Таймас әулие - Түгел батырдың ұлдарының бірі. Түгел – XVIII ғасырда жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күрес дәуірінде оларға қарсы ту ұстап, әскер жинап, қол бастаған қыпшақ тайпасынан шыққан қазақ батыры. Аты аңызға айналған батыр бабамыздың тоғыз әйелінен туған 16 ұлдың арасынан халық арасында ерекше сый-сыяпатқа ие болғандары Байсерке абыз бен Таймас әулиелер еді. Ертіс өңірінің өлкетанушылары М.Жаманбалинов пен А.Бәделхановтың 1998 жылы жазған «Түгел батыр» атты еңбегінде Таймас әулиенің қыпшақтың Сағал руынан тарағанын, Түгел батырдың он алты баласының бірі екенін жазады. Бұл деректер халықтың ерекше ықыласына бөленіп, әулие атанған тарихи тұлғаның Ертіс өзенінің сол жағалауындағы жайылымдарды жайлаған елдің тумасы екенін анықтайды.

Халық арасында Таймастың керемет қабілеттері есте сақталған, ол көріпкелдік қасиетке ие болған, сонымен бірге халық ағарту ісімен айналысқан екен. Қайтыс болғаннан кейін қыпшақтың қасиетті әулиесінің жерленген жеріне адамдар дұға оқып, тағзым етуді дәстүрге айналдырған.

Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта Таймас әулиенің басына арнайы барып тәу ететіндердің қатары көбейе түсті.

Әулиенің көріпкелдігі, қасиеті жайлы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер баршылық. Солардың бірі мынадай: ертеде жолаушылап келе жатқан Таймас алдындағы ауылда қатты қиналып жатқан біреуді сезіп, сол ауылға барады. Ауылдың көпшілік жиналып тұрған тұсына келгенде, бір адамның жаңа ғана дүние салғанын біледі. Ал, әулие болса шаршы топты қақ жарып үйге кіреді де, мәйітті айналып, қасиетті қамшысымен сырмақ үстін тартып-тартып жібереді. Қамшы жерге тиген сайын қаңқ еткен үн шығады. Көзге көрінбейтін бірдеңені қуып жүргендей, сыртқа шығып үйді айнала қамшылайды. Содан кейін, маңдайынан терін сүртіп үйге кіргенде, өлді деген адамның көзін ашып, одан кейін басын көтеріп алғанына жұртшылық куә болған екен.

Әзірлеген - Сая МОЛДАЙЫП.

saryarka-samaly.kz