Ертіс-Баян өңірінде қазақтың ұлттық спорт түрлері айтарлықтай дамып келеді. Алматы, Шығыс Қазақстан,Қарағанды және Павлодар облыстары білектілерінің басын қосқан ірі спорттық доданың осында өтуі – соның айқын дәлелі.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаевтің сөзінше, фестивальдің бағдарламасында қазақ күресі, асық ату, жамбы ату, көкпар тарту, аударыспақ, теңге ілу және тоғызқұмалақ ойындары бар. Қазақ күресі, тоғызқұмалақ және асық ату ойыны 14-15 тамыз күндер «Баянтау» спорт кешенінде өтті. Ал, көкпар ойыны Павлодар қаласының «Құлагер» ипподромында болды. Сонымен қатар, теңге ілу және аударыспақ ойындары Астана қаласында ұйымдастырылды.

Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы директорының орынбасары Нұркен Байбөриевтің айтуынша, бұл жобаның басты мақсаты - аймақтардағы жастар менжасөспірімдердің ұлттық спорт үрлеріне деген қызығушылықтарын арттыру. Сондықтан, жарысқа қатысушылардың дені - бұрын көзге түспеген жас спортшылар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлық беріледі.

– «Ұлы Дала рухы» фестивалінің ашылу салтанаты 4 шілдеде Астанада өтіп, жеребе тарту рәсімі болғанды. Алғашқы іріктеу кезеңі сол шілде айында Түркістан облысында басталып, еліміздің батыс аймақтарында жалғасын тапты. Павлодарда өткен іріктеуде облыстар екі топқа бөлінді. А тобында: Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарының, Б тобында: Алматы мен Қарағанды облыстарының спортшылары бақ сынады. Әрбір облыстың құрама командасының сапында 40 адам бар, - дейді Нұркен Манатұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша, асық ату, жамбы ату және аударыспақ ойындарында Шығыс Қазақстан облысының құрама командасы бірінші орындарды жеңіп алды. Павлодарлықтар алғашқы екеуінен үшінші орын алса, аударыспақтан екінші орынды еншіледі. Теңге ілу бойынша Қарағанды спортшылары жеңімпаз атанса, Павлодар мен Алматы екінші және үшінші орындарды еншіледі. Айта кетейік, «Ұлы Дала рухы» ұлттық спорт түрлері фестивалінің ақтық кезеңі 11-16 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Онда осы іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған командалар бақ сынайтын болады.

Тілеуберді САХАБА

saryarka-samaly.kz