Себебі, бұл елді мекенге соңғы жылдары көп көңіл бөлініп келеді. Үш жылдың ішінде ауылдың дамуына 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мәселен, 1969 жылдан бері жөндеу көрмеген мектеп биыл жаңарып шыға келді. Мұнда күрделі жөндеу жүргізіліп, төбесіне дейін толық ауыстырылған. Шалдайға баратын жол да қазіргі таңда жөнделіп жатыр. Аяқталуға жақын. Атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, бағасын беруге облыс әкімі Болат Бақауов өңірге сапарлап барды.

Аймақ басшысы алдымен ауыл- дықтар үшін аса маңызды су құбы-рының құрылысымен танысты. Биыл маусым айында басталған, құны 850 млн. теңге тұратын 35 шақырым- дық су құбырының құрылысы келесі жылы қолданысқа беріледі. Оған қаржы республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Рамиль Гумаровтың мәлімдеуінше, 16 шақырымдық негіз- гі су құбырының 15 шақырымы төселіпті. Енді тіршілік көзін үй-үйге жеткізетін қосалқы құбырлардың 70 пайызы тартылады. Ал үш ұңғыма қазу, екі насос салу келесі жылы жүзеге асырылады. Бұл дегеніңіз суды шахталық құдықтардан тұтынып келген тұрғындар үшін үлкен қуаныш болмақ. Себебі, олардың бұған дейін шөл қандырып келген суы талапқа сай емес еді.

Жалпы, ауданда Шалдайдан бөлек тағы төрт ауылда су құбыры тартылуда. Олардың бірі Алексеевка елді мекеніндегі су құбыры биыл мерзімінен бұрын ел игілігіне беріледі деп күтілуде. Аудан әкімі Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, биыл басталған бес су құбыры, одан кейін әзірленген үш жоба жүзеге асса, 2020 жылға қарай шарбақтылық тұрғындардың 85 пайызы таза ауызсуға қол жеткізеді. Одан кейін, халқының саны 500 адамнан кем елді мекендер тіршілік көзімен қамтылады.

- Елбасының тапсырмасы бойын- ша облысымызға үш жылда 21 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде тұрғындар- дың 25 пайызын таза ауызсумен қамты- дық. Келесі жылы тағы 10 млрд. теңге берілсе, басталған жобалар да аяқталса, көрсеткішті 42 пайызға жеткіземіз, - деді облыс әкімі Болат Бақауов.

Инфрақұрылымы жақсарған ауылға қаладан қоныс аударушылар қатары да артыпты. Мәселен, Махаббат Орынбасарова жолдасымен бірге жас маман ретінде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасымен келген. Өзі сәбилер бақшасында жұмыс істесе, күйеуі осы ауылдағы психикалық ауруларға шалдыққан жандарға арналған медициналық–әлеуметтік мекемеде инструктор болып қызмет етеді. Бұл жас отбасы үшін баспана мәселесі өзекті болып еді. Ол да шешілді. Биыл жыл басында ауылда 24 пәтерлі екі қабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Сол үйден Махаббат Маратқызына да бір бөлмелі пәтер бұйырыпты. Осындай жайлы баспанаға, тұрақты жұмысқа ие болған ол қалалық өмірді ауылға ауыстырғандарына еш өкінбейтінін айтты.

Қала түгілі алыс аймақтардан да Шалдайдың таза ауасы мен тамаша табиғатын таңдаушылар да табылды. Гүлшат Ақназарова жыл басында «Оңтүстіктен - солтүстікке» бағдарламасы аясында көшіп келіпті. Баласының денсаулығына байланысты қарағайлы қалың орман маңына қоныстануды жөн санаған. Бүгінде бұл шешімінің дұрыс болғанына көзі жетіп отыр. Өйткені, ұлының сырқаты жеңілдепті. Медицинада 12 жылдық тәжірибесі бар Гүлшат Жандарбекқызы бүгінде ауылда мейірбике болып еңбек етеді. Күйеуі медициналық-әлеуметтік мекемеде аспаз қызметінде. Үш баласының барын ескеріп, аталмыш отбасыға аудан билігі үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған.

- Бір облыстан екіншісіне қоныс аудару оңай шешім емес. Бірақ, еш өкінбейміз. Халық жылы қарсы алды. Жайлы пәтеріміз, жұмысымыз бар. Үйренісіп қалдық, - дейді Г.Ақназарова.

Облыс әкімі медициналық-әлеу-меттік мекеменің тыныс-тіршілігімен де танысты. Орталыққа біраз жөндеу жұмыстары жүргізілген. Десе де, мекеме басшылығы әлі жаңартуды қажет ететін жерлері барды алға тартып, 50 млн. теңге көлемінде қаржы қажет ететінін айтты. Жөндеу жүргізілсе, мұндағы орын санын 60-қа арттыру мүмкін болмақ. Бүгінде 250 емделушіні қабылдайды. Аймақ басшысы келесі жылы қаражат қарастырылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, дәрігерлер де жеткілікті екені белгілі болды. Тіпті, ақ желеңділер арасында қала- дан қатынап еңбек ететіндер де жетерлік. Осы ретте, облыс әкімі мекеме жанында бос тұрған үйлерді орталық қызметкерлерінің қолданысына беруді ұсынды.

Б.Бақауов жөндеуден өткен мек- тепке де бас сұқты. Жұмыстарға оң бағасын берді. Одан кейін салынып жатқан жол құрылысымен танысты. Автомобиль жолдарын жөндеу бойын- ша ауданның алдағы жоспарын тыңда- ды. Бұл ретте, аймақ басшысы шар- бақтылықтарға ең алдымен күре-жолдарды ретке келтіруге кеңес берді. Жолаушылар ағынын бір зерделеп, содан кейін ғана шешім қабылдау қажеттігін ескертті. Облыс әкімі жалпы аймағымызда автомобиль жолдары- ның 82 пайызы қанағаттанарлық жағ- дайда екенін де тілге тиек етті. Жыл сайын облыс қазынасынан 14 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп тұр. Енді оларды сақтау жағы басты назарда болады, деді облыс әкімі.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz