Облыстық ауыл шаруашылығы басқар-масының басшысы Нұрболат Мақашевтің мәлімдеуінше, министрлікте бекітілген құжаттарда өзгеріс көп. Мәселен, бұрынғыдай «гектарлық» субсидиялау болмайды. Яғни, диқандарға 1 га ауыл шаруашылығы дақылдарының егістері үшін төлем алынып тасталды. Тек мақта, қызылша және күрішті қайта өңдеуге тапсырылған өнім үшін төлемнің жаңа жағдайлары енгізілген. Осы ретте, өңірімізде күнбағыс егумен айналысатын талай диқандарға жоспарын қайта қарауға тура келеді. Себебі, ертеректе оларға әр гектарына субсидия берілсе, одан кейін оның орнына тапсырылатын өнім көлеміне қарай жәрдем жасалатын. Енді мұның бірі де болмайды.

Есесіне, мал шаруашылығына басым- дық берілетіні байқалады. Мұнда 10 бағыт қосылып отыр. Мысалы, асыл тұқымды қой өсірумен айналысатын шаруаларға оны күтіп-бағуына, өсіп-өндіруіне әр басы үшін 10 мың теңге беріледі. Сонымен қатар, сүтті бағыттағы сиыр өсіруге ниеттілер үшін мол мүмкіндік жасалауда. Нақтырақ, айтсақ, сүтті сиырдың әр басы үшін 120 мың теңге қарастырылуда. Бұл сома сиырдың азығына кеткен шығындардың құнын арзандатуға бағытталған. 600 бастан астам сиыр ұстайтын тауарлы сүт фермаларына әр келісі үшін 35 теңге беріледі. Мал басы одан төмен болатындарға да қолдау бар. Тек мөлшері біршама аздау болмақ. Облыс әкімі Болат Бақауов дәл мұндай қолдау бұрын-соңды болмағанын атап өтті. Демек, сүтті бағыттағы сиыр өсіру тиімді десе болады, деді.

Сонымен қатар, жаңа ережеде ірі қара малды сою және алғашқы өңдеумен айналысатын қайта өңдеу кәсіпорындарында ет дайындау шығындарын азайту үшін сиырдың әр 1 кг етіне 175 теңге көле-мінде субсидия үлестірілмек. Қолдан ұрықтандыру, эмбриондарды трансплан- тациялау сынды қызметтерге де мемлекет- тік қолдау жасалмақ.

Нұрболат Мақашевтің айтуына қараған- да, тұқым шаруашылығында да субсидия-лаудың жаңа тетіктері пайда болды. Яғни, ауыл шаруашылығы тауар өндірушісіне немесе кооперативке өткізген элиталық және бірінші репродуктивтік тұқымдар үшін элиталық тұқым шаруашылықтарының шығындарын мемлекет толық мойнына алмақ. Нәтижесінде тұқым шаруаға арзанға түседі деп болжануда. Десе де, сала мамандары жаңашылдықтың соншалықты жемісті болатынына күмән келтірді.

Басқарма басшысы инвестициялық субсидиялау бағдарламасына да өзгеріс енгізілгенін мәлімдеді. Енді барлық бағыттар бойынша өтеу 25 пайыз болмақ. Тек жайылымдарды суландыру шығындарын өтеу бұрынғыша 80 пайыз көлемінде қалады. Аймақ басшысы жаңашылдықтарды мүдделі мекемелер мен азаматтарға егжей-тегжейлі түсіндіруді тапсырды.

Жалпы, биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 12,3 млрд. теңге бөлінген. Оның 5,5 млрд. теңгесі республикадан қарастырылса, қалғаны жергілікті қазынадан бөлінді. Бүгінде бұл қаражаттың 58 пайызы кәдеге жаратылған. Ал субсидия түріндегі қолдау 1699 агроөнеркәсіп кешені субъектісіне жасалды.

Осы ретте, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жоспардың орындалмай жатқаны сыналды. Әсіресе, Ақсу, Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарынан, Железин ауданынан өтінімдер түспеген. Аталмыш өңір басшыларына жуық арада жағдайды оңалту жүктелді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ

saryarka-samaly.kz