Ертіс ауданына қарасты Қызылжар ауылындағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында алты терек жайқалып өсіп тұр. Бұл ағаштарды ондаған жыл бұрын жергілікті Дүйсенбиновтер әулетінен шыққан батырлардың рухына арнап отырғызған еді. Ағалы-інілі алтау ел басына күн туғанда елмен бірге Ұлы Отан соғысына аттанып, қайтып оралмапты. Ал артында қалған ұрпағы қан майданда қаза тапқан туған-туыстарына арнап осындай «тірі ескерткіш» орнатуды жөн санаған екен. Атап өтерлігі, бірнеше жыл бұрын Дүйсенбиновтер әулетінің тағы бір мүшесі соғысқа қатысып, майдан даласында мерт болғаны анықталған.

Бұл ауылда ағалы-інілі батырлардың өмірі жайлы үлкен-кішінің барлығы біледі. Құрметтейді. Мақтан тұтады. Олардың туысы, Ертіс ауданының Құрметті азаматы Елемес Қасеновтің айтуынша, қазақтың «Батырдан батыр туады» деген аталы сөзінің мәнін осы майдангерлер ашып тұрғандай.

- Дүйсенбиновтер әулеті әйгілі Жеке батырдың ұлы Қожабергеннен тарайды. Батыр туралы деректер Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында бар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елін жаудан қорғаған сол даңқты аталарының ерлігі Ұлы Отан соғысында Отан үшін қан кешкен Дүйсенбиновтердің бойынан табылды. Өкінішке қарай, біз олардың қандай шайқастарға қатысқанын білмейміз. Соғыс кезеңінен қалған ресми деректерде ағалы-інілі майдангерлердің үшеуі бауырластар бейітінде жерленген. Қалған ағаларымыздың қайда жер қойнына тапсырылғаны әлі күнге дейін белгісіз, - дейді Е.Қасенов.

Көп балалы әулеттің үлкені - Мағзым. Ол 1902 жылы дүниеге келген. Соғысқа 40 жасында, яғни 1942 жылдың 10 шілдесінде аттанған. Сол жылдың 28 тамызында майдан даласында қаза болады. Ол Тверь облысының Ржев ауданына қарасты Табаково ауылында бауырластар бейітіне жерленген.

Нұрмағамбет Дүйсенбинов 1907 жылы туған. Ол да 1942 жылы майданға аттанған. Өкінішке қарай, соғыста сегіз ай болған оның ары қарайғы тағдыры белгісіз. Соңғы рет Волгоград облысындағы шайқастарға қатысқаны белгілі болған.

Ал 1911 жылы туған Ахмет Дүйсенбинов орда бұзар отыз жасында Отанын қорғауға аттанады. Екі жыл тобықтан қан кешіп, ерлікпен шайқасқан ол 1943 жылдың ақпан айында Ленинград облысының Лужской ауданына қарасты Подложено ауылының маңында мерт болған.

1917 жылы дүниеге келген Махмет Дүйсенбинов Ұлы Отан соғысының алғашқы айларында, дәлірек айтсақ, 1941 жылдың тамызында қаза тапты. Смоленск облысының Сафронов ауданында соңғы мәрте шайқасқа қатысқан.

Махметтен бір жасқа кіші Жақып Отан алдындағы борышын өтеуге 1939 жылы аттаныпты. Кейіннен соғысқа қатысып, 1943 жылы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен.

Шәйкен Дүйсенбиновтің де қашан қаза тапқаны әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. 1941 жылы 20 жасында майданға аттанған ол Волгоград облысының Дерганов ауылында болған шайқаста із-түзсіз жоғалып кеткен.

Өкінішке қарай, ағалы-інілі май- дангерлердің әкесі Дүйсенбі ақсақал балаларының қазасына қатысты қайғыны көтере алмады. 1943 жылы алтыншы ұлының қан майданда қаза тапқанын естіген оның жүрегі сыр берген. Ал аналары Әнәпия Ұлы Жеңістен кейінгі жылдары да хабарсыз кеткен балаларының аман-есен ораларына үмітпен жүрген.

- Ұлы Отан соғысына дейін Дүйсенбиновтердің ішінде тек Мағзым мен Махмет қана шаңырақ көтеріп үлгерген. Атап өтерлігі, Махмет қаза тапқаннан кейін, оның бауыры қазақтың әмеңгерлік дәстүрі бойынша жесір қалған жеңгесіне үйленеді. Махмет атамыздың қызы Зауқияны бауыры- на басып, қамқорлығына алады. Сол Зауқия аман-есен бой жетіп, тұрмыс құрып, дүниеге он бала әкеледі. Батыр ана былтыр фәниден бақилыққа аттанды. Өкінішке қарай, әкесінің де, ағаларының да ерлігінің тиісті деңгейде бағаланғанын көре алмай кетті, - дейді Е.Қасенов.

Дүйсенбиновтер әулетінің тағы бір өкілі Қамалиден Әбуовты да аудан тұрғындары зор құрметпен еске алады. Ол - Мағзымның баласы. Отбасының тұңғышы болған соң атасы Дүйсенбінің тәрбиесінде болыпты.

- 90-шы жылдардың басында өз руымыз, қыпшақтардың шежіресін зерттей бастадым. Сол кезде батыр аталарымыз жайында біраз деректерге қанық болдым. Соның ішінде, Дүйсенбиновтер әулеті туралы ақпарат жинадым. Бірақ, ол кезде алты ағалы-інілі азаматтар жайында ғана белгілі болатын. Бірнеше жыл бұрын майдангер Қамалиден Әбуов жайында ақпарат қолға түсті. Ол 1923 жылы дүниеге келген. 19 жасында өз еркімен соғысқа аттаныпты. 1942 жылы Сталинград түбіндегі шайқаста қаза тапқан. Осылайша, Ұлы Отан соғысына бір шаңырақтан жеті адам қатысып, жетеуі де оралмаған. Бұл - елімізде болмаған жағдай. Батыр аталарымыздың есімдері тиісті деңгейде еленіп, Павлодар қаласының Жеңіс аллеясында ескерткіш орнатылса деп ойлаймын. Облыс орталығының бір көшесінің аты берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жерлестеріміз ағалы-інілі майдангерлердің батырлығы, отансүйгіштігі жайында білуі тиіс, - дейді Е.Қасенов.

Атап өтерлігі, екі жыл бұрын Ертіс ауданының азаматтары осындай өтінішпен тиісті органдарға хат жолдаған. Ауданның белсенді азаматтарының, зиялы қауым өкілдерінің қатарынан 250 адам қол қойып, облыстық және республикалық ардагерлер кеңесіне жіберген. Сол кезде республикалық ұйымның төрағасы бұл ұсынысты қолдап, ҚР Мәдениет және спорт министріне өтініш жазған. Онда Ертіс ауданының немесе Павлодар қаласының көшелерінің біріне Дүйсенбиновтердің атын беріп, мемориалды тақта орнатып, «Ағалы-інілі батыр Дүйсенбиновтер» ескерткішін орнату туралы ұсыныс жасалған. Алайда, бұл ұсыныс ведомсто тарапынан қолдау таппапты. Енді Е.Қасенов, аудан азаматтары Павлодар облысының басшылығына үміттеніп отыр.

- Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, соның ішінде жастар- ды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселе- лері жайында көп айтылуда. Дүйсенбинов- тердің ерлігі туған елге деген сүйіс-пеншіліктің, батырлықтың шынайы үлгісі деп есептейміз. Олардың есімдері ел есінде мәңгілікке қалуға лайықты, - дейді Ертіс ауданының Құрметті азаматы.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz