Тұтынушылар киімді (көйлек, сөмке және т.б.) қатты ұнатып, ал сатып алуға ақша болмаған жағдай жиі кездеседі. Осындай жағдайда әдетте сатушы кепiлпұл қалдырып, киімді кейінірек, мысалы, бір аптадан кейін сатып алуға болады деген қызықтыратын ұсыныс жасайды. Сатушы өзінің ұсынысын тұтынушыдан алған нақты сомасы, алған күні мен шарттың күші көрсетілген, яғни тұтынушы қай уақыт ішінде киімді сатып алатынын растайтын қандай да бір құжатты әрдайым ұсына бермейді. Жағымсыз жайлардан өзіңізді сақтау үшін Сізге Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 337-бабына сәйкес уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылатынын білу қажет. Кепiлпұл туралы келiсiм кепiлпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Жазбаша нысанды сақтамау кепiлпұл туралы келiсiмнің маңызсыздығына алып келеді.

Мiндеттеменiң орындалуы басталғанға дейiн тараптардың келiсiмi бойынша не олардың кiнәсiнсiз-ақ оны орындаудың мүмкiндiгi болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепiлпұл қайтарылуға тиiс.

Егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шартта өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

Заңнама нормалары негізінде егер сатушы жазбаша нысанда жасалған келісім бойынша кепiлпұл алып тауарды сатса, онда ол Сізге кепiлпұлдың екi еселенген сомасын қайтаруға, сондай-ақ залалдың орнын толтыруға мiндеттi.

Осы норма жұмысты орындау және қызмет көрсету жағдайларында да қолданылады. Мысалы, мейрамханада іс-шараларды жүргізгені үшін кепiлпұл.

Сатып алушылар мен сатушылардың, қызмет жеткізушілер мен жұмыс орындаушылардың арасындағы қатынас Қазақстанда Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңымен және кейбірі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі. Мұнда тұтынушылардың құқықтары, оларды қорғау тәсілдері, және сатушылардың міндеттері туралы түпкілікті ақпарат қамтылған. Бірақ, сатып алушыларды алдайтын сатушыларды жауапкершілікке тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде қарастырылып, ішкі істер органдарының құзіретіне жатады. Тұтынушыларды алдағаны үшін әкімшілік жауапкершілік Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 190-бабында сауда қызметін және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын дара кәсіпкерлердің немесе ұйымдардың кем өлшеуі, таразыдан жеуі, есептен жеуі, тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтыну қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстыруы немесе өзгедей алдауы кәсіпкерлік субъектілерінің санаттарына сәйкес мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатыны көрсетілген.

Тиісінше егер тұтынушыны алдаса (таразыдан жеу, кем өлшеу, есептен жеу) немесе тауардың (көрсетілетін қызметтердің) тұтынушылық қасиеттеріне немесе сапасына қатысты тұтынушыларды жаңылыстырса, онда ол ішкі істер органына жүгіне алады.

Сонымен қатар, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласынан сұрақтар туындаған кезде Павлодар облысының тұрғындары әр бейсенбі күні өткізілетін «Ашық есік күндері» шеңберінде консультациялық-құқықтық көмек алу үшін Департаментке жүгіне алады немесе 8 (7182) 321822 «Жедел желі» телефоны арқылы хабарласа алады. Департамент Павлодар қаласы, Ак.Сәтбаев көшесі, 136, 412 кабинетте орналасқан.

Н.ӘУБӘКІРОВА, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімінің басшысы.

saryarka-samaly.kz