Өміржан аға - Аққулы ауданына қарасты Жаңатаң ауылының тумасы. Қазіргі таңда Шарбақты аудандық оқу бөлімінің балалар мен жасөспірімдер клубының әдіскері болып жұмыс істейді. Жасы алпысты алқымдаса да, спорттан қол үзген емес. Елімізде болған небір үлкен марафондарға және триатлон, дуатлон жарыстарына қатысып, талай биік белестерді бағындырып үлгерді. Өміржан аға спорттың бір емес, бірнеше түрін еркін меңгерген. Мектеп қабырғасында шығыс жекпе-жегі, қазақ күресі, белбеу күресі, волейбол, баскетбол, хоккей және жеңіл атлетика үйірмелеріне жетекшілік етіп, талай баланың спорттағы бағын ашты.

- Мен спортпен 27 жасымнан бастап шұғылдандым. Ол кезде шығыс жекпе-жегімен айналысатын едім. Біздің бала күнімізде ауылда қазіргідей спорттық үйірмелер, клубтар жоқ еді. Соған қарамастан өз бетімше ізденіп, неше түрлі әдістерді үйреніп, жаттығуларды үйде жасайтын едім. Шарбақты ауданына барған соң 1996 жылы шығыс жекпе-жегінен жеке клуб ашып, шәкірт тәрбиеледім. Ауданда осы спортқа қызығушылардың саны артты. 4-5-сынып оқушыларын қабылдап, олармен мектеп бітіргенше жұмыс істедім. Неше түрлі жарыстар ұйымдастырып, республикалық турнирлерге бала дайындадым. Талай шәкіртім жүлдегер атанды. Менің ең басты жетістігім осы болатын, - дейді Өміржан Ошанов.

Өміржан аға бүгінде тек жеңіл атлетикамен, соның ішінде велоспорт, жүзу және жүгіру түрлерімен шұғылдануда. 2002 жылдан бастап, ұзақ қашықтықтағы үлкен марафондарға қатысуда. 2016 жылы Астанада өткен республикалық ультрамарафонда үздік бестіктің қатарына кірсе, биыл Қазақстанның кубогына арналған республикалық триатлон жарыстарында үшінші орынды еншіледі. 2013 жылы ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай аудан орталығындағы 25 метрлік бассейнде төрт сағат бойы шықпай жүзіп, жүзу көрсеткішін 25 шақырымға жеткізген. Содан екі жылдан кейін Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерейтойының құрметіне Ертіс өзені арқылы 70 шақырым қашықтықты жүзіп өтіп, Қазақстанда болмаған көрсеткішті бағындырды. Бұған шамамен 10 сағат уақытын жұмсаған. Міне, сол жылы Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында велосипедпен Ресейдің Мәскеу қаласына, одан кейін 2016 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барып, шеттегі қандастарымызбен жүздесіп қайтыпты.

- Мен велосипедпен қай елге, қай қалаға барсам да, еліміздің Мемлекеттік туын бірге алып жүремін. Ал Қазақстанның туын көрген шетелдіктердің өзі айрықша назар аударып, ерекше құрмет көрсетеді, - дейді спортшы.

Өміржан аға үнемі дайындық үстінде жүреді. Стадионға бір күн бармай қалсам, бір жұмысым бітпей қалғандай болып тұрады дейді өзі. Қазір күн сайын 10-15 шақырым қашықтыққа жүгіріп, алда болатын үлкен жарыстарға дайындығын шыңдауда. Ендеше, жарыс жолыңыз тек жеңіспен аяқталсын дейміз.

Тілеуберді САХАБА.

saryarka-samaly.kz