«Әркімге өзінің туған жері - Мысыр шаһары» дейді дана халқымыз. Академик Ғарифолла Есім аудан орталығының төрінде данышпан Хәкім Абайдың мүсінін орнатуға ұйытқы болғаны белгілі. Көпшілік қауымның куә болуымен тұғырға тұрғызылған ақын мүсінінің жанында 2012 жылдан бері «Абай күні» өткізілуде. Биыл бұл шара 7-ші мәрте ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Ғарифолла Есім, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шаһимардан Әбілов, жыршы Даниял Әсенов сынды танымал тұлғалар қатысты.

Салтанатты шара ұлы ақынның аудан орталығындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етуден басталды. Ақынның мерейтойына арнау айта келген Қуанышбек Шарманов жиналғандардың иығына жырдан шапан жауып, жұртшылықтың ықыласына бөленді.

Айтулы шара аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Жиналған қауым ұлы ақынның артына қалдырған құнды дүниелеріне қанықты.

- Жаратушымыз қазаққа бақ берді. Ол - Абай. Абай - әрбіріңіздің кеңесшіңіз, ақыл қосар ағайыныңыз, тағдырыңыз бір туысыңыз, қате-лессеңіз сыншыңыз. Алла десеңіз асыл досыңыз, пенделіктен алып шығар ұстазыңыз, мұңайсаңыз мұң сейілтер ғұлама, адасып жол таба алмасаңыз жол сілтеуші көсем. Кім бол, мейлі жас бол, мейлі егде бол, бай бол, кедей бол, бірақ, кімнің болсын жанына жақын жылы сөз естігісі келетіні белгілі. Жылы сөз жанды жұбатады. Сол жылы сөз айтып, жаныңызды жадырататын да - Абай. Абайды оқы, оның өлеңін оқығанда жүрегіңнің тынысын тыңда, таңырқа, сонда таза ауа, ішкен мөлдір таза су, алдыңдағы дәм секілді, жер құнары ақ жауындай өне бойыңа Абай сөздері сіңе береді. Абай аспандағы айды айтпайды, күйдіріп-жандырып тұрған күнді керемет демейді. Жымыңдаған жұлдыздарды жырламайды. Ол адамның дүниеге келгеннен бергі көрген-түйгенін, қасіретін, мұңын баяндайды. Адамның нағыз дұшпандарын санап, саралап берген. Бес асылды да атап берген. Абай - әлемдік деңгейдегі ойшыл. Абай - рухы биік ақын, ол одан әрі биіктей берері хақ, - деді Ғарифолла Есім.

Бұдан басқа зиялы қауым өкілдері де Абай Құнанбайұлының ақындық қуатын, өмір жолындағы тың деректе-рін сөз етті.

- Абайдың бір сөзі бір ғасырға жүк. Абайдың өзі өлгенмен сөзі өлген жоқ. «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегенді айтқан да өзі еді. Айтқанда да, тауып айтты. Абайды әр қазақ оқиды. Әр сөзін ұғынуға тырысады. Бірақ түпкі сырын түсіне алатын жағдайға жету Хәкімдікті талап етеді. Бірақ оны әр қазақ түсіне алатындай дәрежеге жеткізген - осы өңірдің тумасы, абайтанушы Ғарифолла Есім. Ғарифолла ағамыз Хәкім Абайды әр қазақ баласының санасына сіңіре білді. Ағамыздың еңбегі елдің есінде мәңгі қалады деген ойдамын, - деді Шәкәрім университетінің профессоры,Әуезовтанушы Дана Жарқынбаева.

Салтанатты шарада ақын шығар-маларын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған аудандық «Абай оқула-рының» жеңімпаздары анықталып, марапатталды.

Шара барысында көрермен назарына қаламгердің шығармалары топтастырылған кітап көрмесі ұсы-нылды. Оған Хәкімнің кітаптары, қара сөздері, сондай-ақ, абайтанушы Ғарифолла Есімнің кітабына жасалған инсталляция қойылды. Кітапханашы Жұлдыз Темешованың айтуынша,бұл туындының авторы – аудандық мәдениет үйінің суретшісі Дулат Сейтенов. Аталмыш инсталляция 2017 жылы ғалымның 70 жылдық мерейтойына орай жасалған.

Жиын барысында өңір өнерпаздары күмбірлете күй тартып, сарай ішін тебірентсе, әуелеткен әндері кеш шырайын кіргізе түскендей болды. Театр-ландырылған қойылым да көптің көңілінен шықты. Салтанатты шара облыстық жас ақындар айтысына ұласты.

Аламанға облысымыздың әр өңірінен 8 жас ақын қатысты. Олар 4 жұп болып өзара өлеңнен өрнек салып, бақ сынасты. Жыр төкпелеп, айтыстағы дәстүр бойынша барлығы да қарсыласын қапы қалдырып, оза шабуға тырысты. Жыр сайысына «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Арман Қани бастаған облыстық, республикалық ақындар айтыстарының жүлдегерлері қазылық етті.

- Бүгін өзгеше айтыс болды. Ақындар Абайды, оның әкесі Құнанбайды, сонымен қатар, жақында ғана тарихи атауын қайтарған Аққулы мекенін тақырыпқа арқау етті. Бұл айтыс жас ақындарымыздың талантын, дарынын көрсетуде. Олар облысымыздың намысын қорғап, айтыс өнерінің жалауын желбіретіп, туын жықпай шыңдалып келе жатыр. Алла қаласа, бұл айтыс республикалық деңгейге көтеріліп, асқақтайды деген үміттеміз, - деді А.Қани.

Ақындарын алақанда аялап, үкілеп жүріп бәйгеге қосатын қаймана елдің қашанда асыға күтетіні - отты жыр. Осы орайда жиналғандар жас ақындардың шеберлігі мен шешендігіне ерекше ықылас танытып, шабыт беріп отырса, ақындар жырға шөлдеген елді сөз құдіретімен сусындата алды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені баянауылдық Алтай Қадырбек иеленіп, жүлделі 1-орын Нұрбек Бәкірге бұйырды. Ал 2-орынға павлодарлық Айбек Оралхан лайық деп танылса, 3-орынды аққулық ақын Марғұлан Жанбау жеңіп алды. Сонымен қатар, аламанда сөз шеберлігін таныта білген жас ақындарға арнайы номинациялар берілді. Аққулы ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен Мизан Жұмәлі марапатталса, «Жауһар ақын» номинациясы Азамат Базарбайға, «Өлең - сөздің патшасы» - Мәрес Байронға, «Арқалы ақын» Қуандық Башойға табысталды.

Мереке АМАНТАЙ
Аққу ауылы, Аққулы ауданы.

saryarka-samaly.kz