Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұсынған ресми мәліметіне сүйенсек, биыл шөптің шығымдылығы жылдағыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Оған ауа райының қолайлылығы, ылғалдың молдығы оң әсерін тигізген. Атап айтсақ, шаруалар гектарынан 7,2 центнерден шөп оруда. Салыстырар болсақ, былтыр бұл көрсеткіш 5,2 центнерді құраған.

Өкінішке қарай, тұрғындар мол шөптің пайдасын шаруа қожалықтары ғана көріп отырғанын айтады. Ал қарапайым халық азын-аулақ малын қыстан аман алып қалу үшін қолындағы барын жем-шөпке жұмсауға мәжбүр екенін айтуда. Бүгінде кейбір аудандарда трактордың 3 тонналық шағын арба шөбінің құны 30-40 мың теңгеге жетіп отырған көрінеді.

- Меншігімде 6 сиыр, 10-нан астам қойым бар. Олардың азығына кемі 3-4 арба шөп қажет. Ал қыс қайбір жылдардағыдай қатты болса, онда мал азығына сұраныс бұдан екі есе артады. Өкінішке қарай, оны қалтамыз көтермейді. Бір сиырды сойып, етін сатып, соның ақшасына шөп алуды жоспарлап отырмыз. Бірақ оның өзі жетпейді, - деп налиды Май ауданының тұрғыны Мүслім Нұрлыбек.

Ал Успен ауданының тұрғыны Ардақ Әубәкіров ауылдағы кәсіпкерлердің дәурені жүріп тұрғанын айтады.

- Шөп шауып сататын кәсіпкерлер қазірден-ақ алақандарына түкіріп отыр. «Биыл шөптің бағасы қымбат болады. Себебі, дизель отынының құны көтеріліп кетті» дейді олар. Дизельдік жанармайдың бағасы көтерілгені рас. Бірақ ол үшін неліктен қарапайым халық зардап шегуі тиіс? Амал жоқ, жергілікті кәсіпкерлер мал азығына қандай баға қойса да, сатып алуға мәжбүр боламыз. Тіпті, қазірден-ақ шөп алуға кезекке тұрып жатқандар бар. Күн көрісіміз қорадағы төрт түлікке байланысты болып отыр, - дейді ол.

Ауылдықтардың алаңдаушылығын жақсы түсінуге болады. Бірақ, шалғындыққа орақ салған шаруаларды да кіналауға келмес. Дизель отынының құны шарықтап бара жатқаны рас. Бүгінде, оның бағасы облысымыздағы кейбір жанармай құю бекеттерінде литіріне 200 теңгеге дейін жақындап қалған. Бұл жалғыз Павлодар облысына қатысты мәселе емес.

ҚР Энергетика министрлігіндегілер «қолымыздан келер шара жоқ» деп отыр. Осыдан екі жыл бұрын дизельдік отыннның бағасына мемлекеттік бақылау жүргізу алынып тасталған болатын. Сондықтан бүгінде оның құны нарықтың ырқына қарай құбылуда.

Дей тұрғанмен, ресми органдар биыл мал азығы бойынша тапшылық болмайды деп отыр. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Дамир Елеусіздің айтуынша, биыл аймағымыз бойынша 1 млн. 404 мың гектар жерде шөп шабу жоспарланған. Бүгінде оның 1 млн. 101 мың гектары шабылды. Нәтижесінде, 792,2 мың тонна мал азығы дайындалған. Жоспарлы межеге жету үшін әлі 100 мың тоннадан астам шөп қажет.

Ертіс өзенінің алқабына да шалғы түскен. Бүгінгі күнге дейін шамамен 40 мың гектардан астам алқаптың шөбі шабылған. Мұндағы шығымдылық деңгейі де әртүрлі. Мысалы, Тереңкөл ауданының аумағында гектарынан 21 центнерге жетсе, Павлодар ауданының аумағында 17,3 центнерді құрап отыр.

Жекелей аудандар бойынша алар болсақ, биыл ақтоғайлықтар 77,3 мың тонна мал азығын дайындауды жоспарлап отыр. Бүгінде оның шамамен 70 пайызы орындалған. Нәтижесінде, өңір шаруа-лары 51,6 мың тонна шөп шауыпты. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дархан Дощановтің айтуынша, шығымдылығы жақсы. Гектарынан 6,9 центнерді құрап отыр. Ал Ертіс өзенінің алқабында бұл көрсеткіш 18 центнерге дейін жетуде.

Ертістіктердің де қарқыны жақсы. Олар жоспарлы 88,4 мың тонна мал азығының 92 пайызын дайындап үлгерген.

Ресми статистика көз қуантады. Алайда, ауыл тұрғындарының мал азығына қатысты жоғарыда аталған алаңдаушылығы да негізсіз емес екенін түсініп отырмыз. Редакция бұл мәселені алдағы уақытта да бақылауда ұстайтын болады.

Данияр ЖҰМАДІЛ

saryarka-samaly.kz