Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқар-масы мен «Шаңырақ» орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев қатысты.

- Дарынды дала бұлбұлы, қазақ музыка өнерінің шоқ жұлдызы, халқының асыл да абзал перзенті, бүкіл сахара даласына кеңінен жайылған «Қорлан» әнінің авторы Естай Беркімбаев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауын өткізу - біз үшін зор мәртебе. Естай қазақ даласына мәңгілік ән мұрасын қалдырып кетті. Қазіргі уақытта Естайдың әндері қазақ елінде ғана емес, төрткіл дүниеге танымал. Бұл - үлкен қуаныш, зор мақтаныш. Өлкеміздің тарихы руханияттың баға жетпес құндылықтарына бай. Естайдың «Қорлан» әні махаббаттың символына айналды. Жас ұрпаққа өшпес мұра болып қалды. Естайдың әндерін ұрпақтар ғасырдан-ғасырға жеткізіп келеді, - деді М.Бегентаев.

Шараның ашылуы концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында бабамыздың көзіндей аманатқа қалдырылып, осы уақытқа дейін қылы қисаймай жеткен халқымыздың көне мұрасы - домбырамен құйқылжыта төгілген күміс әуендер «Шаңырақ» төрінде жаңғырды. Республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері көрермендерге Исаның «Желдірмесі», Жарылғапбердінің «Ардағы», Ғазиздің «Ғазизі», Ақан серінің «Маңмаңгері» сынды ән жауһарларын ұсынды.

Байқауды өткізудегі басты мақсат - Естай әндерін кейінгі ұрпаққа насихаттап, айтылмай жүрген әндерін қайта жаңғыртып, жаңа таланттардың бағын ашу, - дейді ұйымдастырушылар.

Әншілердің қарымын қадағалайтын қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Толғанбай Сембаев бастаған бір топ өнер дүлдүлі бар.

- Бұл байқау - дәстүр сабақтастығы. Оның ұйымдастырылуы - павлодарлықтар үшін, жалпы қазақ елі үшін қуанарлық, мақтанарлық жайт. Өйткені Естайдың өнері ортақ. Естай - шоқтығы биік қазақ өнерпаздарының бірі. Бұл байқау биыл бесінші рет өткізіліп отыр. Оны ұйымдастырып, жаңғыртып жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бұл өнер додасының болашаққа берері мол. Атап айтқанда, бүгінгі қатысушылардың бағын ашып, жаңа есімдер белгілі болады. Естайдың әнін насихаттауда мұның мәні зор, - дейді қазылар алқасының мүшесі Толғанбай Сембаев.

Естай Беркімбайұлы атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауы ең алғаш рет 2004 жылы ұйымдастырылды. Бұл жолғы сынға 18 бен 30 жас аралығындағы 35 әнші қатысуға ниет білдірген. Байқау екі кезеңнен тұрады. Бұл кезеңдерде үміткерлер халық әндерінен, халық композиторларының әндерінен бір-бір ән және Естайдың төлқұжатына айналған «Қорлан» әнін классикалық жанрдағы үлкен қайырмасымен орындауы міндет.

Қатысушылардың бірі - Қайрат Байбосыновтың шәкірті Өзгеріс Шерікбайұлы. «Шабыт» өнер университетінің 3-курс студенті шоқтығы биік бәсекеде Астана қаласының намысын қорғайды. Ол өзі қатарлас жастардың жылдан-жылға дәстүрлі әнге бет бұрып келе жатқанына қуанады.

- Қазақтың қазақы-лығы, жігері, намысы, тарихы, шежіресі -барлығы қара домбыраның шанағында. Бүгін міне, домбыраның үні киелі Естай елінде дүбірлеп тұр. Әуенге еліткен халықтың іштей бір жаңғырып, жанданып қалғанына куә болдық. Жастар осындай қазақтың жырға, сырға толы әніне еліктеп, сусындап, нәр алып жетілсе, қазақтың рухы да көтеріледі деп ойлаймын. Ән - рухани қазына, сондықтан да осы қазынамызды кемітпей, қорын толықтырып, байыта түсу біздің парызымыз, - дейді Өзгеріс Шерікбайұлы.

 

Мереке АМАНТАЙ

saryarka-samaly.kz