып алды. Жас би айқын және таза дауысы үшін «Қаз дауысты» деп аталды.

Қазыбек би қазақ хандығының өте қиын кезеңінде өмір сүрді. Тәуке және оның мұрагерлері билік еткен кезде түрлі дағдарысты бастан кешті. Тәуке хан жүздер мен руларды өз бетінше басқарғысы келген ықпалды сұлтандарға қарсы орталық билікті нығайту үшін беделді қара сүйек өкілдері –билерге сүйенді. Орта жүздің барлық билерінің ішінен Тәуке хан Қазыбек биді ең беделді деп танып, оны Орта Жүздің төбе биі деп тағайындады. Қазыбек бидің белсенді қатысуымен қазақ хандарының беделін қалпына келтіруге бағытталған «Жеті жарғы» заңдарының жиынтығы жасалды. Тәуке ханның билігі кезінде Қазыбек би хан кеңесінің ықпалды мүшесі болды. Тәуке қайтыс болғаннан кейін де ол хандықтың әлеуметтік және саяси өміріне белсене қатысып, Сәмек пен Әбілмәмбет хандардың кеңесшісі болды. Қазақ хандығында ішкі тәртіпсіздіктер басталған кезде және жоңғар мен басқа да халықтардың шабуылдары өршіп тұрған кезеңде хандардың бірігуі мен келісімге келулерін талап етті. Ресеймен тату көршілік қарым-қатынас орнатуға шақырды. 1741 жылы арғын руы атынан Әбілмәмбет және сұлтан Абылай орта жүз хандары саясатын басшылыққа алып, Ресейге адал болуға дайын екендігін білдірді. 1742 жылы Абылай сұлтанды тұтқынға алған жоңғарлармен келіссөз жүргізді. Қазыбек бидің қолдауы және ресейлік биліктің көмегінің арқасында Абылайды тұтқыннан босатып, жоңғарлар басып алған 33 қала қазақтарға қайтарылды. Қазыбек бидің заңды және рухани мұрасы өте бай, оның аталы сөздері қазақтар арасында ұрпақтан - ұрпаққа тараған. XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында Қазыбек Сырдария жағалауларынан Сарыарқа даласының Қарқаралы ауданына көшіп барды.

Ол Баянауыл ауданының қазіргі Мұрынтал ауылының маңындағы қарағай бұлағының жанындағы қыстақта қартайған шағында қайтыс болды. Қыс кезінде мүрдені Түркістанға жеткізу қиын болғандықтан, оның денесін көктемге дейін сөре таста сақтауға шешім қабылданды. Көктемде Түркістандағы Қожа Ахмед Яссауи кесенесінің жанына жерленді.

Қазыбек бидің сөре тасы осы күндері өткен заманның көзі болып тұр. Осы жерді қоныс қылып, билік еткен, даңқы бүкіл қазақ даласын жайлаған Қазыбек бабамыздың сүйегі тиген сөре тастар халық санасында киелі деп саналады.

Аңыз бойынша, бидің денесін сақтап қалу үшін ағаштан жасалған саманға салып, тастың астына қойған деседі.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz