Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында ұсынылған «7-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы өткен айдың басында іске қосылғанды. Сол кезден бері барлық өңірлердегі тұрғындардан өтініштер көптеп түсіп жатқан көрінеді. Бұл ретте, әзірге көш басында Алматы, Астана, Ақтау қалалары тұр. Ол түсінікті де. Аталған өңірлердегі тұрғын үй құрылысының қарқыны қатты. Бұл қарқыннан Павлодар облысы да қалып жатқан жоқ. Тек жаңа ипотекалық бағдарламаға қатысуға ниеттілердің саны көп емес. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде аймағымыз бойынша небары бес тұрғын бақтарын сынап көруді шешкен. Олардың өтініштері қарастырылуда.

Ұлттық банктің Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ердос Спандияровтың айтуынша, ипотекалық бағдарламаның шарттары тиімді. Атап айтсақ, несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7 пайыздан, ал бастапқы жарна 20 пайыздан аспайды. Несиені төлеу мерзімін 25 жылға дейін созуға болады. Аталған бағдарлама бойынша несиелер тек ұлттық валютамен берілетінін атап өткен жөн.

Жаңа ипотекалық бағдарламаға Қазақстанның кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Бірақ, атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Әрі несие тарихы барынша «таза» болуы керек.

Жасыратыны жоқ, бастапқыда тұрғындарды «Ипотеканы 25 жыл бойы төлеуіміз қажет пе?» деген ой мазалағаны рас. Е.Спандияров бұған қатысты күмәннің бекершілік екенін атап өтті. Маманның сөзіне сүйенсек, азаматтарға осы бағдарлама арқылы алған ипотекасын 25 жылға созбай, ерте жауып тастауға мүмкіндік бар. Тіпті, қаржылай мүмкіндігі болып тұрса, несие алғаннан кейін оны 2-3 жылға жеткізбей толық төлей алады. Оған шектеу жоқ. Онымен қоса, несиеңізді ерте төлеп тастағаныңыз үшін ешқандай айыппұл салынбайды.

Ескерте кететін жайт, жаңа ипотекалық бағдарламаға сәйкес тек қана жаңа тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға болады. Негізгі талаптардың бірі - осы.

- Бұған дейін ел арасында «7-20-25» бағдарламасы бойынша қосалқы нарықтағы ескі үйлер берілуі мүмкін деген қауесет пайда болғаны рас. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша мұндай мүмкіндік мүлде қарастырылмағанын, болашақта да қарастырылмайты- нын нақты атап өткен жөн. Жаңа ипотекалық бағдарла- ма бойынша тек жаңадан салынған тұрғын үйлерден ғана пәтер алуға болады, - деді Е.Спандияров.

Павлодар және еліміздің басқа да аймақтарының тұрғындары ипотекалық бағдарлама бойынша құны 15 млн. теңгеге дейінгі баспаналарды сатып ала алады. Ал Астана, Алматы, Ақтау және Атырау өңірлерінің тұрғындары үшін бұл көрсеткіш 25 млн. теңгені құрайды.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz