Қазақ малды топтап бағады. Жылқы тобын – үйір, сиыр тобын – табын, қой-ешкі тобын отар дейді.

Жегін көліктерді жеккенде, байлағанда да оның жеке атаулары бар. Айталық, түйеде – мұрындық, бұйда, жылқыда – ноқта, сиырда – басжіп, қой мен ешкіде – көген. Түйені тіздейді, жылқыны матайды. Әр мезгілде малдың жүнін, қылын, түбітін алудың да атау түрлері көп. Мысалы, түйені жүндейді, жылқыны күзейді, қой-ешкіні қырқады, ешкіні тарайды.

Мал балаларын төл дейді. Түйе төлін 12 ай, жылқы 10 ай, сиыр 9 ай, қой-ешкі 5 ай көтереді. Түйе бір жылда бір рет боталайды, («Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр, бес ешкі, бір жарым қоян». Шешуі: малдың төлін көтеру мерзімі). Алғаш төлдейтін малды тұмса дейді.

Ірі мал туар кезде (түйе, жылқы, сиыр) төлін қызғанып, басқа жерге қашып барып төлдейді. Мұны бошалау дейді. Сөйтіп, түйе боталайды, жылқы құлындайды, сиыр бұзаулайды, қой қоздайды, ешкі лақтайды.

Ірі мал біреуден, қой-ешкі екеу-үшеуден төлдей береді. Біреу болса жалқы, екеу болса егіз, үшеу болса үшем, төртеу болса төрем дейді. Кейде енесі өлген төлді басқа енеге не төлі өлген малды басқа төлге телиді. Екі енені емген төлді тел құлын, тел қозы, тел бұзау дейді. Төлдемеген малды қысыр, ал мүлде төлдемегенін бедеу дейді. Төлсіз сауылатын малды саулы дейді.

Малдың қадір-қасиетін бағалаған малсақ халқымыз түйе - салтанат, жылқы – мақтан, сиыр – қанағат, қой – қазына деген.

Түйе, жылқы, өгіз көлік ретінде пайдаланылады, шанаға, арбаға, малға жегеді, салт мінеді. Жаугершілікте ат, айғыр мінетін болған.

Төрт түлікке оның тіршілік, орнына байланысты сөздер өте көп. Айталық, төл ауызданады, отығады, жылқы жусайды, басқа мал күйіс қайырады, күйсейді. Жылқы, қой, түйе семіреді, қой шайлайды. Жазда түйенің жауы маса мен сона, жылқының жауы бөгелек, сиырдікі оқыра. Осыдан жылқы бөгелектейді, сиыр оқыралайды, қой-ешкі шыбындайды. Түйені түрегеп, биені тізерлеп, сиырды оң жағынан отырып, қой-ешкіні арт жағынан сауады. Сауып жатқан кезде жүріп кеткен биені исініп кетті дейді. Оны жүріп кетпес үшін артқы екі аяғын мойнына керіп байлап қояды. Мұны күделеу дейді.

Мал тыныстағанда түйе шөгеді, басқа мал жатады. Халық тәжірибесі бойынша малдың өрісін, тынысын, жусауын бұзуға болмайды.

Қазақ ырымы бойынша өздері белгілеген малдың басын ешкімге бермейді. Мал төлдеп жатқан кезде мал бермейді, түнде мал санамайды, малды басқа теппейді, басынан ұрмайды. Әр рудың, үйдің малдың құлағына, мүйізіне салатын ен–таңбасы болады. Бұл - таным белгісі. Біреуге мал атаса, оған ен салдыртады. Бұл - сенім белгісі.

Малды ауыл жаз жайлауға, күз күзекке, қыс қыстауға көшеді. Бұл мал өсіру ыңғайына қарай жасалады. Қыста мұзды ойып, мал суарады, оны ойық дейді. Жазда мал су ішетін жерді суат дейді. Үйренген мал өз суатын, өз жайлауын іздейді. Ірі мал басқа жаққа сатылғанда не жіберілгенде одан қашып шығып, жүздеген, мыңдаған шақырым жерден өзі туып-өскен жерін іздеп табады. Мал өз иесін, қорасын, төлін таниды.

Мал шаруашылығының қыр-сырын жете меңгерген қазақ халқы мал өнімдерін тұрмысқа пайдалана білген. Оның сүйегін, мүйізін, жүнін, терісін қолданды. Жылқы сүйегін өңдеп, қоби, сандықтар бетін өрнектеді. Күзеп алған жал, құйрығынан мықты арқан есті. Сиыр мүйізінен тарақ жасады. Қой жүнінен киіз, текемет басып, кілем, сырт киім тоқыды, түйе жүнінен тоқылған шекпен кәделі, қымбат киім деп бағаланды. Шудасының емдік қасиетін тапты.

Ешкінің қылы, түбітінен де бағалы киім тоқыды. Сәнді бөкебай, күртеше, қолғап, шұлық тоқыды. Жылқы терісінен аса бағалы жақы деп аталатын тон тігіп, оны құлынжақы, тайжақы, құнан жақы деп атады. Аса құрметті адамдарға жақы кигізді. Сиыр терісін илеп, сәнді ер-тоқым, барлық ат әбзелдерін оюлап, өрнектеп, өріп жасады. Қамшы өріп, кісе белбеу жасап, сәнді етік, кебіс-мәсі тікті. Қой терісінен тонша, тон тігіп, «тоғыз қабат торқадан, тоқтышағымның терісі артық» деп мақтанды. Одан жарғақ шалбар тікті. Ең соңы теріні тулақ етіп, төсеніш қылды, диірменге де пайдаланып, оны дирмен тері деп атайтын.

Асылында, қасиетті төрт түлікке орай білім, тәрбие, тіл, өнеге, үлгілердің өзі бір төбе екен. Демек, мал этнографиясы біздің білім, таным саласында да қызмет етеді.

Әзірлеген – Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Лебяжі ауданы.

saryarka-samaly.kz