Тұтынушылық заңнамасы тұрғысынан алғанда сапасыз көрсетілген қызметтің тұтынушылардың құқықтарын қорғауды құқықтық реттеу тәсілдері және тетіктері бөлігінде сапасыз тауардан еш айырмашылығы жоқ.

ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 35-бабына сәйкес тұтынушы орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктерді тапқан кезде өз таңдауы бойынша:

1) орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді өтеусіз жоюды;

2) орындалған жұмыс (көрсетілген қызмет) үшін сыйақыны тиісті мөлшерде азайтуды;

3) сапасы дәл сондай біртектес материалдан басқа затты өтеусіз жасап беруді немесе жұмысты қайта орындауды (қайта қызмет көрсетуді);

4) тұтынушылардың кемшіліктерді жою құқығы шартта көзделгенде, оларды жоюға арналған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы.

Егер орындаушы орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса, не егер жұмыста (көрсетілетін қызметте) шарт талаптарынан ауытқулар немесе жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) өзге де кемшіліктер айтарлықтай және жойылмайтындай болса, тұтынушы шартты бұзуға және залалды өтеуді талап етуге құқылы.

Одан басқа, аталған баптың 1 және 2-тармақтарындағы талаптарды ескере отырып, жұмысты (көрсетілетін қызметті) қабылдаған кезде немесе оны орындау (көрсету), не Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген талаптар жұмысты (көрсетілетін қызметті) қабылдаған кезде кемшіліктерді табу мүмкін болмаған жағдайда - кепілді мерзім ішінде, жасырын кемшіліктер табылған жағдайда - бір жыл ішінде, ғимараттармен және құрылыстармен байланысты жұмыстарға қатысты, сондайжұмыс түріне қарамастан, орындаушы қасақана жасырған кемшіліктерге қатысты жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап үш жыл ішінде қойылуы мүмкін.

Тағы да есіңізде болсын, тапсырыс берген қызметтің орындалуы барысында, Сіз оның себеп-салдарын түсіндірмей-ақ, ол қызметтен бас тартуға құқылысыз. Бірақ Сізге оны көрсету кезіндегі орындаушының нақты шығынының орнын толтыруға тура келеді. Мәселен, Сіз туған күнге тортқа тапсырыс бердіңіз, бірақ күтпеген жағдайлар бойынша салтанат кейінге қалдырылды немесе мүлдем болмайтын болды да, Сіз тапсырыстан бас тарттыңыз. Сол арада кондитер Сіздің тортыңыз үшін қамыр даярлап қойды. Бұл жағдайда Сізге кондитерге келтірілген шығынды өтеуге тура келеді.

Тұтынушы орындаушыға немесе дайындаушыға өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты жою туралы және осы бұзушылықтардан тұтынушыға келтірілген залалды (зиянды) өтеу туралы жазбаша наразылықпен жүгінуге құқылы және оған күнтізбелік он күн ішінде жауап алуы қажет. Тұтынушы наразылыққа жауап беру мерзімі өткеннен кейін құқығының бұзылуын қорғау үшін сотқа жеке немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдық бірлестігі арқылы жүгінуге құқылы.

Айтылғанды қорыта келе, қызмет көрсету және жұмысты орындау бойынша келісімшартты жасасу кезінде сауатты бабын білу Сізді сапасыз қызмет көрсету мен жұмысты сапасыз орындаудан қорғайды, осыған байланысты сіздің уақытыңыз бен қаражатыңыз үнемделеді.

Павлодар облысының тұрғындары тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы туындаған сұрақтары бойынша Департаментке жүгініп, әр бейсенбі сайын өткізілетін «Ашық есік күндері» шеңберінде немесе 8 (7182) 321822 «Жедел желі» телефоны арқылы хабарласып, консультативтік-құқықтық көмек ала алады. Департамент Павлодар қаласы, Ак. Сәтбаев көшесі, 136, 412-кабинет мекенжайында орналасқан.

И.М.АХМЕТЖАНОВА, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы. (Мақалада «Біздің сарапшымыз» журналының ақпараты қолданылды)

saryarka-samaly.kz