Бүгінгі таңда кеншілер шаһарында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде 6 арнайы жоба мен 4 ішкі бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов мәлім етті.

- Өткен жылы 890 миллион теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылған болса, биыл танымдық әрі тарихи маңызы зор деп саналатын 16 жобаны қолға алып отырмыз. Олардың ішінде «Тәрбие және білім», «Мектебіме тағзым», «Қымбат менің тілім, салтым, тарихым», «Туған жер» сынды жобалар бар, - деді Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов.

Екібастұз мектептерінің түлектері «Мектебіме тағзым» акциясы аясында білім ордаларындағы материалдық-техникалық базаның жаңаруына ерекше ден қойған. Мәселен, түлектердің бастамасымен аталған қаладағы 3 мектепте ІТ-сыныбы ашылып, ұстаздар бөлмесі «Tеаcheroffice» форматында жөнделіп, музыкалық аспаптар сатылып алынған. Ал «Табыс» ШҚ-ның басшысы Манат Алғамбаров туған жері Зеленая роща ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына өз қаражатынан 35 миллион теңге бөлген. Нысан оқу жылы басталғанға дейін тапсырылады.

- Қазір қалада «Туған жер» арнайы жобасы қарқынды жүруде. Бұған азаматтық сектор, кәсіпкерлер мен еріктілер көптеп тартылуда. Осы ретте еріктілердің еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Олар соғыс және тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, тұрмыстық көмек көрсетуде. Сонымен қатар жастар Шідерті ауылында өртеніп кеткен 32 үйді қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарына қатысты, - деді шаһар басшысы.

Қала әкімінің айтуынша, туған өлкенің тарихы, сәулеті және мәдениетімен танысу үшін Екібастұздың хронографы құрылып, 5 кітап пен 37 ғылыми мақала жарық көрген. Сондай-ақ қаладағы 20 көшенің атауы өзгертілген. Олардың қатарында халқымыздың дара тұлғалары мен батырлары Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалар бар. Ал алдағы уақытта Бауыржан Момышұлы көшесіне батырдың ескерткіші қойылмақ.

Сонымен қатар екібастұздықтар ай сайын «Қазақфильм» киностудиясының алтын қорынан таңдалып алынған түрлі жанрдағы 20 көркем фильмді тегін тамашалай алады. Бұған дейін қала тұрғындарына «Гауһартас» пен «Тақиялы періште» фильмдері ұсынылған екен.

Қарлығаш ХАШЫМҚЫЗЫ

saryarka-samaly.kz