Облыстық ауыл шаруашылығы басқар-масы ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде аймағымызда 119 көкөніс қоймасы бар. Мұнда 322 мың тонна картоп, сәбіз және қызылша сыяды. Өнімді қара күзден көктемге дейін сақтауға мүмкіндік беретін орындар аймағымыздың барлық дерлік ауданында жұмыс істейді. Тек Ертіс ауданында көкөніс қоймасы жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және қайта өңдеу бөлімінің бас маманы Ақылбек Тәңірбергенов мұны Ертіс ауданында көкөніс емес, астық көп өсірілетінімен түсіндірді. Сондықтан бүгінгі таңда шаруаларға қойманың қажеттілігі болмай тұр. Есесіне, көкөністің түр-түрін мол көлемде жинайтын Павлодар ауданында 60-тан астам қойма бар. Жергілікті кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша олардың 40-ы Черноярка ауылдық округінде орналасқан. Оған қоса, Сычевка, Жаңаауыл, Заря, Әйтім және Чернорецк ауылдарындағы қоймаларда жаз бойғы еңбектің жемісі сақталады.

Бұл ауданның шаруалары ерте піскен картопты жинауға кірісіп кетті. Мәселен, «Маяк» шаруа қожалығы екі ауысымда жұмыс істеп, гектарынан 35 центнер картоп жинауда. Қожалықтың атқарушы директоры Еркін Алмағамбетовтің айтуынша, қоймаға шамамен 25 мың тонна өнім сыяды. Ал жиналатын көкөніс көлемі одан көп болуы мүмкін.

- Биыл 860 гектарға картоп, 85 гектарға сәбіз салдық. Алынған өнім жаңбыр астында қалып, ылғалды болмауы үшін жұмысшылар жабық орынның құрылысын жүргізуде. Осы күзде жиналған картоп пен сәбіз қоймаға сыймай қалуы ықтимал. Сондықтан алқаптан ертерек сатуға басымдық беріп отырмыз. Сатылымнан қалған өнімді сұрыптап, тұқымды келесі жылға дейін сақтаймыз, - дейді Е.Алмағамбетов.

Бұл ретте Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылындағы «Тимур» шаруа қожалығының ісі көпке үлгі. Олар өзге шаруашылықтар сынды көкөніс қоймасынан тарықпас үшін алқап көлемі ұлғайған тұста бірден жаңа қойманың құрылысына кіріседі. Соның есебінен өнімнің басым бөлігін көктемге, тіпті жазға дейін сақтауға қауқарлы.

- Біз картоп пен сәбіздің 25-30 пайызын ғана алқаптан сатамыз. Мәселен, қазіргі уақытта тек ерте піскен картопты сатылымға шығардық. Қалған бөлігін қоймаларға орналастырамыз. Атап айтқанда, 23-24 мыңтонна сәбіз алсақ, оның 15 мың тоннасын, 24-25 мың тонна картоптың 18 мың тоннасын қоймаларға жөнелтеміз. Бүгінде шаруашылыққа қарасты 29 мың тоннаға дейінгі көкөністі сақтай алатын бірнеше қойма бар. Оған қоса, сыйымдылығы 2 мың тонна және 5 мың тонна болатын 2 тоңазытқыш жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде өнімді жазға дейін сол қалпында сақтауға жағдай жасайды. Айталық, осы тоңазытқыштарда қыс-көктем бойы тұрған сәбізді осы жылдың 20 маусымына дейін саттық. Сондықтан көкөніс өсіретін шаруалар тек тұқымды сатып алу, салу, суару, өнімді жинау мәселелерін емес, көкөніс қоймасын салу мен оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді де басты назарда ұстағаны жөн. Әйтпегенде, мол өнімді сақтайтын орын болмай, картоп пен сәбіз жарамсыз болып, шығынға ұшыруы әбден мүмкін, - дейді «Тимур» шаруа қожалығының басшысы Равиль Мингазов.

Шынымен, көкөніс қоймасы бар шаруалардың ұпайы түгел. Олар жиналған өнімді көктем, жазға дейін сапалы күйінде сақтап қана қоймай, мол табысқа да кенеле алады. Айталық, қыс кезінде көкөністердің бағасы қымбаттайтыны белгілі. Тіпті, картоп пен сәбіздің бір келісі 400 теңгеге дейін көтерілетін кездер болады. Сол тұста қоймасында қоры мол шаруалар көкөніс-терді сатылымға шығарып, пайдаға кенеледі. Мәселен, жоғарыда аталған «Тимур» шаруа қожалығының өнімдері облыс аумағына ғана емес, Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және еліміздің тағы басқа бірқатар қаласына, көршілес Ресей елінің облыстарына да жөнелтіледі. Осы орайда шаруаның мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыны күтпей-ақ, көкөніс қоймаларын өз қаржысына салғанын атап өткен жөн. Ал сол қоймалар қолданысқа берілген соң мемлекет тарапынан шыққан шығынның бір бөлігі қайтарылады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы орын-басарының міндетін атқарушы Бадиша Садықованың айтуынша, келер айдан бас- тап субсидия төлеуге қатысты өзгерістер енгізілуі мүмкін.

- Қолданыстағы ереже бойынша көкөніс қоймасын салған шаруаларға сатып алған құралдардың, мәселен желдеткіш аппараттар сомасының 20 пайызын мемлекет қайтарып береді. Келесі айдан бастап инвестициялық субсидия көлемі артуы ықтимал. Соған сәйкес, құрылыс-монтаждау және құралдар сатып алу кезінде жұмсалған қаржының 25 пайызы субсидияланады. Ол үшін шаруалар тиісті құжаттарын ұсынса болғаны. Бұл –көкөніс өсіру және оларды сақтаумен айналысатын шаруаларға айтарлықтай қолдау болмақ, - дейді Б.Садықова.

Демек, алқаптарда картоп, сәбіз бен қызылша өсіріп қана қоймай, оларды қоймаларда сақтауға да мән беру керек. Шаруалар бұдан ұтпаса, ұтылмасы анық.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА

saryarka-samaly.kz